Әлемде алдағы уақытта жойылып кететін тілдер белгілі болды

668

Бұл үрейлі дерек халықаралық ғалымдардың зерттеуінде айтылған.

Әлемде алдағы уақытта жойылып кететін тілдер белгілі болды Фото: canva.com

Австралия ұлттық университетінің (ANU) ғалымдары анықтағандай, әлем ұлттық тілдердің жаппай әрі кең ауқымды жойылу зұлматы туындайтын заманға аяқ басқан көрінеді.

Бүгінде әрбір 2 апта сайын 1 тіл өледі. Бұл құбылыс салдарынан төрткүл дүниеде мәдени-тілдік әралуандылық қарқынды түрде қысқаруда. Бұл туралы университеттің ресми сайтында хабарланды.

Зерттеу дерегінше, қазіргі уақытта әлемде 7 мыңдай тіл бар. Соның әрбір екіншісіне, 40%-ынан астамына жоғалу қаупі төніп тұр.

Ғалымдардың болжамынша, ХХІ ғасырдың соңына қарай дүниежүзіндегі тілдердің саны 5 есеге кеміп кетуі мүмкін.

Бұдан бөлек, соңғы 60 жылда бүкіл әлем бойынша тілдердің 30%-ынан астамы қолданылуды қойып, тіршілігін тоқтатқан. Жалпы үрдіс бұл проблеманың әрі қарай ушыққанын көрсетеді.

Австралия ұлттық университетінің ғалымдары кейбір тілдердің жер-жаһаннан лезде жоғалатынын айтады. Мысалы, табиғи апат салдарынан.

Қандай да бір арал цунами кезінде су астында қалса, немесе тұтас өртеніп кетсе, онда тұрған тұрғындармен бірге тілі де жер қойнына кетеді. Бұл мәселе жаһандық климаттық күйзеліспен бірге ушықты.

Сонымен қатар тілдер біртіндеп те жойылады. Оған әсіресе, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер әсер етеді.

"Айталық, әлдебір елде басқаларына қарағанда бір тілдің беделі артып, сол ғана кең сұранысқа ие болады. Салдарынан, ол басқа тілдерді саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірден ығыстырады, мәртебелерін отбасы аясында ғана қолданылатын тұрмыстық тілге дейін төмендетеді. Өз отбасынан алыстаған жас ұрпақ қажеттілік болмағандықтан, ол тілде сөйлеуді доғарады. Мұның бәрі азшылық ұлттардың төл ана тілдерінен айрылып қалуына соқтырып жатыр", – дейді австралиялық ғалымдар.

Мұндай теріс тенденция адамзаттың мәдени мұрасына жойқын соққы береді. Өйткені тілдер – ұлттық дәстүрлердің, тарихи жадтың және бірегей дүниетанымның ұстыны болып табылады.

Зерттеушілер ана тілін ұмытып, өзге тілге ауысып алған ("мәңгүрт") жастар өз ұлтының мәдени құндылықтарын, фольклорын да ұмытатынын еске салады.

Айта кету керек, ғалымдар жойылу қаупі төнді деп болжаған тілдер арасында қазақ тілі жоқ. Өйткені әртүрлі бағалаулар бойынша орта есеппен 10 миллиондай адам күн сайын қолданатын тіл "өлуі мүмкін тілдер" қатарына жатқызылмайды.

Ұлттық статбюроның дерегінше, 2021 жылғы соңғы халық санағының қорытындысында Қазақстан халқының 77,4 пайызы мемлекеттік қазақ тілінде еркін сөйлейтіні белгілі болды.

Ауызша түсінетіндерін қосқанның өзінде 85,5 пайыз шығады.

Нақты санда бұл 13 768 406 адам болған. Соның ішінде 8 472 661-і қазақ тілін күнделікті өмірде, жұмыста, отбасында қолданатындарын айтқан.

Халықаралық зерттеуде айтылғандай, жоғалу қаупіне әсіресе, Солтүстік және Орталық Американың, Батыс Африканың және солтүстік Австралияның тілдері душар болуда.

Ғалымдар тіпті бүгінде белсенді пайдаланылатын тілдер де таяу онжылдықтарда жойылып кетуі мүмкін екенін ескертті. Олардың құруы тек лингвистикалық шығын ғана емес, сондай-ақ бұл ұрпақтардың ғасырлар бойы жинаған мәдени байлығының, білімінің жоғалуын да білдіреді. Оған жеткізбеу үшін тілді дамыту шараларын үдеткен жөн.

Америкалық лингвист Сюзанна Ромэннің (Suzanne Romaine) болжамы австралиялық ғалымдардыкінен де үрейлі.

"100 жыл ішінде әлемдегі барлық тілдің шамамен 60%-дан 90%-ға дейінгісі жойылып кетуі мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде дүниежүзі халқының 80%-ы күнделікті өмірде 75 тілді ғана белсенді пайдаланады. Бұл – жаһандағы бүкіл тілдердің 1%-дайы ғана. Бүгінде 6 500 тілде әлем тұрғындарының небәрі 5%-ы сөйлейді. Ethnologue (2024) дерегінше, 10-нан да аз адам қолданатын 204 тіл бар. Ал, тағы 344 тілде енді 10-нан 90-ға дейінгі адам ғана тілдеседі", – деді Сюзанна Ромэн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу