Апатты үйлер абыройымызды асқақтатпайды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3078

ЭКСПО-2017 көрмесінің туристерін 1947 жылы салынған үй қасқайып тұрып қарсы алады.

Апатты үйлер абыройымызды асқақтатпайды

"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дейін Астана қаласының теміржол вокзалы мен сапаржай вокзалының жанына орналасқан апатты жағдайдағы үй сүрілуі тиіс. ҚКХП Астана қалалық комитетінің хатшысы, қалалық әкімдік жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Нұрдәулет Оразханов осылай деп дабыл қақты.

Оның сөзінше, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының мәжілістегі  депутаттары 2009 жылдан бері елорданың апатты жағдайдағы үйлерін сүруді күн тәртібіне қойып келеді. Мақсатқа жету үшін үкіметке депутаттық сауал жолданып, тұрғындармен кездесулер өткізілген және бастамашыл топ құрылған. Нәтижесінде коммунистердің ерекше назарында болған Кенесары, Сембинов, Құтпанов көшелеріндегі апатты жағдайдағы үйлер жойылып, тұрғындар жаңа баспанаға қол жеткізген. Ал Астана қаласының теміржол вокзалы мен сапаржай автовокзалының жанына орналасқан апатты жағдайдағы үйдің мәселесі шешілмей, назардан тыс қалған.

Жергілікті атқарушы билік үйді "ЭКСПО-2017" көрмесінен кейін сүрейін деп отыр. Бұл – халықаралық жиынға келген туристер қаланың кіреберіс қақпасында тұрған алқам-салқам үйді көреді және сол арқылы Қазақстан туралы түсінік қалыптастырады деген сөз. Осы турасында Нұрдәулет Оразханов:"Бізге Гете көшесіндегі 12-ші үйдің тұрғындары шағымданып келді. Олар апатты жағдайдағы үйде тұру мүмкін еместігін,  бұл жерді амалдарының жоқтығынан паналап отырғандығын, түптің түбінде үй құлап, оқыс оқиға орын алса, адам шығыны ықтимал екенін алға тартты. Сонымен қатар тұрғындар өмірлеріне қауіп төндіріп тұрған үйдің не себепті биыл сүрілмейтінін түсінбейтіндерін жеткізді. Бұл үйдің мәселесі  2012 жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда құзырлы органдар асығар емес. Үй 1947 жылы салыныпты, сапасы мүлде сын көтермейді. Қабырғаларының қаусап тұрғаны соншалық, қол тисе балшығы сауылдап тұр. Үйдің іргетасы жарылып, төбесі тесілген. Мұнда адамдар жаңбыр жауған күні түней алмайды. Ал күнделікті өмірде тұрғындар "үйдің төбесі опырылып кетіп, жазатайым болмаймыз ба?" деген үрей құшағында қорқып-үркіп отырады", – дегенді айтты.

Нұрдәулет Оразхановтың аталмыш мәселемен бармаған жері, тоздырмаған табалдырығы қалмапты. Сөйтіп жүріп, бұл үй биыл сүрілмейтінін, бұйыртса, "ЭКСПО-2017" көрмесінің туристерін қасқайып қарсы алатынын анықтапты. Осы жайында ол: "Ақылға сыйымсыз бір нәрсе бар, түптің түбінде бұл үй сүрілетін болса, оны шетелдіктерге көрсетіп масқара болмай, биылдан қалдырмай неге сүріп тастамайды? Қазақстанның беделі мен атақ-абыройына кір келтіру кімге қажет? Астананың бір қиыры саналатын Өндіріс кентінде 1970 жылы салынған үйден бұрын теміржол вокзалы мен автовокзалына қарама-қарсы орналасқан, жетпіс жылдық тарихы бар апатты үйді сүру қисынды емес пе? Бұл үй сүрілсе, біріншіден, өміріне қауіп төніп тұрған адамдардың мәселесі шешіледі. Екіншіден, шетелдік туристердің алдында ұятқа қалмаймыз. Үшіншіден, дәл осы үйдің орнына теміржол вокзалы мен сапаржай автовокзалының алдында үнемі кептеліс жасайтын көлік иелеріне автотұрақ салуға болады", – деді.

Ал Астана қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Асхат Елеужанов жыл соңына дейін 111 үй сүрілетінін және апатты жағдайдағы үйлерді паналаған 1700 отбасыға қаланың басқа ауданынан баспана берілетінін айтып отыр.

"Іс барысында өткен ғасырдың 40-70 жылдары салынған үйлер сүріледі. Айта кетерлігі, жаңа баспана берілгенде тұрғын үйдің бөлмесі мен отбасы мүшелерінің саны есепке алынбайды, тұрғын үйдің жалпы ауданы ғана ескеріледі. 2013 жылдан бері елордада 117 апатты жағдайдағы үй сүріліп, 1500 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Бүгінгі таңда елорда  тұрғындарының арасында апатты жағдайдағы үйлерді сүру жұмысы ЭКСПО көрмесімен байланысты деген жаңсақ пікір бар. Ескі үйлердің сүрілуі жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыс. Бұл істің халықаралық көрмеге еш қатысы жоқ", –деді Асхат Елеужанов.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу