Алматыда "Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының аясында әлемге әйгілі "Реал Мадрид" клубымен ойнайды. Бұл оқиға Қазақстан футболы тарихындағы айтулы кезеңнің бірі. Әйтсе де осы матч клубтардың мемлекеттік бюджетке иек арту арқылы емес, жаһандық тәжірибеге сай жекеменшік қаржымен ғана дамитынын дәлелдей түсті.
Өкініштісі сол, елдегі футбол клубтарының түгелге жуығы салық төлеушілерден жиналған бюджет қаржысына қол жайып, одан қалды нәтижесіз шетелдік легионерлерді шақыртып, құр ақша шашып келеді. Оның не сұрауы жоқ, шыққан биігі де білінбейді.
Қазір мемлекеттің өзі футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдетуге мүдделі. Биыл бар болғаны 4 клуб кәсіпкерлердің қолына өткен. Сондықтан Қазақстан футболы табысты индустрияға айнала алмай, кірістен қағылып отыр. Ranking.kz сарапшылары 2022 жылғы есеп бойынша, Қазақастандағы клубтардың 90 пайызы мемлекет есебінен күн көріп келген. Бір қызығы, ақшаны бөлген әкімдіктер командаларға нақты міндет қоймаған, яғни, көрсеткіштері маңызсыз саналыпты.
Осылай тегін ақша келіп жатқанда футбол клубтары еш дүниеге ынталы болмай шығады. Жастарды дамытуға инвестиция салмаған, тиімді басқарылмаған, жанкүйелермен байланыс орнатылмаған, не бизнес ретінде қаржы көздерін іздемеген. 2019-2025 жылдар арасында 18 команданы қолдау үшін бюджеттен бақандай 200 млрд теңге бөлінді.
Жыл басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов ол қаржының көп бөлігі легионерлерге жалақы төлеуге және басқа да тиімсіз шығындарға кеткенін мәлімдеді. Сонша ақшаға қарамастан, елде бар болғаны екі стадион салынған. Ал инфрақұрылымның жағдайы мүлде көңіл көншітпейді. Ең қызығы, елдің басты клубтарының бірі саналып келген "Астана" да өзгелерден қалыспай, бюджеттен 50 млрд теңге алдыртқан.
Биылдан бастап "Дене шынықтыру және спорт туралы" Заңға өзгерістер енгізілді. Оның аясында енді кәсіби клубтарды бюджет есебінен ұстауға шектеу енгізіліп, Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды. Жоғарыда атап өткеніміздей, 4 клубты жекешелендіру бойынша инвесторлармен алдын ала келіссөздер өткізілген. Олар: "Қызыл-Жар" ФК – "ЦАТЭК" компаниясымен; "Шахтёр" ФК – "Фридом Финанс" (стадион мен академия салу); "Жеңіс" ФК – Kaspi Group (клубты сатып алу және инфрақұрылым салу); "Қайсар" ФК – TAU GROUP LTD компаниясымен.
Бұған қоса, 2025-2030 жылдарға арналған футболды дамыту стратегиясының жобасы әзірленді. Бұл стратегия инфрақұрылымды жаңартуға және клубтарды жекеменшік қаржыландыруға көшіруге бағытталған. Футбол клубтарын жекешелендіру және жеке инвестицияларды тарту мәселесін Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров та бірнеше рет көтерген болатын. ҚФФ басшысы бір сұхбатында футбол клубтарын жекеменшікке өткізу – саланың тұрақты дамуы үшін қажет қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жекешелендіру тізіміне "Астана", "Ақтөбе" және "Атырау" клубтары енген, ал әлеуетті инвесторлар әртүрлі әріптестік форматтарын қарастырып жатыр.
Жыл сайын қазақстандық футбол клубтары орта есеппен 3 млрд теңге көлемінде бюджеттен қаржы алады. Алайда бұл қаражаттың басым бөлігі легионерлер мен шетелдік мамандарға жұмсалуда. Көптеген клубтардың өз инфрақұрылымы, академиясы, не стадионы жоқ.
Десе де аздаған жетістіктер де жоқ емес, 2025 жылдың маусым айында Қазақстан футбол федерациясы Alatau City Bank банкімен стратегиялық келісімге қол қойды. Осы келісімге сәйкес, 2025 жылдан бастап аталған банк федерацияның демеушісі болады. Бұған қоса қаржылық ұйым Қазақстан Премьер-лигасының титулдық серіктесі саналып, футбол және футзал бойынша ұлттық құрамалардың ресми демеушісі атанды. Енді олар кәсіби жарыстарды қаржыландырып, ұлттық құрамаларды қолдап, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бастамаларына қатысады.
2025 жылдың сәуір айында ҚФФ мен халықаралық DUOL компаниясы Қазақстан аумағында спорт инфрақұрылымын дамыту және стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық FIFA Arena жобасын іске асыру жөніндегі FIFA-мен келісімге алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және балаларды заманауи спорт инфрақұрылымымен теңдей қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған бастама аясында елімізде жалпы білім беретін мектептердің базасында 100 футзал алаңы салынады. Алғашқы алаңдар биыл Хромтау мен Көкшетау қалаларында ашылады, ал жобаны 2027 жылға дейін толық аяқтау жоспарланған.
Кейінгі жылдары FIFA мен UEFA қолдауымен Қазақстанда ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы (Талғар қаласында), Астанада Футбол үйі мен жабық манеж, Шымкентте "Биік" жеке базасы және Қостанайда "Тобыл" клубына арналған толық өлшемді жабық манеж салынды.
Футболы дамыған елдерде жеке инвестициялар футбол индустриясын көркейтіп отыр. Бұл тек спортты қолдау немесе бұқаралық спортты дамыту ретінде өлшенбейтінін білу керек. Елдің имиджін қалыптастырып қана қоймай, жұмыс орындарын ашады, кәсіпкерлердің табысы артып, бюджетке түсетін салық та көбейеді.
Мысалы, биыл жазда түркиялық клубтар өте қымбат, әлемде топ деңгей саналатын футболшыларды сатып алды. Ел тарихында болмаған өте қымбат ақшаларды жұмсады. Осы тұста сарапшылар экономикасы тұралай бастаған Түркия футбол индустриясын дамыту арқылы ілгері басуды көздегенін болжап жатыр. Яғни, клубтар жанкүйер жинайды, шетелдіктер жиі бас сұғып, қызмет көрсету саласына дем береді. Пайдасын мемлекет бюджеті де көреді. Қазақстан да осы көштен қалмай, ертеден қамдануы керегі анық болатын. Әйтсе де "ештен кеш жақсы" деп жұбанудан басқа амал жоқ.