Әншілердің кінәсін дәлелдемек болған адвокаттың басы дауға қалды

Ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар халықтан жалпы сомасы 200 млн теңге жинап алып, сан соқтырып кеткен. 

Әншілердің кінәсін дәлелдемек болған адвокаттың басы дауға қалды

Алматыда бір топ қорғаушы Адвокаттар алқасының мүшесі Тілеужан  Кішкенебаевты қолдап, баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

Пандемияға дейін қазақ шоу-бизнесі өкілдерінің арасында ұтыс ойынын ұйымдастырып, сыйлық тарату сәнге айналған еді. Олардың қатарында Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова, Ернар Айдар, Жазира мен Жанболат бастаған бір топ танымал тұлға бар. 

Кейін Ернар Айдар жарнамалаған ұтыс ойынына қатысты талай былықтың беті ашылды. Ұтысқа тігілген 4 автокөлік жалға алынғаны, Алматы қаласында пәтер және басқа да тұрмыстық техниканың іс жүзінде мүлде болмағаны анықталды. 
Көп ұзамай осындай лотореяларға қатысып, ақшаларын қайтара алмаған 50-ден аса жәбірленуші Алматы қаласы Адвокаттар алқасының мүшесі Тілеужан Кішкенебаевқа хабарласып, көмек сұраған. Қорғаушының айтуынша әншілер мен аталған ойындарды ұйымдастырушылар халықтан жалпы сомасы 200 млн теңге жинап алып, сан соқтырып кеткен. 

"2019 жылы Жазира мен Жанболат ұтыс ойынына жарнама жасады. Соған бір отбасы 6,5 млн теңге ақша салған. Бірақ кейін ол жабылып қалады да, халық ақшаларын қайтара алмаған. Роза Әлқожа да ойын ұйымдастырды. Ол да бірнеше автокөлік, үй тігіп, елді қатысуға шақырады. Бәрі әділ болады деп жарнама жасады. Оған да халық ақша салды, билет алды, сенді", – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Қорғаушының сөзінше кейін билет сатып алған азаматтарға ұйымдастырушылар одан да тиімді ұсыныс жасаған. Германия мен АҚШ-тан әкелінетін заманауи медициналық құралдарға инвестиция салуды сұраған. Нәтижесінде салымдарын 15 күннің ішінде еселеп қайтарамыз деп сендірген. Алайда қатысушылар қаражатын еселеп қайтару емес, берген сомаларын да, ұйымдастырушыларды да таппай қалған.

"Ойындарды ұйымдастырып жүрген Мәди мен Азат деген жігіттер. Әншілерді айналдырып жүргендер осылар", – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Осылайша Адвокаттар алқасының мүшесі Экономикалық тергеу департаментіне Ақбота Керімбекованың, Жазира мен Жанболаттың, Роза Әлқожаның және олардың артында тұрғандардың үстінен қылмысты істі қозғау туралы арыз жазған. Алайда тергеушілер тек бір адамның үстінен іс қозғаған.  

"Іске қатысты ешкімнен жауап алынбаған. Тергеушілер карантин басталып кетті, әншілер ауырып қалдық деген уәж айтқанын алға тартады. Бірақ инстаграмда олардың қалада жүргенін біліп отырдық. Тіпті әншілердің бірі хабарласып "неге қоймайсың" деп дөрекілік көрсетті", – дейді адвокат. 

Сондықтан қорғаушы тергеушілердің үстінен прокуратураға шағымданған. Олардан да көмек болмаған соң прокурордың үстінен де арыз түсірген. Бірақ көп ұзамай істің ақиқатын анықтаймын деп жүрген қорғаушының өзі істі болады. 
"2017 жылы бір іс бойынша адвокат болғанмын. Онда  учаскелік полицейдің қылмысы анықталады. Сол үшін ол үш жылға сотталып, іс жабылған еді. Жуырда ол іс қайта қаралып, 9 наурыз күні Алмалы аудандық соты мені кінәлі деп тапты. 499 мың теңге айыппұл салып, 3 жылға адвокаттық қызметтен босатты. Меніңше, бұл танымал адамдар мен прокуратураның ықпалымен жасалып отыр", – дейді Тілеужан Кішкенебаев.

Адвокаттың әріптестері бұл шешіммен келіспейді. 20-дан аса қорғаушы 2017 жылғы істе Тілеужан Кішкенебаевқа қатысты қылмыстық құрамның жоқтығын айтады. 

"Бұл жерде Тілеужан Жұмабекұлының мемлекет кепілдік берген тегін заң көмегін көрсету үшін кезекшілікке барған. Оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ. Мен оны ашық айта аламын. Соған қарамастан ол тергелді, айыпталды, сотқа барды, сот кінәлі деп шешім шығарды. Мен заңгер ретінде айта аламын, сот бұл жерде тәуелсіз, әділ шешім шығарған жоқ. Ол неге байланысты екенін білмеймін, бірақ тергеуде, сотта барлығы объективті түрде қаралуы керек", – дейді адвокат Нұрбол Батырбай. 

Енді әншілердің заңсыз әрекетін әшкерелеймін деп басы дауға қалған адвокат Жоғарғы сот пен Президентке үндеу жолдады. Ал егер қысым жалғаса берсе,ол өзінің жан айқайын Бірікке Ұлттар Ұйымына жеткізбек. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу