Араб әлемі соңғы апталарда Иракта, Ливанда, Мысырда және аймақтың тағы өзге елдерінде жаңа шерулерге куә болып отыр. Қалалардың көшелеріне сан мың адам шығып, экономикалық қиындықтарға, коррупцияға және әділетсіздікке наразылық білдірді.
Иракта өткен демонстрацияларда ондаған адам қаза тапса, Ливанда қаржылық жағдайдың нашарлауына қарсы акциялар бүкіл елге тарап отыр. Ал, Мысырда халық соңғы онжылдықтағы үшінші революция жасау ұрандарын көтерді. Бұның бәрі 2011 жылы Таяу Шығысты жылы лебімен емес, лап еткен жалынымен шарпыған "Араб көктемін" еске салып отыр. Сол кездегі төңкерістердің де катализаторы жастардың жұмыссыздыққа ашынуы, "тақта" тым тұрақтаған лидерлерге сенімнің сетінеуі, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық еді.
Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада қазір де тура сондай тұрақсыздық. Кейбір бақылаушылардың ойынша, жаңа көтерілістер кез-келген уақытта шектен шығып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл аймақтарға бүгінде әлем назары ерекше.
Ливан
Жексенбі күні Ливан премьер-министрі Саад әл-Харири экономикалық дағдарысты жеңілдету үшін реформалар пакетін ұсынды. Өйтпеске амал жоқ: халық бірнеше күннен бері шерулетіп, қазір биліктегі элитаға "отставкаға кет" деген талап қоя бастады.
Ливанда демонстрациялар WhatsApp тәрізді мессенджерлерге салық 20 центке өскеннен кейін басталды. Содан кейін сан мың адам көшелерге шығып, экономикалық дағдарыс кезінде төлемдердің көбеюіне, коррупцияға, елдің дұрыс басқарылмауына наразылық білдіріп жатыр. Шерушілер көшелерде от лаулатып, шенеуніктерді "ұрылар" деп атап, "Революция!" деп те ұрандатты.
Алаңдарда ту көтеріп толқыған халықтың бұл көрінісі 2011 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада төрт президентті құлатқан "Араб көктемі" төңкерістерін еске салады.
Харири елдің діни және саяси тайталастан ауызбірлігін жоғалтқан үкіметіне реформа жобасын мақұлдауға 72 сағат уақыт берді. Бұл құжатқа сәйкес, бұрынғы президенттер мен министрлердің, депутаттардың жалақысы 50 пайызға төмендеп, мемлекеттік институттар мен шенеуніктерге бөлінетін өзге де төлемдер қысқарады. Сонымен қатар, орталық банк пен коммерциялық банктер мемлекеттік бюджет тапшылығын жою үшін 3,3 млрд доллар көмек ұсынуға тиіс. Ал, қазынаға салмақ түсірген телекоммуникация секторы жекешелендіріліп, энергетика саласына бөлінетін субсидиялар қайта қаралады.
Шаттанған, өзгерістен үміттенген шерушілерге барлық жастағы ливандық пен түрлі діндердің өкілі қатысып, патриоттық ән шырқап, би билеп, үкіметтен биліктен кетуді талап етіп жатыр. Соңғы күндері фестивальға ұқсай түскен манифестациялар республика астанасы Бейрутте ғана емес, бүкіл елге тарады.
Наразы жұртқа сенсек, Ливан элитасы ондаған жылдар бойы өз қалталары мен баюды ғана ойлап, халықтың мұң-мұқтажын ескерусіз қалдырды және шенеуніктер халықты жұмыспен қамтамасыз ететін мемлекет құра алмағандықтан, балаларын шетелге жіберген.
Былтыр Ливан экономикасы небәрі 0,3%-ға өсті. Халықаралық валюта қорының дерегінше, елдің мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнен 155%-ға асуға жақын. Сонымен қатар көрші елдерден келген 1,5 миллион босқын да экономикаға айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.
Ирак
Сенбі күні миллиондаған шиит-мұсылман қажылық парызын өтеу үшін Ирактың Кербала қаласына ағылды. Бұл – әлемдегі ең үлкен адам көштерінің бірі. Олардың екі миллионнан астамы – ирандықтар, қалғандары өзге елдерден жиналған шииттер.
"Зияра" деген атпен белгілі бұл қажылық VII ғасырда Кербала үшін шайқаста омаядтардың қолынан қаза тапқан Мұхаммед Пайғамбардың немересі Хусейннің қазасының 40күндігіне байланысты өтеді. Ол Меккеге қажылықтан да үлкен: жылына 15-20 миллион шиит-мұсылман қатысуы мүмкін.
Биылғы қажылық Ирак үкіметі осы айдың басында елдің оңтүстігінде билікке қарсы жаппай көтерілген шииттерді күшпен басуына наразылықпен тұспа-тұс келді. Бұл мемлекетте де мыңдаған адам сыбайлас жемқорлыққа, жұмыссыздыққа, үкіметтің нашар қызметіне қарсы шерулер өткізді. Оларды тоқтату кезінде қауіпсіздік күштері халыққа оқ атып, 100-ден астам адамды мерт қылды, мыңдаған адам жараланды.
Танымал дінбасы Мұқтада ас-Садрдың жақтастары Кербалаға жол тартып, "Америка жойылсын, Израиль жойылсын, Коррупция жойылсын, Бағдадқа бостандық!" деген лозунгтер көтерді.
Бұдан секем алған премьер-министр Әдел Әбдул-Махди телевизиялық үндеу жолдап, жемқорлыққа барынша соққы беріп, әділдікке қол жеткізуге уәде етті. Дегенмен былтыр билікке келген 77 жастағы үкімет басшысы қордаланған жұмыссыздық, коррупция, қауіпсіздік, электр жарығы мен су мәселелерін шешудің "сиқырлы" жолы жоқ екенін мәлімдеді.
Бүкіл Иракқа жайылып, биліктен отставкаға кетуді талап еткен қарсылық акциялары өткен аптада қантөгіспен аяқталды. Алайда шииттер шеруді мүлде тоқтатты деуге келмейді: олар қазанның 25-де тағы да көшеге шығатындарын жариялап отыр.
Мысыр
Тунистегідей 2011 жылы Мысыр жұрты Мүбарак үкіметін құлатқаны белгілі. Бұл революция араб геосаясатында ғана емес, адамзат өркениеті тарихында басты рөл ойнап, "Ум әл-Дүния" немесе "Әлемнің анасы" атанған Египетте жаңа дәуірдің бастауы саналды. Алайда арада екі жарым жыл өткенде Мысырда әскерилердің екпінімен "Мұсылман бауырлар" қозғалысы мен Мұхаммед Мүрсидің билігі де төңкерілді.
2013 жылдан бері бұрынғы армия қолбасшысы Әбдел Фаттах әс-Сисси қарулы күштердің қолдауымен бар билікті өз қолына шоғырландырып отыр. Бүгінде ел экономикасы аса тұрақты емес, ал Синай түбегінің бір бөлігін басып алған "Даиш" ірі қалаларда ара-сыра жойқын шабуылдар ұйымдастырып тұрады. Бұның бәрі президенттің реформаны жүзеге асыруы кедергі болып отыр.
Өткен айда мысырлық бизнесмен Мұхаммед Әли видео-үндеу таратып, онда мемлекет басшысын мақтаныш үшін миллиондаған доллар ақшаны ірі құрылыс жобаларына жұмсады деп айыптады. Содан кейін перғауындар елінде де талай адам әс-Сисиге наразылық білдіріп, демонстрацияға шықты. Ал, үкімет сол акцияға қатысқандарды жаппай тұтқындап, әлеуметтік желілерге шектеу қойды. Президенттің жақтастары да Әлидің әрекетіне күмән келтіріп, билікті қолдап көшеге шықты.
Тағы қай елдерде?
Араб әлеміндегі демонстрациялар осы үш елмен шектеліп қалған жоқ. Жыл басында Алжиде басталған шерулер нәтижесінде елді ондаған жылдар бойы басқарған Әбделазиз Бутефлика отставкаға кетіп, коррупция үшін талай шенеунікке айып тағылды. Бұл солтүстікафрикалық мемлекетте әділетті әрі еркін қоғам орнату жолындағы манифестациялар әлі жалғасып жатыр.
Палестиналықтар өздерін кезінде Израиль басып алған жерлерге қайтаруды талап етіп жатса, жақында Иорданияда мұғалімдер жалақының төмендігіне наразылық білдіріп, полициямен қақтығысты. Осы акциядан кейін король Абдалла ІІ премьер-министр Самир Рифаи мен оның кабинетін отставкаға жіберуге мәжбүр болды. Тұрақтылығымен ерекше Мароккода әйелдер шеруге шығып, аборт пен некеден тыс жыныстық қатынасты құп көрмейтін заңға қарсылық білдірді. Айта кетсек, бұл корольдікте демонстрация өте сирек өтеді.
Арыс Әділбекұлы