Жазушы, көсемсөзші-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 млрд текше метр шамасында судың "ұйықтап" жатқанын мысалға келтіреді.
Inbusiness.kz тілшісі "биыл да біз үшін тасқын қаупі елеулі екінші жыл болғалы тұр" деп болжап отырған су саласының маманын әңгімеге тартып көрген еді.
Іргедегі мол судың іздеусіз-игерусіз кете беруі қалыпты жайт па?
– Өткен жылдың аяғында, Орталық Қазақстан аумағының суын біраз зерделеп, есіліп аққан Есіл иініндегі Жарқайың ауданы, Торғай өзені бойындағы Аманкелді, Торғай аудандары тұрғындарымен кездесіп, жол соңында, ат басын Аралға тіреген бір жұмысшы топ осы талаптың қарлығашы ретінде – жақсылық хабаршысы деп қабылданды. Ресми түрде, "Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры" және "Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ" өкіл-мамандарынан құралған ынталы тобы еді бұл бастамашылар. Елге ұсына келген идеялары – "Есіл өзенінің орта ағынындағы тасқын сулардың бір бөлігін Торғай өзені мен Арал теңізіне бағыттаудың" теникалық-экономикалық негіздемесі. Арал жұртшылығы бұл ақжолтай хабарды қуана қабылдады. Бір оңды жайт – жоғарыдағы Жарқайың тұрғындары, бергі, Тұран ойпатына бейім Торғай, Аманкелді ауданының халқы Есіл-Торғай суларын игеру және сол ағынның бір бөлігін Аралға бағыттау ұсынысын бір адамдай қолдаған екен. Бұл ағайындық көңілге экология сынының ортасында жатқан Арал жұртшылығы аса разылық сезімде болды, – деп әңгімесін бастады Сайлаубай Жұбатырұлы.
Жоғарыда жазылған жайттарға осыған дейін де кеңінен тоқталған едік. Яғни, "Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы Аралды толтырудың ең тиімді тәсілі делінген-ді. Бүгінгі мақаламызда біз дәл осы жағдайға екінші қырынан қараймыз. Демек, бұл – Аралды толтыру арқылы қарғын суды кәдеге жарату идеясы.
Бүгінде Арысы – Ертіс, бер жағы – Есіл, Тобыл: көп көлемді судың теріскей көрші жеріне кетіп жатқаны рас. Орталық Қазақстан аумағында су тапшылығы байқалады. Аралдың басындағы ахуалды әлем біліп отыр.
Экологтың сөзінше, осындай жағдайда, іргедегі сонау мол судың іздеусіз-игерусіз кете беруі қалыпты жайт деуге келмейді.
Су тасқыны – молшылық ризық, қалауын таба алмасақ, ол – апат, проблема…
Сайлаубай Жұбатырұлы табиғат су күтулі жерімізге жыл сайын ақ басқын қар, ағыл-тегіл жаңбырды үйіп-төгіп қайта-қайта бере де бермейтінін жеткізіп отыр.
– Талқылау барысында, біз жобаның "…тасқын суларды игеру" деген анықтауыш-бөлігіне назар аударып біраз ойды ортаға салдық: Әлемдік климат "өртеніп-жанып" бара жатыр десек те, табиғаттың "мүшел" айналымының ылғалды жылдары келіп, жерімізге қар мен жаңбыр түрінде өз игілігін беріп жатқаны соңғы жылдары байқалып отыр. Осы игілікті суға зәру өлкелеріміз орнықты, ұтырлы ретпен игере алса, ол – молшылық ризық, қалауын таба алмай, қиындықтарға жол беріп қойса, ол – апат, проблема… – деп көпшілікті елең еткізер пікір білдірді ол.
Эколог "жоғарыда ұсынылған жоба ("Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы – ред.) қалай да жүзеге асуы тиіс!" дегенді айтады. Оның себебі де нақты әрі ақылға сияды.
– Қалыптасқан табиғи дәстүр бойынша, көктемнің бірер айында Орталық Қазақстан суларының 80 процент ағыны бұрқап, жөңкіле ағып өтеді. Демек, мұндай ахуалда, әлгі ұсынылған жоба болашағы "тасқындар" деген ерек жайттарға сонша байланбаған, тәуелсіз болашақты іс болмақ. Көктемгі адуын сулар қалай да жуасытуды, игеруді қажет етеді. Қандай да бір жыл мінезінде де бұл ұсыныс болашақты, ғұмырлы болады деп отырған себебіміз сондықтан, – деп сөзін жалғады С.Жұбатырұлы.
Есіл бойында жылда ие бермей тұрған тасқындар реттеледі
Жазушы, көсемсөзші-эколог кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында Солтүстік өңірлерден Оңтүстікке су әкелу жобасының өміршеңдігі көрініс табатынын білдік.
Аталған қадам арқылы "екі жеп, биге шығуға" мүмкіндік туып тұрғаны анық байқалады. Яғни, мұның тасқынды игеруден өзге де Аралды толтыру идеясы қысы-жазы тоқтамастан жүзеге аса бермек.
– Бір мәлімет бойынша, әзір, Сарыарқада сіресе жатқан қарда 10 млрд текше метр шамасында су "ұйықтап" жатыр. Демек, биыл да біз үшін тасқын қаупі елеулі екінші жыл болғалы тұр. Сол молшылық – зиян қатері емес, игілік көзіне айналғай! Осының бір болашақты, бекем тетігі "Есіл (арысы Ертіс) – Торғай – Арал" жаңа су жолы болмақ. Ол жоғарыда айтқанымыздай, тасқынсыз жылдары да өз қызметін сенімді дәстүрде жалғастыра алады. Ең алдымен, Орталық Қазақстанның су мәселесіне оң әсері болады. Есіл бойында жылда ие бермей тұрған тасқындарды реттейді. Торғай, Сарыөзен алабын суландырып, осы өзендер экожүйесін оңалтады. Арал маңы Қарақұмының берекелі жайылымдарына дем береді. Арал, Қазалы аудандары шөлін қандырып отырған "Толағай" су кенішін жер астынан қуаттандырады. Ең ақырында, ол ел тілегімен көтеріліп жатқан біртұтас Солтүстік Арал теңізін қолдауға келетін жаңа су көзі болмақ. "Есіл (арысы Ертіс) – Торғай – Ырғыздың бір арнада тоғысатын бөлек ағыны аз су болмасына сенім зор.
Арна жүйесінің жалпы құны (2024 жылғы бағаммен) – 260,373 млрд теңге. Жұмыстың біту уақыты, биылғы жылмен санағанда – 2027 жыл. Қаржылық-экономикалық қайтарымы нақты есептелген. Бұл су жолының экономикалық, әлеуметтік, экологиялық күтулі игіліктері көңіл қуантады.
Еліміздің орталық алабынан бері түсетін бұл арна біздің Оңтүстіктен келетін дәстүрлі дариялар ағынына еш кері әсер беруге тиіс емес. Оңтүстіктегі сыбағалы суларымызға еш балама жоқ! – деп сөзін нақтылады су саласының маманы.
Сайлаубай Жұбатырұлы "жақында отандық телеарна "Каспий-Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру Халықаралық қоры" және "Қазақ Су шаруашылығы ҒЗИ" бастамасымен ұсынылған осы жаңа су арнасы идеясы Үкіметтің деңгейінде қарала бастағанын хабарлады" деп отыр.
Енді бұл игілікті бастама Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінде қолдау тапса, еліміз "бір оқпен екі қоян атарына" нық сенімді.