Антикор жатса-тұрса параны ойлайтын басшыларды әшкерелеудің жаңа тәсілін тапты

3591

Integrity check аясында шенеуніктер әдейі пара алуға "арандатылады". Бұл – әлемдік тәжірибе көрінеді.

Антикор жатса-тұрса параны ойлайтын басшыларды әшкерелеудің жаңа тәсілін тапты Фото: canva.com

Бұрынғы жылдары Қазақстанның құзырлы органдары ұсталған жемқорлар саны жөнінен "жарыс" өткізіп тұратын. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен керісінше, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға баса мән беріледі екен.

Осы орайда республикада елең еткізерлік халықаралық тәжірибе енгізіліп жатыр. Ол – Integrity check деп аталады.

Шетелде шыңдалған бұл тетіктің тәсілі бір қарағанда қарапайым. Қолында құзыры бар мемлекеттік қызметшіге, басшыға қандай да бір "бизнесмен" (тендер қатысушысы, әлеуетті өнім беруші, соттасушы тарап және басқасы) шығып, нақты бір мәселені "бармақ басты, көз қысты" жолмен реттеп жіберуді ұсынады. Егер сыналушы шенді келісе қойса, оның пара алуға бейімділігі әшкере болады. Сынақ сонымен доғарылады. Одан сүрінгендер жұмыстан қуылуы мүмкін.

"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтау және қудалау үшін бірқатар елдер Интегрити чек тетігін пайдаланады. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің парасаттылығын тексереді немесе тестілейді. Оның аясында лауазымды тұлғалар алдын ала хабардар етілмей, әдейі имитацияланған, модельденген жағдайларға тап болады. Сөйтіп, олардың әрекеттері әдеп нормалары мен лауазымдық рәсімдерге сәйкес келе ме, жоқ па, соған тексеріледі. Оған қысым жасалмайды. Тест тек сынақтан абыроймен өтуіне немесе одан сүрінуіне ерікті таңдау береді. Тестте сәтсіздікке ұшырауының салдарларының ауырлығына қарай сыналушы тәртіптік жазалануы, жұмыстан шығарылуы немесе қылмыстық қудалалануы мүмкін", – деп түсіндірді Антикор.

Осылайша, Интегрити чек тестілеуіндегі айқындаушы фактор – жағдайдың сценарий бойынша қолдан туындатылуы, жасанды сипаты. АҚШ, Еуропа елдерінде мұның жемқорды ұстауға бағытталған шынайы операция емес, модельденген жалған оқиға екені алдын ала құжатталады. Оның кейбірінде мұндай тестілеуден өте алмаған шенеуніктер пара дәметкені үшін тұтқындалмайды, қызметінде төмендетіліп, ешкім пара бермейтін қызметке түсіріліп жатады. 

Қандай жағдайда қылмыстық іс қозғалуы мүмкін?

Халықаралық тәжірибе бойынша сынақтан сүрінген тұлға туралы ақпарат прокурорға беріледі. Ол қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтауға тиіс. Мұндай сипат анықталса, прокурор қылмыстық қудалауды бастайды және тексеруден өтпеген адамға қатысты арнайы жедел-іздестіру, бақылау, тыңдау тетіктерін пайдалануға рұқсат беріледі.

Бұл ретте тестілеу нәтижелерін қылмыстық тергеуде дәйектеме ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді. Оның жемқор екенін дәлелдейтін нақты айғақтар табылуы шарт.

Әйтпесе, ол адам жұмысын адал атқаруы, бірақ өмірлік қиын жағдайға тап болғандықтан, бір мезет әлсіздікке берілуі мүмкін. Сынақ кезінде ол пара алуға келіскенімен, шынында оған пара ұсынылмайды. Тек қарау ниеті әшкереленеді. Егер ол тұлға әрі қарай өзгелерден пара сұрата бастаса, онда заңсыз жолға түскені.

Ал егер прокурор сынақтан сүрінгеннің ісінен қылмыстық іс-әрекет белгілерін анықтамаса, онда оған қатысты тест ақпараты мен материалдары тәртіптік немесе әкімшілік жазалау үшін оның басшысына беріледі.

Яғни, парасаттылыққа тексеру барлау қызметіне ұқсас. Америкада мысалы, осы мақсатта тексерілетін ұйымға уақытша "бүркемеленген қызметкер" (сотрудник под прикрытием) ендірілуі мүмкін. Пара көрсе, ақ жолдан таятын лауазым иелерін де сол арандатады.

Сонысымен бұл тетік дәстүрлі антикоррупциялық тергеу құралдарынан ерекшеленеді. Өйткені дәстүрлі құралдар бұрын болған немесе жоспарланып отырған сыбайлас жемқорлық қылмыстарын қарастырады.

Алдыңғы қатарлы елдер парасаттылықты тексерудің 2 түрін қолданады. Біріншісі іріктеу жолымен жүргізіледі. Онда кез келген мемлекеттік мекемеде, бөлімшеде, басқармада кез келген лауазымды атқаратын адам сыналады.

Екінші түрінде сынау тек нысаналы, таргеттелген түрде жүргізіледі. Яғни, коррупцияға қолы мен арын арамдағаны жөнінде күдікке іліккен, үстінен шағым түскен тұлғалар ғана тексеріледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен БҰҰ Қылмыс және сот төрелігі мәселелері жөніндегі өңіраралық ғылыми-зерттеу институты (ЮНИКРИ) бірлесіп дайындаған БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына техникалық нұсқауда Integrity check тетігіне жоғары баға берілген. Оның "сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да, коррупционерлерді тауып, қудалауға да ықпал ететін әдіс екені және сыбайлас жемқорлықты тежеуде тиімділігі мен пәрменділігін дәлелдегені" айтылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Integrity check Қазақстанда былтырдан бері сынақ түрінде қолданыла бастады. Алда ол заң жүзінде бекітілген міндетті тетікке айналады деп күтілуде.  

"Агенттіктің және оның аумақтық органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерінің парасаттылығын тексеру үшін "Integrity Check" пилоттық жобасы 2022 жылғы шілде айынан бастап іске асырылып жатыр. 2022 жылы 500-ден астам тексеру өткізілді. Оның нәтижелері аталған құралдың жоғары превентивтік, алдын алушы әлеуетін растап отыр. Антикор қызметкерлерінің 83%-ы немесе 544 тұлғаның 449-ы тексерістен табысты өтті. Бұл ретте тіпті тексеруге ілікпеген 54 қызметкер үшінші тұлғалар тарапынан параға қатысты ұсыныстар түскенін өздері хабарлады", – деп мәлім етті Антикор мамандары.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда жекелеген құқық қорғау органдарында Интегрити чек тетігінің пилоттық сынағы басталғалы, яғни 2022 жылғы шілдеден бері біраз оң нәтижеге қол жеткізіліпті.

Біріншіден, ішкі істер органдары қызметкерлерінен өздеріне пара беру әрекеттері болғаны туралы хабарламалардың саны 7 есеге жуық өскен. Нақтыласақ, Ішкі істер министрлігінде парасаттылықты тексерудің пилоттық жобасы енгізілген соң әлгіндей хабарламалар саны бұрынғы 72-ден биыл 478-ге дейін күрт артты.

Екіншіден, 2023 жылы патрульдік және көші-қон полициясында сыбайлас жемқорлық деңгейі тиісінше 41% және 76% төмендеген. Себебі, мәселені "базарсыз", "ың-шыңсыз" шешуді ұсынып тұрған адамның шынымен пара беруші екенін, әлде мұның Интегрити чек аясындағы тексеру екенін білмей, дал болған қызметкер одан бас тартуға бейім тұруы ықтимал.

Үшіншіден, Антикордың өзінде де үшінші тұлғалардың пара ұсынғанын хабарлаған қызметкерлер саны былтырдан бері "ондаған есе өсті".

Антикор "Парасаттылықты (Integrity check) тексеруді жүргізу туралы" заңының жобасын әзірледі. Бұл ретте Парасаттылықты тексеру институтын тек құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты енгізу қолдау тауыпты. Сонымен бірге тексеруден өтпегендерді қылмыстық және әкімшілік жазаға тартпау бекітілмек.

Бірақ жемқорлықпен күреске серпін беру үшін Парламент депутаттарының мұндай шектеулермен келіспей, сол сынақты биліктің барлық тармақтарына таратуға өкілеттігі бар. Өйткені парасаттылық тек құқық қорғау органдарынан ғана емес, биліктегі әрбір шенеуніктен талап етілетін қасиет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу