Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын көршілермен келісіп шешу қажет – Президент

347

​Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады.

Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын көршілермен келісіп шешу қажет – Президент Фото: pibig.info

Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президенттің сөзінше, өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттанғаны – бүкіл әлемге белгілі дерек. 

"Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи өлке жаңа дәуірде де ойдағыдай дамуда. Қызылордаға келіп тұрып Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселені халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Мемлекет басшысы Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болатынын атап өтті. 

"Бірақ бұл – тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші елдерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді", – деді Президент. 

Оның сөзінше, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты.

"Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет. 

Су – еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз су мәселесімен жүйелі түрде айналысуымыз керек.  Мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет.  Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз. Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз", – деді Президент.

Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылордада өтетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу