Әр командада бір армян

2417

Чемпионатқа дайындалып жатқан командаларымыз қазір Түркия жағалауларын бетке алды. Ендеше маусымаралық үзілісте не қызық болып жатыр?!

Әр командада бір армян

Ел чемпионы "Астана" сапынан Сергей Хижниченко да кеткенін мәлімдеді. Осының алдында ғана Александр Мокин мен Серікжан Мұжықовтардың клуб қатарынан кеткендігі баспасөзге жария болды. Еліміздің алты дүркін чемпиондары өз командаларына жалда жүрген Дмитрий Непогодов, Сергей Малый, Марат Быстров, Сұлтан Сағынаев, Алексей Щеткиндерді қайтарып алды.

"Ертіс" командасының алғашқы жаңа ойыншысы болып қақпашы Сергей Черник тіркелді. Белоруссиялық қақпашы Чемпиондар мен Еуропа лигасында өнер көрсеткен тәжірибиесі бар. Ол белорус футболының алпауыты БАТЭ сапынан ауысты. Ол сонымен қатар, францияның "Нанси" командасында да ойнаған. Сонымен қатар, "Ертіс" Грузия біріншілігінің сұрмергені Левон Куталиямен де келісімге отырды. Ол өткен маусымда Тбилиси қаласының "Динамо" командасында 33 ойын өткізіп, 20 гол салыпты. Ал үшінші легионер ретінде аргентиналық жарыталй қорғаушы Пабло Хоакин келді. Ал орталық алаңға черногориялық Боян Санкович алынды. Ол спорттық ғұмырының басым бөлігін венгрияның "Уйпешт" клубында өткізген. Бұл жартылай қорғаушы өз командасының көшбасшысы болыпты деседі.

Қазақстан біріншілігнің тұрақты түрде күміс жүлдегері атанатын "Қайрат" Армения ұлттық құрамасының ойыншысы Камо Огонесянды сатып алды. 27 жасар ойыншы қорғанысты күшейту үшін алынып отыр. Өткен жылы ол "Жетісу" сапында жүргенде "Қайрат" бапкерлерінің көзіне түсіпті. Камо Огонесян осы жақында ғана Армения құрамасы сапында 50-ші ойынын өткізді.

Маусымаралық үзілісте көп трансфер жасап жатқан қызылордалық "Қайсар" екені даусыз. Өткен аптада команда қатарына көптеген футболшылар келіп қосылды. Алайда, оның барлығы қазір Стойчо Младеновтың алдында өздерін көрсетіп бағып жатыр. Ұнамдыларын болгар бапкері командаға алары анық. Ал әзірге нақты келісімге отырып қойған футболшыларға тоқталсақ. Ол ең алдымен қорғаушылар Бағдат Қайыров пен Елдос Ахметов. "Қайрат" командасынан ауысып келген Елдос Ахметов еурокубок ойындарына қатысқан тәжірибиесі бар. "Дала қасқырлары" биыл Еуропа лигасына қатысатынын барлығымыз білеміз.

Петропавл қаласының "Қызылжар" командасы Әли Әлиевтің кетуінен кейін оның орнына молдовалық бапкер Вячеслав Руснакты алдыртты. Ол 2004 пен 2010 жылдар аралығында қарағандының "Шахтер" клубында қорғаушы болды. Ал бапкер ретінде Руснак 2017 жылы Молдова біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Анталья қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына командамен бірге Берік Шайыхов, Александр Соколенко, Момоду Сиссей және Тимур Мульдиновтер барады.

Қостанайдың "Тобылы"  Қазақстан ұлттық құрамасының футболшыларын қатарына қосып жатыр. Осы жақында ғана клуб қатарына Темірлан Ерланов келіп қосылды. Григорий Бабаян қорғанысты күшейтуге бел шеше кіріскен сыңайлы, себебі оның артынша Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысы Сағадат Тұрсынбай да "Тобыл" жейдесін киді. Ол осыған дейін павлодардың "Ертісінің" намысын қорғап еді. Алайда, "Тобыл" сапынан литвалық ойыншы Артурас Жулпа кетіп қалды. Жартылай қорғаушы 2016 жылдан бері қостанайлық клубқа еңбек етті. Үш маусымда ол 120 ойынға қатысып, 7 гол салды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу