Өткен демалыс күндері Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Қатардың Доха қаласында өткен WTA 1000 санатындағы турнирдің жұптық сынында жеңімпаз атанып, 1000 рейтингтік ұпайға қол жеткізді.
Ал, бүгін Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сындағы жаңартылған рейтингтерді жариялады. Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Дохадағы жеңісінен кейін әлемдік рейтингтегі орнын жақсартып, оныншы сатыдан жетінші орынға көтерілді. Бұл оның мансабындағы ең үздік нәтиже. Бұған дейінгі жетістігі 2025 жылғы 30 маусымда тіркелген сегізінші орын болатын.
Жұптық сында Топ-3 қатарына бельгиялық Элизе Мертенс, чехиялық Катерина Синякова және үшінші орынға көтерілген америкалық Тейлор Таунсенд енеді. Ол бұған дейін үшінші орында тұрған италиялық Жасмин Паолини мен Сара Эрраниді ығыстырды.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина үшінші орнын сақтап қалды. Юлия Путинцева сегіз сатыға төмендеп, 78-орынға түсті. Зарина Дияс үш саты төмендеп, 293-сатыға жайғасты. Жібек Құламбаева да екі орынға сырғып, қазір 390-орында тұр. Әлемдік рейтингтің алғашқы екі сатысы бұрынғысынша беларусьтік Арина Соболенко мен польшалық Ига Швёнтекке тиесілі.