Аппарат басшысы мас, басқарма басшысының аузы лас

3861

Шектен шыққан шенеуніктер әдеп кеңесі басшысының ескертуімен жазадан құтылып кетіп жатыр.

Аппарат басшысы мас, басқарма басшысының аузы лас

Балқаш қаласы әкімінің аппарат басшысы Болат Асылбеков мас күйінде көлікпен көше кезіп жүрген кезінде ұсталды. Оның қызметтік көлігі түнгі сағат 3-те жол полициясының назарына іліккен.

Тексеру кезінде Болат Асылбековтың ішімдік ішкені анықталған. Сорақысы сол, аппарат басшысы тәртіп сақшыларына күш көрсетіп, "қырам-жоям" деп қоқан-лоқы жасаған.

Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Болат Асылбековтың  заңға қайшы  әрекеттерін растады. Ал шенеунік "полицияға күш көрсетті" деген айыпты мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Ақыр аяғында оған тәртіптік кеңес тарапынан қатаң ескерту жасалды.

Айта кетейік осыдан ай бұрын ғана Балқаш қаласы әкімшілігінің қызметкері саунада төбелес шығарғаны үшін жазаланған болатын. Осы жайттарды ескерген облыстық әдеп кеңесінің басшысы Жандос Сәрсенов Балқаш  қаласының әкімі Александр Аглиулинге "қызметкерлеріңізді тәртіпке шақырыңыз!" , – деді.

Ал Жезқазған қалалық әділет басқармасының басшысы әдепсіз қылығына жауап беріп жатыр. Аузынан "ақ ит кіріп, көк ит шығатын" Жангелді Байділдиннің үстінен  қарамағындағылар шағымданған. Олардың айтуынша, басқарма басшысы үнемі қызметкерлердің ар-намысына тиіп, боқтап, балағаттайды екен. Бұған қоса басқарма басшысы қарапайым қызметкерлерді заңсыз әрекеттерге итермелеп отырған көрінеді. Бұған дейін Жангелді Байділдинге облыстық әділет департаментінің басшылары қызметтік этикаға сай жұмыс атқару қажеттігі жайлы ескерту жасаған. Алайда ол бірде бір ескертпені құлағына ілмеген.

Әдеп кеңесінің мүшелері басқарма басшысына ескерту жасады. Енді ол қатаң бақылауда болады. Кеспірсіз қылығы тағы да қайталанатын болса, Жангелді Байділдин жылы орнынан жылжиды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл Қарағанды облысында заңға қайшы әрекет етіп отырған шенділердің алғашқылары емес. Біз Аbctv.kz  порталында 28-ші сәуір күні "Байқамай, өзіме 270 мың теңге аударып жіберіппін" деген тақырыппен жарық көрген мақалада Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы Хамзат Жаналиннің заңды белшесінен баса отырып  өзіне 270 мың теңге сыйақы аударып жібергендігі үшін шатылып жатқанын, Қарағанды облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын  бақылау басқарамасының басшысы Саяш Ахметовтың қол астындағы  қызметкерлерін негізсіз жазалағаны үшін ескерту алғанын және Қарағанды қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сабыржан Дәуітбергенов  сот  ісіне қатыспағаны үшін әдеп кеңесінің тезіне салынғанын жазған болатынбыз.

"Заңды белден басқан Балқаш, Жезқазған қаласындағы шенеуніктерге "этикалық нормаларды бұзған" деген жеңіл айып тағылды. Алдағы уақытта заңда  көрініс табатын өзгерістерге сәйкес, жоғарыдағыдай әрекетке барған басшылар ескертусіз қызметінен босатылады. Қажет болған жағдайда олардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, – деді Қарағанды облыстық әдеп кеңесінің төрағасы  Жандос Сәрсенов.

Аяжан Ералықызы  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу