Арал теңізімен бірге "Кемелер зираты" да келмеске кетті

Ел туризмі, өңір туризмі туралы сөз еткенде, бармақ тістеп, сан ұрғылайтындай жағдайдамыз. Олай деуге себеп көп. 

Арал теңізімен бірге "Кемелер зираты" да келмеске кетті Фото: Серік Дүйсенбаев

Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі Арал аймағы туризмінің дамуына үлесін қосып жүрген ұйымдастырушы, жүзгізуші Серік Дүйсенбаевты әңгімеге тартқан еді.

Туристер "теңіз табанында кемелер қалды ма?" деп сұрайды

Шетелден Арал топырағына табаны тиген зерттеушілерді, журналистерді, туристер мен фотографтарды күтіп алып, теңізді өлкені таныстыратын маман бізге бірқатар тың ақпаратпен бөлісті.

– Бұл жұмыстар 2005 жылдарда басталған. Ол кезде "Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінде менеджер болып жұмыс істеймін. 2000 жылдардың басында ағылшын тілін білетін, жергілікті балықшы ауылдардың жағдайын, жолын білетін бірден-бір мекеме едік. Ең алғаш туристер бізге сол уақытта келе бастады. 2006 жылы шетелдік туристердің қолында жүретін, шетелде басылып шығатын "Lonely Planet", "Bradt" деген жолсеріктік кітаптарда, caravanistan.com деген үлкен ақпарат алмасатын туристік сайтта жұмыс істейтін адамдармен, админдермен біз Аралда кездескен болатынбыз. Ол кезде біз өте танымал Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекенінің қасында "Кемелер бейітіне", ары қарай теңізге алып барып, сосын балықшы ауылдардың тұрмыс-тіршілігімен, жай-жапсарымен таныстырдық. Сосын кітаптарға, сайттарға Арал ауданындағы "Кемелер бейіті" және теңіз туристік нысан болып енгізілді. Бұл жолсерік кітаптар 4 жылда бір жаңарып шығып тұрады. Осы кітапқа жұмыс істейтін жазушылар, журналистер кітапта көрсетілген барлық жерге барып, өз көзімен көріп, жүргізушілермен, гидтермен кездесіп отырады. Аты-жөнім, байланыс нөмірім осы кітаптарда бар. Мен BBC радиосымен әртүрлі тақырыпта 4-5 рет жұмыс істегенмін. Олардың да өзінің BBC hiding datadays деген арнайы қоры бар, олар әлем бойынша барған жерлерінен гидтердің, жергілікті ұйымдастырушы-жүргізушілердің байланыс нөмірін тіркеп қояды. Көбі мені сол жерден тауып келеді, – дейді ол.

4 тілді еркін меңгерген өлкетанушы Серік Дүйсенбаевтан шетелдіктердің көбіне Арал теңізі аймағын не үшін таңдайтынын сұрадық.

Ең алдымен Арал теңізі шетелдіктер үшін сауда не ойын-сауық, тарихи орындарға туризм емес, экологиялық апат аймағы ретінде танымал. Олардың бәрі "біз бала кезімізде мектепте Арал теңізінің әлем бойынша төртінші орындағы теңіз екенін білетінбіз, қазіргі жағдайын естіген соң, көзбен көруге келдік" деп айтып жатады.

Аралға келетін туристің бәрі "теңіз табанында кемелер қалды ма?" деп сұрайды. Себебі, жолсерік кітаптарда, туристік сайттардың бәрінде "Кемелер бейіті" деп аталып кеткен жер Арал ауданының Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш елді мекені жанында 12 кеме шоғырланған болатын. Негізінен кемелер 4 жерде болды. Арал қаласының ескі портында, Жалаңаштың қасында, Тастүбек пен Ақеспенің ортасындағы Бутаков шығанағында 5-6 кеме болды, сосын ары қарай Құландының жолында 10 шақты кеме болған, – дейді Серік Дүйсенбаев.

Кемелер кім көрінгеннің қолында кетті

Қазір бұл алып кемелердің қаңқасы да жоқ. Нағыз туристік аймақ етуге олардың ықпалы болар еді. Өңір табиғатына, құнды жәдігеріне жанашырлықпен қарайтын кейіпкеріміз уақытында жауаптыларға ұсыныс та айтқан екен. Бірақ, еш қозғалыс болмаған.

– Өкініштісі сол, 2008-2009 жылдары осы кемелер көрінгеннің қолында кетті. Оның қатарында Аралдың жұмыссыз жігіттері де бар, адамдар Қызылордадан да келіп кесті. Бірінші, Арал портындағы кемелер кесілді. Одан соң Жалаңаштағы кемелерге қол салды. Ол кезде мен музейдің бұрынғы директорына, Мергенсай ауылдық округінің әкіміне, сол кездегі жергілікті кәсіпкерлік және туризм саласы басшыларының бәріне айттым. "Ең болмаса, сол кемелерді Аралға жақын жерге жинайық, бір ғана ескерту тақтасын орнатсақ, мемлекет қорғауына алсақ" деп едік.

