Әр турист Қазақстанға 400 доллар қалдырады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3007

Биыл елімізге шетелден 100 мың адам қыдырып келеді.

Әр турист Қазақстанға 400 доллар қалдырады

Бұл ең алдымен ЭКСПО көрмесінің арқасында мүмкін болатынын айтты "Қазтур" агенттігінің директоры Алтай Омаров.

"Әр туристің орташа жұмсайтын ақшасы шамамен 400 доллар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны 5-6 есеге артады. Негізінен шетелдік туристер Алматы мен Астанадан бөлек Көлсай көлі мен Шарын шатқалына көбірек барады", – деді агенттік директор.

Алтай Омаровтың есебінше, Алматыда әр турист күніне орта есеппен 50-70 доллар жұмсайды. Ал ЭКСПО - ға арнайы келген әр турист ел бюджетіне400 доллар тастап кетеді деген болжам бар.

Естеріңізге сала кетейік, әу баста ЭКСПО-ға 3 млн адам келіп, олар 5 млн билет сатып алады деп жоспарланған еді. Ал өткен аптада көрме басшылығы шараға келетін қонақтар саны 1 млн-ға кеміп, 2 млн-ға түскенін мәлімдеді. Елімізге келетін қонақтардың саны жалпы қонақтың 15%-ын құрайтынын ескерсек, шетелдіктердің саны 450 мыңнан 300 мыңға дейін қысқарғанын көреміз. Мұның өзі әзірге болжам ғана. Ал 5 млн билет өтеді деп уәде берген көрме басшылығы бүгінде тек 1,2 млн билеттің сатылғанын хабарлады.

Жоғарыда көрсетілгендей, әр турист 400 доллар жұмсайды деп есептесек, көрмеге келуші шетелдіктер Астана қазынасына 120 млн доллар қосады.

Айта кетейік, қазірден бастап Астанада пәтер бағасы қымбаттай бастады.  Бұл халыққа тиімсіз болғанымен, туристер есебінен ақша табатын кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінгі таңда Астанада жалдамалы пәтер құны әдеттегі бағадан 50-60 пайызға қымбаттап кеткені анықталған. Бұл әсіресе, ЭКСПО қалашығына жақын жерлерде айқын сезілуде.

"Жаз мезгілінде Астанада жалдамалы пәтер бағасының қымбаттауы орынды. Әдетте жаз басталғанда баға 20%-ға дейін ұлғаяды", – деді "Витрина недвижимости"  агенттігінің басшысы Ерғазы Мұсатаев. 

Оның айтуынша, әдетте айына 150 мың теңге шамасында тұратын екі бөлмелі үйлердің бір айға жалдау құны қазір 300-340 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен.

Өз кезегінде әкімдік бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. "Пайда табу үшін пәтерлерін шектен тыс бағаға өткізетіндермен нарық механизмі арқылы күрес жүргізіледі", –  деп хабарлады елорда әкімдігінің медиа-орталығы.

ЭСКПО-ға келетін шетел туристері әуежай мен теміржол вокзалдарының анықтама бюросынан қонақ үйлер мен хостельдердегі бос орындар мен олардың бағасы туралы мәлімет ала алатынын айтты Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова.

"Шетелдіктер ұшып келген соң ақпараттық дүңгіршіктер арқылы қонақ үйден алдын ала орын ала алады. Онда ағылшын тілінде қызмет көрсетіледі. Біз жалға беру құнын қадағалап отырамыз. Бұған дейін бағаны тұрақтандыру үшін пәтер пулы құрылды. Арзан баға бірінші кезекте, қымбат баға екінші кезекте қаралады", – деді Малика Бектұрова.

Айта кетейік, "Универсиада үшін Алматыға 30 мың турист келеді" дегенді айтқан Бауыржан Байбек шара аяқталған соң халықаралық спорт шарасына  2 мың, яғни 15 есе аз адамның келгенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар тапқан табыс та жоспарланғаннан әлдеқайда аз болған.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу