Аралдағы ыстық бұлақ экотуризмді дамыта ала ма?

Су бұрқағының температурасы – 62 градус. 

Аралдағы ыстық бұлақ экотуризмді дамыта ала ма? Фото: Арғын Алпысбаев

1986 жылы ашылған ыстық бұлаққа дем алушылар да, ем алушылар да келеді.

Ақеспе су бұрқағы Арал қаласынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ыстық судың құрамында адам денсаулығына пайдалы минералдар өте көп. Шипалы бұлақ суы буын, тері, жүйке жүйелерінің ауруларына таптырмас ем екені айтылады.

"Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің "Ұлттық сараптама орталығы" РМК-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы арқылы Ақеспе жерасты суының құрамын анықтау үшін, ыстық су сараптамалық зерттеуден өткізіліп, оң қорытындысы алынды.

Аталған ыстық суды туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлар іздестірілуде", - деп хабарлады Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі.

Осы күні ыстық суы атқылап жатқан Ақеспеде арнайы қонақүй мен асхана қызмет етіп тұр. Шипажай құрылысын бастау да жоспарланған.

"Ауыл тұрғындарының "Ыстықсу" деп атап кеткен шипалы суынан ем іздеп көршілес аудандар мен облыстардан тұрғындар көптеп келуде. Мұнда Ақеспе ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Дархан Кенжебаевтың бастамасымен сырттан келген қонақтарға арнайы 15 адамға арналған конақүй мен 20 орындық асхана қызмет көрсетуде. Десе де, жақын орналасқан елді мекендерден келген халық жаз айларында өз бетінше шатыр тігіп, демалыстарын осында өткізеді. Шипалы бұлақтың көзі 1986 жылы "Геобарлау Шымкент" гидроэкспедициясы мекемесінің бұрғылауымен ашылды. 1200 метр тереңдіктен бұрғылау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде температурасы 62 градус болатын минералды судың бар екені анықталған", - дейді Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаев.

Аталған ыстық су орнын туристік аймаққа айналдыру мақсатында инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

                                                                                                                                    Фото: Әділет Әшірбек

""Жак-Нұр" ЖШС-нің бастауымен Ақеспе елді мекенінде орналасқан "ыстық су бұрқағы" жанынан емдік шипажай салу жоспарлануда. Жоба бойынша жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге "су бұрқағы" жанынан 150 орындық шипажай, спорт алаңдарын, саябақ салу қарастырылған. Жоба іске асқан жағдайда 220 адамды жұмыспен қамтиды", - деп жалғастырды Ренат Қуанғанұлы.

"Ыстық су бұрқағына" дейін автожол салу қажеттілігі де туындағалы қашан?! "Базой-Шымкент" гравий жолынан "су бұрқаққа" дейін және Қосаман елді мекеніне дейін жалпы ұзындығы 11 шақырым жол салуға 850 миллион теңге қаражат қажет екен.

"Жолдың жайсыздығына қарамастан, жаздың күндері ыстық бұлаққа 1500-2000-ға жуық азамат келетін. Туристік аймаққа айналса, бұл жер экотуризм мен экомедицинасы дамыған, әлеуметтің саулығын нығайтатын орын болады.

Мұндағы судың емдік қасиеті бар. Аяқ, қолы сырқыраған талай жан ыстық судан айығып, ем тапты. Аталмыш орынды туризм орталығына айналдыру үшін инфрақұрылым мен келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау – басты мақсат. Осыған орай, Арал ауданы тарапынан аталмыш орынға 6 шақырымды құрайтын жолдың құжаттары әзірленген болатын", - дейді Қосаман ауылдық округінің әкімі Әлібек Ізбасаров.

Бүгінгі күні Арал ауданы, Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекенінде 300-дің үстінде тұрғын тіршілік етіп жатыр. Ауыл халқының негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Ауылда 2 балық қабылдау және сақтау орны ашылған.

Теңіз ұлтанында табылған ыстық бұлақ суының ғана емес, айналасындағы батпақтың емдік қасиеті бар. Жақында ғана достарымен Ақеспеге арнайы барған Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрдәулет Елдес аталған жердің туристік орталыққа таптырмас орын екенін жеткізді.

"Өзге елдер құмның өзін туристік орталыққа айналдырып жатыр ғой. Арал ауданында құм да, таулы қырат та бар, оған ыстық суды тағы қосыңыз. Әрі түйеге мініп алып, теңіз ұлтанына саяхат жасауға болады. Арал теңізін әлем біледі ғой. Ыстық суы атқақтап жатқан бұлақтың суы да, батпағы да шипалы, мұны жергілікті халықтан бұрын, өзгелер аңыз етіп айтады. Айтпақшы, туристік орталық ету үшін инфрақұрылымды дұрыстау керек. Жол мәселесі бірінші орында тұруы тиіс", - дейді ол.

Ауыл тұрғындары да, жергілікті билік те мұнда жол салынып, арнайы шипажай жұмысын бастаса, халықтың жер-жерден ағылатынына сенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу