Инженер-гидротехник бізбен әңгімесін әлімсақтан бастады. Тарихи деректерді ақтаруды әдет еткен ол Сыр бойының халқы "өзен жағалағанның өзегі талмайды" дейтін тәмсілді ұстанатынын жеткізді.
– Зерттеуші ғалымдардың өткен ғасырдың 50 жылына жасаған бақылау деректеріне қарағанда, Арал теңізі жағалауының тіршілігі қалыпты деңгейде болған. 1960 жылға дейін оған келіп құятын екі өзеннің табиғи су қоры шамамен 120 текше шақырымға, оның жылдық көлемі Сырдария суы – 40, Әмудария суы 80 текше шақырымға тең болған. Жылдық балық аулау 400-450 мың центнерге, ондатр терісін дайындау 21 миллион данаға жеткен. Қызылорда облысының ауылдық жерде өмір сүріп жатқан халқының тіршілік көзі – Сырдария өзенінің тағдырына тәуелді. Облыстағы 7 ауданның күнкөрісі осы өзеннің суына байланысты, 6 аудан күріш пен ауыл шаруашылығы дақылдарын ексе, Арал ауданы мал шаруашылығы және Кіші Арал мен көлдер жүйесіндегі балықпен күнелтеді, – деп сөзін бастады ол.
КСРО-ның кезінде С.Толстов бастаған экспедиция Әмудария мен Сырдария өзендерінің бойындағы көне суармалы жерлерді зерттегені тарихтан белгілі. Өлкетанушы Әлібек Сабырбаев осы жайтты айта келе "біраз жыл Су комитеті жетім баланың күйін кешті" десті.
– Сырдария өзенінің алқабында орналасқан мемлекеттер арасында су бөлу проблемасы жыл сайын өткір туындауда. Осы "бөліске" Қазақстан өз үлесін толық және уақытылы ала алмай жүргені де жасырын емес. Оған басты себеп – ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін 1990 жылы таратып, комитет етіп құрғаны. Осы 33 жыл ішінде Су комитетін Ауыл шаруашылық министрлігіне, содан кейін Экология министрлігіне қосты. Осы жылдары Су комитеті "жетім баладай" күн кешті, күй кешті. Министрлікке қарайтын инженер-гидротехник пен гидротехник маман дайындап отырған 2 институт (Тараз, Қызылорда), үш техникум (Қызылорда, Вановка, Алматы) жабылды. Комитетті басқарған екі басшы сотталды. (Біріншісі – Анатолий Рябцев, мамандығы – инженер-механик, екіншісі – Ислам Әбішов, мамандығы – инженер-электрик). ҚР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі таратылғаннан кейін орнына жаңадан Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет (1990-1994) болып қайта құрылды. 1990-1995 жылдары Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болып бұрынғы министр Нариман Қыпшақбаев келді, – деп сөзін жалғады су саласының маманы бізбен әңгімесінде.
Оның сөзінше, республиканың 10 облысын су тасқыны басқан соң Үкімет елімізде су мамандарының жоқтығын кеш болса да айқын байқаған. Су қоймалары мен каналдардың жекешелендірілгені тағы бар. Осыны ескере отырып, амалсыздан 33 жылдан кейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігін (01.09.2023) қайтадан құруға мәжбүр болған.
– Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Қызылорда облысына сапарында (31.07.2025) негізгі басты мәселесі су үнемдеу технологиясын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту болды. Сол кезде "Қараөзек" су қоймасын салу туралы тапсырма да берді. Сонымен 2-3 айдың аралығында Қызылорда облысына Үкімет басшысы О.Бектеновтен бастап, орынбасары Қ.Бозымбаев (03.08.2025), министрлер Н.Нұржігітов пен Е.Нысанбаев келіп-кетті. Кіші Аралға қалай су жеткізу жолын қарастыра бастаған сыңайлы. Дегенмен, "Әліптің аяғын бақ" деген бар. Қызылорда облысында 1960 жылға дейін 2 582 көл болды. 1962 жылдан бастап өзен суының күріштік жерлерді суландыруға көптеп пайдалануының салдарынан Арал теңізінің деңгейі төмен түсіп, көлдер құрғай бастады. Соңғы жылдары көлдер тек Сырдария өзенінің бойында, көлге құяр сағасында ғана қалды. Мысалы, Қазалы мен Арал аудандарында небәрі 11-ақ көл системасы қалған. Қараөзек көлдер жүйесі бірнеше топқа бөлінеді. Оларға Қарарым, Малтай, Қаракөл, Байсары, Қаракеткен, Бесқопа және Майкөл учаскелері кіреді. Осы учаскілер бірнеше шағын көлдерді қамтиды. Осы өңірдегі Торпақсор, Шолақ Бабан, Ақжар, Шотан, Бақкөл секілді ірі-ірі көлдердің көбі 1970 жылдардың басында-ақ құрғап қалған болатын, – деп сөзін қорытындылады гидротехник.
Сонымен, Әлібек Сабырбаев Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан еліміздің жылда қайталанатын су сұрауын азайтудың бірнеше жолын ұсынып отыр. Біз мұның еш мұртын бұзбай бергенді жөн санадық.
Бірінші мәселе – "Шардара" су қоймасының жанындағы, Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлді контрругулятор есебінде пайдалану жолын қарастыру. Бұдан ұтатынымыз – қыс айларында "Әндіжан", "Тоқтағұл", "Қайраққұм" су қоймаларынан келетін мол суды "Айдаркөл" мен "Көксарай" су қоймасына қарай бұру. Сырдарияның төменгі бойында орналасқан елді мекендерді су алу қаупінен сақтау.
Екінші мәселе, "Чиназ"-"Көкбұлақ" гидропостысы Кеңестік кезеңде салынған әбден тозығы жеткен және ескі қондырғылармен жұмыс істеп, "Шардара" су қоймасына қанша су түсіп жатқанын дәл анықтауға мүмкін болмай отыр. Гидромет тарапынан дәйекті дәлелдемелермен осы постыларды жаңартуды қолға алу қажеттігі жөнінде Үкімет алдына мәселе қою қажет. Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге "Шардара" су қоймасынан су жіберіп жатқанымыз заңды ма? Екі ел арасында қандай келісімшарт бар екенін жария ету. Келісімшарт болмаған жағдайда кім жауап береді?
Үшінші мәселе, жоспарда көрсетілмеген, артық күріш егетін, су ұрлайтын қожалықтарды заңды түрде қылмыстық жауапқа тартуды қарастыратын мезгіл жеткен сияқты. Ұсталып қалған жағдайда, олар аз ғана айыппұл төлеп құтылып кетеді. Сондықтан, жаңа қабылданған ҚР Су кодексіне арнайы бап қабылдау керек.
Төртінші мәселені жоғарыда айтып кеттік. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қызылорда облысына сапары кезінде "Қараөзек" су қоймасын салу туралы тапсырма берген болатын. "Қараөзек" су қоймасын салуға кететін қаржыны үнемдеп, "Айдаркөл" контррегуляторын салуға жұмсаса, Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы ауыл шаруашылық егістіктерді толық сумен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз, екінші Кіші Арал мен Қазалы, Арал аудандарындағы көлдерге керекті суды жеткізуге толық мүмкіншілік болар еді.