Биыл Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында туризм саласы тұралап қалса да теңізді өлкеде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді. Мәселен, өткен жылы "Бастау бизнес" жобасы бойынша 470 адам оқыса, олардың жартысына жуығы мемлекеттік грант иегері атанды. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендердің басым бөлігі жастар. Бірі тігін цехын ашса, енді бірі сұлулық салонын ашып халыққа қызмет көрсетуде. Ал құрылысқа ебі барлар пластикалық терезелер дайындап өндіріске бет бұрып жатыр.
Абай Алдасүгіров мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген көп жастың бірі. Ол "Бастау бизнес" жобасы бойынша 1 айлық курс оқып кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Сөйтіп "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың" еңбек бағдарламасы бойынша 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Жас кәсіпкер қажетті құрылғыларын сатып алып, пластикалық терезелер мен есік шығаруды қолға алды. Нәтижесі жаман емес. Өнімдерге сұраныс жоғары. Жігіттер өздері жасаған өнімдерді тапсырыс берушінің үйіне апарып, орнатып береді.
"Тек Арал қаласына ғана емес, жақын жуық, алыс елді мекендерге де келісіммен жасаймыз. Қажетті материалдарды Ақтөбе мен Қызылордадан әкелеміз. Сұраныс жоғары болғасын кейде үздіксіз жұмыс істейміз. Күніне жоқ дегенде 10 терезе шығарамыз", – дейді кәсіпкер Абай Алдасүгіров.
Жігіттерден бөлек қыздарда мемлекеттік бағдарлама бойынша грант жеңіп алып, бизнеске бет бұрып жатыр. Мәселен, Ханзада Талғатқызы есімді жас кәсіпкер фотостудия ашып халыққа қызмет көрсетуде. Ханзада карантин кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, тапсырыстар қабылдауда.
"Мемлекеттік грантты жеңіп алдым. Сол арқылы өзімнің қанша жылдан бері армандаған бері фотосалонымды ашып, жұмысымның игілігін көріп жатырмын. Қағаздарды ксерокстен өткізуден бастап, фотосьемка, баннерлер, үлкен көлемдегі плакаттар шығарып айналысып жатырмыз. Сұраныс жоғарыламаса төмендеген емес", – дейді Ханзада Талғатқызы.
Ал, Ақниет Құттымұратова аралдық қыз-келіншектерге сән мен сұлулық сыйлауды мақсат етіпті. Осы бағытта сұлулық салонын ашып жұмысын жандандырып жатыр. Ақниеттің кәсіппен айналысуына да мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиген.
"Қорғаған жобам сұлулық салоны болатын. Сәтті қорғап 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржы ұтып алып, сол гранттың арқасында мебель заттарымды алдым. Қазір халыққа қызмет көрсетіп жатырмын. Барлық клиенттерім қуанып кетеді. Ешқандай шағым жоқ. Басқа ауылдық жерлерден де іздеп келеді немесе шақырады. Бірнеше тәжірибе жинақтап жатқан оқушыларым да бар", – деді әңгімесінде кәсіпкер Ақниет.
Бүгінде Арал ауданында 4500-ге жуық шағын және орта бизнес өкілі болса, олардың 21 пайызын жастар құрайды. Биылғы жылы "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік курсын оқып жатқандар арасында да жастардың үлесі басым екен.
"Карантинке байланысты оқу онлайн режиміне көшті. Атамекен сайты арқылы тіркеліп оқуға болады. Биылғы жылы ауданда 3 топ "Бастау бизнес" жобасын оқып аяқтады. Барлығы 223 адам, оның 160-ы жобаларын сәтті қолдап мемлекеттік грантқа ие болды", – деді аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрсәуле Ембергенова.
Жас кәсіпкерлер өткен жылы қызмет көрсету орталықтарын көптеп ашса, биыл өндіріске басымдық беруде екен. Яғни шағын цехтар салып, тұрмысқа қажетті түрлі дүниелер шығаруды қолға алған.
Нұрбек Дәуренбеков