Мысалы, Жалаңаштағы кемелерге теңіз табаны болғандықтан, үлкен жүк машиналары, крандар бара алмайды. Жалғыз жол ауылдың ортасындағы көшені қақ жарып өтеді. Жалпы, қадағалауға болар еді. Білмеймін, сол кездегі адамдар "алыс" деді, "қымбатқа түседі" деді, әйтеуір, кемелер қараусыз қалды. Көбі "портта тұрған жоқ па кемелер? Соған апарсақ та болады ғой" дейді. Бірақ, туризм саласындағы адамдардың, фотографтардың көзқарасымен қарасақ, біздің портқа әкеліп қойған кемелер дұрыс, олар – көненің көзі, бірақ темір тұғырға қойып, неше түрлі бояумен бояп қою туристер үшін қызық емес. Олардың көргісі келетіні ақ соры шыққан теңіз табанындағы жантайып қалған, мейлі, ол тот басып, шіріп жата берсін, сонда да сол теңіздің өткенінен хабар беретін жәдігер ретінде тұруы орынды. Енді мұның бәрі кезінде айтылды, кейін Жалаңаштағы 12 кемеден 2015 жылдары 3 кеме қалды. Сол кезде де сақтап қалуды ұсындық, БАҚ беттеріне де жазылды. Жан-жақтағы туристік агенттіктер де қолдады, бірақ жергілікті биліктен қозғалыс болмағандықтан, кемелер кесіліп-кесіліп әркімнің қолында кетті.

Жалаңаштағы кемелерді кесіп тауысқан соң, арғы жағындағы Ақеспе жақтағы Бутаков шығанағындағы Қарасандық деген әдемі төбенің етегінде теңізді жағалай 6 кеме жатқан еді. Ол 6 кеме бертінде кесілді, яғни 2019-2020 жылдары теңіз кері қайтқанша 1-2 кеме теңізге еніп жататын. Біз туристерге балықшылардың резеңке етігін беріп, кешіп барып суретке түсуіне жағдай жасайтынбыз. Сол жылдары карантин уақытында ол жаққа ешкім бара алмады. 2021 жылы барғанымызда тып-типыл етіп кесіп кеткеніне куә болдық. Қазір бізде кеме-қайықтар қалған жоқ. Шығанақ, Құланды жақтағы кемелерде 2015 жылы жақсы түсірілім болды. Сол жылы әлемге әйгілі Пинк Флойд келіп, бейнебаян түсірген. Онда екі кеме бар. 2016 жылы ол кемелер де кесіліп кетті. Бізде қалғаны Аралдың портында тұрған 4-5 кемеміз, сосын Ақбасты елді мекеніне кірберісте бір және мектеп жанында бір кеме тұр. Бірақ, ол да көтеріп әкеліп бояп қойғандықтан, сол екі кеме үшін 280 шақырым жүріп Ақбастыға ешкім бара бермейді, – деп сөзін жалғастырды тур ұйымдастырушысы.

Сүйегі ағаш болған соң "Сатурн" кемесі ғана аман қалды

Кемелер тақырыбын көп жазған журналист Ержан Қожас "бәрі – өзіміздің бейқамдығымыздан" деп отыр. Қазіргі күні теңіз табанындағы сүйегі ағаштан болғандықтан ғана "Сатурн" атты ағаш кеме аман сақталған. "Темір болса, әлдеқашан құртып тынар ма едік?" деп ашынады ол.

– Бізді әу бастан немқұрайдылық құртты. Рас, тартылған Арал табанының көзіндей болған кемелерді талан-таражға өзіміз салдық. Кестік, бұтарладық. Жүк көлігіне тиіп, темір саудасын қыздырдық. Талай ата мен әке жүргізген кемелер қалдығы қалды ма қазір?! Ай, қайдам, болса кейбір құмға жартылай шөккен кесінділері ғана шығар.

Журналистік сапармен әрі сол жақтың тумасы болғандықтан, теңіздің тартылған бөлігін барынша араладым. Ақбасты, Ақеспе, Қаратерең, Бөген беткейінде қайырлап қалған көп кеме қазір адам қолымен жойылды. Мына Өзбекстан мемлекетімен шекаралас бөлігіндегі Қызылқұм жағында Ұялы, Бектау сияқты балықшы ауылдардың орнында кеме мен қайық қалдықтары сақталған. Онда да сүйегі ағаш болған соң кісі қолынан аман қалыпты. Соның бірі – 12 метрлік "Сатурн" ағаш кемесі әлі сол аймақта жатыр. Металь болғанда біздің жерлестер әлдеқашан оның түбіне жетер еді.

Бұрын Аралдың экологиялық жайына үңіліп, шетелден көп туристер келуші еді. Қазір азайғандай. Неге? Өйткені, апатқа ұшыраған теңіздің табанында олар көретіндей еш жәдігер қалмады. Ал мына көрші өзбектер (дұрысы, Қарақалпақстан аймағы) қаңыраған көп кемесін бір жерге жинап әрі сол табиғат аясында қалай тұр, сол күйін сақтап, мемлекеттік қорғау нысанына айналдырған. Сол арқылы сырт елдегі саяхатшыларды өзіне тартады. Ал әр саяхатшы ол мемлекетке қаржы әкелетінін ескерсек, мұндай табыстан көрер көзге айырылып отырғанымызды біз мойындамай отырмыз. Шыны керек, бұл тақырыпта өзімде көп жаздым, тек бұл мәселеге мемлекет тарапынан кезінде қолдау болу керек еді. Енді біздегі теңіз туризмін дамытамын деу – қате. Ал әзірге "Балықшылар" музейіндегі құрастырмалы һәм боялған қос кеме мен балықшы бабалар қолданған ау құралдарына ғана тәубе деуден аса алмаймыз. Ал мұндай ен далада емес, қолдан құрастырылып, әртүрлі бояу жаққан кемелермен шетелдікті таңғалдыра алмаймыз. Оларға керегі – апатқа ұшыраған теңіз табиғаты мен соның табанында қалған көне жәдігер кемелер қорымы еді. Ал біз оны істей алмадық, – дейді журналист.

                                        Кемелерді үлкен туризм орталығы етуге болар еді...

Өлкетанушы, тур ұйымдастырушысы Серік Дүйсенбаев осы күні кемелер болмаса да, туристерге 1-2 күндік саяхат ұйымдастырып жүргенін айтады. Яғни, шетелдіктер үшін балықшылар ауылының тұрмыс-тіршілігі әлі де маңызды, қызықты.

– Әлде де біз кемелер болмағанмен, балықшылар ауылының жағдайын, қазіргі теңіздің жағдайын көрсетуге дайынбыз. Шетелден келген туристер үшін мұңың өзі экзотика ғой. Мысалы, Аралдан бастап Жалаңаш деген ауылға дейін бұрынғы Кеңес үкіметінен қалған тасжолмен жағаласаң – 65 шақырым, теңіздің табанымен 50 шақырым, біз сафари туы есебінде ары қарай теңіздің жағасында, қолтықта ғана орналасқан Тастүбек деген ауылдың 20 шақты ғана үйі бар. Туристерді сол ауылға апарып жүрміз. Ондағылар балық шаруашылығымен сосын түйе бағумен айналысады. Сол түйе жылқы ұстағандарды көрсету, самаурынмен шай ішу, қуырылған балықтан дәм татқызу, ет асып беру, уақыт болса, қаржысын төлесе, ау салып, оны суырғанша түсіру, одан ары қарай Ақеспеге бара жатқан жолдағы Ақеспе жоталары, Қарасандық төбесін, ыстық су мен құм басқан ауылдарды көрсету, осының бәрін толықтырып, 1-2 күндік тур ұсынып жүрміз. Енді кемелер сақталып қалғанда, әрине, оны үлкен туризм орталығы етуге болар еді. Маған қазіргі күні Еуропадан келетіндердің көбі жазады "Арал теңізінің Қазақстан бөлігіне барсақ, кемелерді көре аламыз ба?" деп. Мен кемелердің қалмағанын айтамын. Сонда "Жарайды, Өзбекстан жағына барармыз" деп қоштасады. Себебі, Мойнақта 5-6 кеме сақталып қалған. Өзбек ағайындар арнайы тур ұйымдастырып, пайда тауып жатыр. Жалпы, туристердің келуі тек жол көрсетуші гидтерге ғана емес, көбіне пайда болар еді. Мысалы, келген турист міндетті түрде қонақүйге орналасады, жергілікті жерден ас ішеді, музейге барады. Пойызға, көлікке төлейтін ақшаны айтпағанда, балықшы ауылдарға барғанда да, 2-3 кесе шұбат ішіп, кішкене балық ауыз тисе де, ақшасын беріп кетеді. Халыққа қосымша табыс болар еді, – деді Серік Дүйсенбаев.

Кейіпкеріміз сөз арасында Арал теңізі табанына келген саяхатшылардың ерекше қадамдары туралы сөз етті. Ол алдағы уақыттағы бөлек бір мақалаға арқау болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу