Apple енді қандай iPhone шығаратыны белгілі болды

4895

Apple iPhone телефондарының үш жаңа түрі мен соңғы жылдардағы ноутбуктардың ең үлкенін өндіруге дайындалып жатыр.  

Apple енді қандай iPhone шығаратыны белгілі болды

Таяу апталар мен айларда Apple Inc. компаниясы жаңа жабдықтар шығаруға әзірленіп жатыр. Олардың қатарында iPhone-дар мен өзгерген iPad және соңғы жылдардағы ең үлкен ноутбук бар.

Осы жағдаймен етене таныс адамдардың "Блумберг" агенттігіне айтып беруінше, Калифорнияның технологиялық алыбы келесі айда "айфонның" жаңа үш түрін жариялауды жоспарлап отыр. Бұл телефондар сатылымға қыркүйекте түсіп, төртінші тоқсанда олардың саудасы қыза түседі деген болжам бар.

Сонымен қатар, 2019 жылы iPad Pro-ның жаңартылған версиялары өзгеше түрдегі камераларымен, жеделдетілген чиптерімен пайда болады. Бұған қоса, Apple Watch-тың басқа түрі мен MacBook Pro ноутбугының соңғы үш жылда алғаш рет модернизацияланған версиясы дүниеге келеді. Аталған агенттікке сұқбат беріп, есімдерін атамауды өтінген мамандар AirPods пен HomePod тәрізді негізгі аудио аксессуарлардың да жаңаратынын мәлімдеді.

Дегенмен, Apple компаниясының өзі әзірге бұл жаңалықтар туралы бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түрде түсініктеме бермей отыр. 

Жаңа өнімдерден не күтуге болады деген сауалға келсек, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

iPhone

• Apple 2017 жылдан бергі дәстүр бойынша бұл жолы да үш түрлі айфон шығаруды жоспарлап отыр:  Pro үлгісіндегі iPhone телефондары iPhone XS, iPhone XS Max және iPhone XR модельдерін алмастырмақ.

• Про айфондардың негізгі ерекшелігі сол – олардың артқы панеліндегі жаңа камералар жүйесінде аса кең бұрышты фото мен видео түсіретін үшінші сенсор бар. Қосымша камера қолданушыларға масштабты кішірейтіп, көздеген кеңістікті мейлінше көбірек алуға мүмкіндік береді және де ол бір сәтте үш сурет түсіріп, кадрға абайсызда кірмей қалған адамды "қатарға" қосатын жасанды интеллекттің жаңа бағдарламалық жасақтамасына ие. Бұған қоса, жарық аз жерде түсірілген фотолардың сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарады.

• Pro смартфондардың видео жазу мүмкіндіктері кәсіби видеокамералардың мүмкіндіктеріне өте жақын. Сонымен бірге, Apple бұл гаджеттер үшін суреттерді өңдеуге, эффект қолдануға, бояуларды өзгертуге, видеоны түсіріп тұрып, кесуге мүмкіндік беретін функция жасақтады.

• Тағы бір жаңа фунцкия: сымсыз қуаттандыру жүйесі. Ол биылғы жылдың басында Samsung Electronics Co компаниясы өзінің Galaxy смартфондарына арнаған қуаттандырушыға ұқсас. Бұл жүйе бойынша, жаңа айфондардың артқы панеліне AirPods қуаттандырушысын қойып, батареясын толтыруға болады.

• Бұл айфондардың өңі алдынан қарағанда қазіргі модельдерге өте ұқсас. Экраны да тура сондай көлемде және де оның артқы панелінің кейбір түстері бұрынғыдай жалтыр емес, күңгірт. Сондай-ақ, қирауға қарсы технологияның арқасында бұл смартфондар ауыр соққыға әуелгі версияларынан да төзімдірек.  

• Pro модельдер жаңа көпбұрышты Face ID сенсорымен жабдықталады. Ол сенсорлар көбірек ауқымды қамтып, тіпті стөлдің үстінде жатқан "құлыптаулы" телефонды оңай ашуға мүмкіндік береді. 

• Apple келешек телефондарының суға төзімділігін күшейтті. Оларды су астында бұрынғыдай 30 минут қана емес, одан да ұзақ ұстауға болады.

• Сонымен қатар, iPhone XR-дің "ізбасарлары" суретті сапасын нашарлатпай үлкейтетін мүмкіндік пен сапалырақ портреттік режим функциясына ие.

• Жаңа айфондардың барлығының процессорлары қазіргіден жылдамырақ болады.

• Жаңа модельдердің ешқайсы 5G желісіне қосылмайды. Келесі жылғылары қосылады. Олардың үш өлшемді камералары да болады.

iPad:

• Жыл басында орта деңгейдегі iPad Air және iPad mini модельдерін шығарғаннан кейін, Apple компаниясы iPad Pro мен мектептерге арналған бюджеттік iPad гаджетін жаңартуды жоспарлап отыр.

• 11-дюймдік және12,9-дюймдік iPad Pro-лар жаңа айфондардікіне ұқсас жаңартылған камералармен, едәуір жылдам процессормен жабдықталады. Керісінше жағдайда, бұл айпадтардың қазіргі версияларынан айырмашылығы болмас еді.

• Мектепке арналған iPad-тың экранының көлемі 10,2 дюйм болады. Демек, Apple он жылға жуық қолданылған 9,7 дюймдік дисплейлі модельдерді енді сатпауы мүмкін. 

Apple Watch, AirPods, HomePod:

Apple Watch былтыр жаңартылып, өзге дизайнмен, үлкен экранмен шығарылғаны белгілі. Биыл оның watchOS 6 атты бағдарламалық жасақтамасы жаңартылып, корпусын жетілдіру аяқталады. 

• Бүгінде Apple компаниясы AirPods-тың да өзге түрін жасап жатыр. Оның бағасы қазіргідей 159 доллар емес, одан қымбатырақ болады деген болжам бар және де келесі жылы шығарылатын бұл құрылғыларға су өткізуге және шуға қарсы функция қосылған.

• Apple мамандары HomePod-тың арзан түрін жасап жатыр. Ол ендігі жылы саудаға түсуі керек.  Қазіргі моделі 300 доллар тұрады және ол жақсы сатылмай жатыр. Жаңа үлгісі бүгінгідей жеті емес, екі ғана твитерден (дауыс ұлғайтқыштың бір түрі) тұрады.

Mac: 

• Apple-дің жаңа MacBook Pro ноутбугының экранының диагоналы 16 дюймнан асады. Жақтаулары жұқа болғандықтан, оның жалпы көлемі қазіргі 15-дюймдік моделімен шамалас.

• Apple 2012 жылы 17-дюмдік MacBook Pro-сын өндірістен алып тастады. Сондықтан, оның биылғы ноутбугы компания үшін ең үлкен болмақ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу