АӨСШК-те ақсақалдар кеңесі құрылды

1445

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды.  

АӨСШК-те ақсақалдар кеңесі құрылды

12 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуі өтті. Жиынға бірқатар елдің сыртқы істер министрлері келді. Олардың қатарында Сергей Лавров, Руслан Қазақбаев, Әбдулазиз Камилов және тағы басқалары болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК кеңесіне қатысқан делегация басшыларымен кездесіп, мүше мемлекеттердің бәріне және Кеңес хатшылығына Қазақстанның төрағалығы аясында жасалған өзара табысты іс-қимылдары үшін ризашылығын білдірді. 

"Өздеріңізге мәлім, біз АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың стратегиялық мақсаттарына негізделген бірқатар маңызды басымдықтарды айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация Азияның жаһандық істерді реттеудегі жаңа рөлін айқын көрсетеді. Бұл қадам Кеңеске мүше мемлекеттердің ірі құрлықтағы ортақ, бірыңғай және тұтас қауіпсіздіктің архитектурасын қалыптастыруға бейілді екенін нақтылайды", – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесте данагөйлер кеңесі құрылды, 

Мұндай органды құруға Кеңестің сыртқы істер министрлерінің алтыншы кездесуінің қатысушылары қолдап дауыс берді. 

"АӨСШК-тегі ақсақалдар кеңесі туралы құжат қабылданды. Құрметті әріптестер! Мен АӨСШК-те жаңа институт құрылғанына байланысты сіздерді құттықтаймын! Бұл – АӨСШК-ті дамытуға қатысты ауқымды мәселелер бойынша, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ АӨСШК қызметінің бағыттары мен басымдықтары бойынша жоғары деңгейдегі маңызды кеңес беретін орган. Қазақстан осы шешімдердің барлығын дереу жүзеге асыруға кірісуге дайын", – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин. 

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның данагөйлер кеңесінің басшысы лауазымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. 

Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес – Азиядағы тұрақтылық, қауіпсіздік және бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша серіктестікті нығайту жөніндегі халықаралық форум. Қазіргі таңда Кеңестің құрамында 27 мемлекет бар. 5 халықаралық ұйым мен 9 ел бақылаушы ретінде қатысып жүр. Форум Қазақстанның ұсынысымен 1992 жылы құрылған еді. Оның секретариаты Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Табиғат Нұрболат
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу