Наразылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғимаратының алдында өз қолдарына кісен салды

5758

Алматы қалалық полиция департаменті емханасының бас дәрігері Әлия Сармасаеваның екі қызы мен адвокаты астанадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне келіп, наразылық акциясын ұйымдастырды.  

Наразылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғимаратының алдында өз қолдарына кісен салды

Жиын барысында прокуратура, полиция, Антикор қызметкерлерінің өздері пара берген болуы мүмкін екені және олардың жазасыз қалу ықтималдығы бары айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Олар Әлия Сармасаеваны тергеу изоляторынан қолхатпен босатуды сұрайды. Бұған дейін пара алу бойынша күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың жалғызбасты әйел екені ескеріліп, үйқамаққа жіберілгенін алға тартады.

"Менің қорғауымдағы адам да жалғызбасты. Қазақстанда жалғызбасты әйел Хаменова ханым ғана ма? Оның балалары бар болса, менің қорғауымдағы адамның да екі қызы бар. Оны қамау арқылы қыздарына қиындық туғызып отыр. Үлкен қызы сағат 11-12 кезінде анасымен небәрі 10 минут кездесу үшін таңғы сағат жетіден кезекке тұрады. Күнде солай қайталанады", – дейді адвокат Сәуле Көбжанова.

Оның айтуынша, бас дәрігер Сармасаеваға қызметкері (терапевт) шағым жасаған. Емхананы Антикор жасырын бейнебақылау арқылы үш ай бақылаған. Сонда 179 пара алу фактісін (уақытша еңбекке жарамсыздық қағазы, яғни "больничный" ашып бергенін – ред.) анықтаған. Оның 173-інде аталмыш терапевтің ақша алғаны белгілі болған. Ол кінәсін мойындаған. Ал ол алты жағдайда параны бас дәрігермен бөліскенін айтқан. 

"Менің қорғауымдағы адам кінәні мойындамайды. Ол пара алған жоқ. Ол дәрумен сататын. Сол дәрумен ақшаларын төлеген эпизодтар бейнекамераға түсіп қалған. Небәрі бес мың, екі мың теңгелер ғана. Бейнекамерада бәрі анық көрініп тұр. Бала-шағаны асырау үшін дәрумен сатқанын растаймыз және бұл дәрумендерді тергеушілер тергеу барысында алып қойғаны мәлім. Жалғызбасты әйелге бала асырау бүгінгі таңда оңай ма? Бізде тіпті осы іс барысында кепілге қоятын дүние болмады. Өзінің үйі жоқ, жалдап тұрады", – дейді адвокат Көбжанова.

Сармасаеваның қыздары наразылық белгісі ретінде қолдарына кісен салып, оны тартып үзді. 

"Анамызды заңсыз бостандығынан айырды, сол арқылы біздің де бостандығымызды шектеп отыр", – деді қызы Айжан.

Жиналғандарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Данияр Бекайдаров шығып, тексеру жүріп жатқанын растады. Адвокаттың арыз-шағымына жазбаша қабылдап, қарауына алатынын айтты. 

Адвокат өзіне Антикор тарапынан қысымдар жасалып жатқанын айтады. 

Оның айтуынша, аталмыш ауруханада Антикордың өз қызметкерлері, полиция мен прокурор сынды күштік-құрылымдардың адамдары тіркеуде тұр. Ол пара бергендер жазасыз қалуы мүмкін деп күдіктенеді. 

"Алматы полиция департаментінің емханасына біздің (Антикордың – ред.) қызметкерлер тіркеуде тұр ма, жоқ па – оны нақты айта алмаймын...", – дейді Данияр Бекайдаров.

Бірақ астанадағы полиция емханасында Антикор қызметкерлері тіркелгенін растады. 

Ол пара ұсынғандар жазасыз қалмайтынына сендіреді. Бірақ терапевтке қатысты істі қазір Антикор қарап жатпағанын, оны қарау полиция тарапына берілгенін айта кетейік. Өйткені терапевт лауазымды тұлға емес, заң бойынша, оның ісін полиция қарайды.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу