Қазақстандық-грузиялық жұп жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында канадалық Ребекка Марино – жапониялық Юки Наитомен кездесті. А.Данилина мен Е.Горгодзе басты бәсекеде 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Дода барысында олар алғашқы айналымда корт иелері Дженни Дерст – Себастьяна Скллипотидің 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Сосын ширек финалда украиналық Ангелина Калинина – ресейлік Валерия Савиныхтан айласын асырды – 7:6, 6:4.
Жартылай финалда қазақстандық пен грузиялық спортшы чехиялықтар Анастасия Детюк – Йохана Марковамен кортқа шықты. Бұл жұп ширек финалда осы жарыстың 1-ракеткалары белоруссиялық Лидия Морозова – румыниялық Кристина-Андреа Митуді 7:6, 3:6, 10:8 есебімен жеңіп кеткен еді. Дегенмен олар Данилина мен Горгодзеге қарсылық көрсете алмады – 2:6, 2:6.
Осылайша, қазақстандық теннисші соңғы бір жарым жылдағы алғашқы атағын иеленді. Ал спорттық мансабында 16-шы және ITF сериясындағы жұптық ойындарда 15-ші жеңісіне қол жеткізді. Данилинаның маусымдағы титулдар бойынша жеке рекорды алты жеңіс (2019-жыл) .
Сонымен қатар тағы бір қазақстандық жұп Александр Недовесов пен Андрей Голубев Хорватиядағы Сплит челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық жұп финалда Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен чемпиондық атақты сарапқа салды. Бірінші партияда қазақстандықтар басымдылық көрсетті – 7:5. Екінші сетте Польша жұбы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5). Шешуші тай-брейкте А.Недовесов пен А.Голубев жеңісті жұлып алды – 10:5. Тартысты бәсеке 1 сағат 46 минутқа созылды.
Ермұхамед Мәулен