Анадолы басылымының жазуынша, әуежай да ұшақтарға қызмет көрсетуді уақытша кейінге қалдыруға мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, бірнеше араб елінің әуе компаниялары Сауд Арабиясына қатынайтын рейстерін уақытша тоқтатып отыр.
Бахрейннің Gulf Air әуе компаниясы 12-17 қазан аралығында Бахрейн мен Эр-Рияд арасындағы екі бағыттағы барлық рейсті тыйып тастады.
Qatar Airways соңғы оқиғаларға байланысты Эр-Рияд пен Даммам қалаларына қатынайтын рейстер уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық әуе тасымалдаушысы Etihad Airways Абу-Даби мен Эр-Рияд арасындағы барлық рейсті 19 қазан, дүйсенбіге дейін тоқтатты. Бұдан бөлек, компания сейсенбі және сәрсенбі күндеріне жоспарланған Абу-Даби – Даммам рейстерін, Абу-Дабиден Жиддаға қатынайтын кейбір рейстерді тоқтатқан.
Кувейттің Kuwait Airways әуе компаниясы Король Халид атындағы халықаралық әуежайдың уақытша жабылуына байланысты Эр-Риядқа қатынайтын рейстердің тоқтатылғанын растады.
Мысырдың EgyptAir әуе компаниясы әуежай жұмысы қайта жанданғанға дейін Каир мен Александриядан Эр-Риядқа ұшатын рейстер тоқтатылғанын хабарлады.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасы Король Халид атындағы халықаралық әуежайдың жұмысы қосымша хабарламаға дейін тоқтатылатынын ескертті.
Әуе қатынасындағы үзілістерге байланысты Сауд Арабиясының Қатар, Бахрейн, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Кувейттегі елшіліктері рейстердің тоқтатылуына байланысты еліне қайта алмай жүрген азаматтарын Эр-Риядқа жеткізу үшін автобус қатынасын ұйымдастырды.
Жаза кетейік, соңғы бір аптада Сауд Арабиясындағы 5 әуежайға он рет шабуыл жасалған. Салдарынан 20 адам жан тапсырып, жүздеген адам жарақат алды.