Антикор дабылы: Пара алғыш шенеунік көбейіп барады

5206

Қазақстанда аса ауыр коррупциялық қылмыстар саны да күрт өскен. Сотталған жемқорлар саны айтарлықтай артты. "Жаңа Қазақстанды қаптаған жемқормен қалай құруға болады" деген сауал туады.

Антикор дабылы: Пара алғыш шенеунік көбейіп барады

Бір жағынан алғанда, жыл өткен сайын тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілерінің саны тоқтаусыз азайып келеді. Тарата айтсақ, жемқорлыққа қатысты 2016 жылы – 2 807, 2017 жылы – 2 452, 2018 жылы – 2 375, 2019 жылы – 2 245, 2020 жылы – 2 193, 2021 жылы – 1 557 іс тіркелген.

Қоғам өзегіне түскен осы жегіқұртты жоюға көп орган жұмылдырылғаны мәлім. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр осы бағытта 1 037 іс (2020 жылы 1 632 іс болған, -37%-ға азайды), Ішкі істер министрлігі – 326 (371 немесе -12%), Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 89 (72 немесе -19%), прокуратура органдары – 78 (68 немесе -13%), Экономикалық тергеу қызметі – 21 (53 немесе +152%) іс қозғаған екен.

Соның ішінде ең көп таралуына қарай жемқорлық қылмыстардың антирейтингі келесідей:

  • І орында – пара беру: 2020 жылы 625, 2021 жылы 568 іс (-9%);
  • ІІ орында – пара алу: 2020 жылы 570, 2021 жылы 449 іс (-21%);
  • ІІІ орында – алаяқтық: 2020 жылы 316, 2021 жылы 160 іс (-49%);
  • IV орында – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету: 2020 жылы – 268, 2021 жылы – 116 іс (-57%);
  • V орында – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану: 2020 жылы – 193, 2021 жылы – 123 іс (-36%);
  • VI орында – парақорлыққа делдал болу: 2020 жылы – 42, 2021 жылы – 36 іс (-14%).

Қанша жемқор әкім және судья сотталды?

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін былтырғы жыл қорытындысында 892 адам сотталды (2020 жылы – 1 021 адам сотталған). Жемқорлығы үшін сотталғандар ішінде бірінші орында полицейлер, ішкі істер органдарының өкілдері тұр: 207-сі (254) темір торға қамалды. Екінші орында – жергілікті шенеуніктер, яғни әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері: 150-і (2020 жылы – 211) бас бостандығынан айырылды. Соның ішінде өткен жылы 5 әкім жемқорлығы үшін сотталды, бұл пандемия басталған жылғыдан әлдеқайда аз. Алдыңғы жылы 19 әкім түрмеге жабылған еді.

Үштікті Қаржы министрлігі тұйықтайды: 34 (67) қызметкері коррупцияға қолын былғап, костюм-формасын түрме киіміне ауыстырыпты.

Әрі қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі (2021 жылы 19, 2020 жылы 18 қызметкері парақор болған), Денсаулық сақтау министрлігі (16 және 5), ұлттық қауіпсіздік органдары (10 және 5), экономикалық тергеу қызметі (4 және 7), прокуратура (3 және 6) қызметкерлері тұр.

Былтыр 3 судья жемқорлығы үшін сотталды (2020 жылы 5-еуі).

Атап өтетін жайт, бұлар тек қылмыстары толық дәлелденіп, сот үкімі шыққаны ғана. Әйтпесе, коррупционерлерге қатысты көптеген іс сотта "шашылып" қалатыны жасырын емес.

Екінші жағынан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаңдататын бір мәселеге назар аударды.

"Сыбайлас жемқорлық қылмыстар құрылымында жыл сайын парақорлықтың үлесі өсіп барады. Оған пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу кіреді. Мысалы, 2015 жылы әрбір үшінші қылмыс қана парақорлыққа қатысты болса (2 733 істің 895-еуі), ал 2021 жылы – барлық істің 67%-дан астамы немесе 1 557 істің 1 053-ы парақорлыққа қатысты болды. Бұл мемаппараттың жұмысында "қауіпті аймақтардың" бар екендігі, олар бюрократия және күрделі рәсімдерден бастау алатыны туралы белгі береді", – деп түсіндірді Антикор.

Ведомствоның мәліметінше, жалпы статистиканың төмендегеніне қарамастан, Қазақстанда аса ауыр, яғни аса ірі сомадағы коррупциялық қылмыстардың саны 10%-ға, жемқорлығы үшін ұсталғандардың саны – 10%-ға (216-дан 235-ке дейін), тұтқындалғандардың саны 13%-ға (197-ден 223-ке дейін) және бас бостандығынан айырылғандардың саны 7%-ға (269-дан 289-ға дейін) көбейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өз жұмысын енді "көп деңгейлі  әрі жүйелі жемқорлықты, заңдастырылған қылмыстық схемаларды және ірі жымқыруларды анықтап, жолын кесу үшін терең әзірлемелер жүргізуге бағыттап" жатқанын мәлімдеді.

Нәтижесінде, бизнеске заңсыз араласудың 91 фактісі, көлеңкелі экономика субъектілеріне "крыша" болудың 66 фактісі әшкереленіп, жойылыпты. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 82 фактісі анықталды. 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді (2020 жылы Антикор бірде бір ҰҚТ-ны таппаған болатын).

Парақорлар коррупцияның небір жаңа схемаларын ойлап табады. Мысалға, Нұр-Сұлтанда көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері 500 млн теңгеге көлікті техникалық байқаудың (техосмотр) 260 мыңнан астам жалған диагностикалық картасын беруді ұйымдастырған.

Шығыс Қазақстан облысында "Семей орманы" резерватының басшылары және басқа 16 адамнан тұратын топ орманды "санитариялық кесуге" рұқсат бергені үшін пара алды. Салдарынан бірегей қарағайлы орманның үлкен бөлігі оталған.

Қостанайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (автоцон) қызметкерлері жүргізуші куәлігін алу бойынша жүздеген емтихан нәтижелерін қолдан жасады. Жүргізуші куәлігін сатып келген.

Коронавируспен күрес қаражаты тексерілуде

Антикор коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезіндегі жемқорлық көріністерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізді.

"2021 жылы КВИ-мен күрес саласында осындай 71 қылмыс анықталды. Олардың негізгі үлесі жымқыруға (55%), парақорлыққа (23%) және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану (7%) фактілеріне тиесілі. Бұл қылмыстардың ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында (11), Түркістан (8), Алматы (7), Ақмола (6), Қостанай (6) облыстарында және Алматы қаласында (6) анықталды", – деп қысқа қайырды антикоррупциялық орган.

Жалпы, Қазақстан коронавируспен күреске 6 триллион теңгедей қаражат жұмсағаны жарияланды. Осынша аста-төк соманың нақты неге шығындалғаны туралы Үкімет толыққанды, егжей-тегжейлі ресми түсініктеме бермеді.

Пандемия кезінде мектептер жаппай қашықтан оқытуға көшті. Көптеген әкімдік аз қамтылған отбасыларға тарату үшін компьютер-ноутбук, роутерлер сатып алды. Кейін олардың шектен тыс қымбатқа алынғаны әшкереленді.

"Оқушыларды онлайн оқыту үшін компьютерлік техниканы сатып алуды тексеру шеңберінде анықталған залалдың жалпы сомасы 15 миллиард теңгеден асты, 12 қылмыс тіркелді. Бұлар Нұр-Сұлтанда – 1, Алматы облысында – 4, Атырау облысында – 1, Қостанай облысында – 2, Маңғыстау облысында – 1, Павлодар облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 іс. Коррупцияға қатысты қылмысы әшкереленген тұлғалардың қатарында 4 өңірдің – Нұр-Сұлтанның, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының білім беру басқармаларының басшылары бар. Олар бюджет қаражатын құнын көтеру және сапасы лайықсыз компьютерлік техниканы жеткізу жолымен жымқырған", – деп түсініктеме берді Антикор.

Жалпы, антикоррупциялық қызмет 2021 жылы жемқорлар жеген 23,8 млрд теңгенің 20,4 миллиардын немесе 86%-ын кері "құстырған". Бұл тек бір органның тапқаны. Әйтпесе, мысалы, Есеп комитеті COVID-19 инфекциясымен бөлінген қаражаттардың ішінде 344 миллиард теңгесі талан-тараж болғанын анықтаған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазіргі кезде жемқорлықтың алдын алуға баса көңіл бөлінетінін еске салды. Мәселен, мемлекеттік тендерлерге мониторинг жүргізу арқылы жалпы сомасы 46,6 миллиард теңге бюджет қаржысының қолды болуына жол бермепті. Айталық, Агенттік СҚО-да көпір құрылысына берілген 18 миллиард теңгенің ұрлануының жолын кесіпті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу