Аралды толтырудың ең тиімді тәсілі анықталды

Өткен жылдың соңында Арал ауданында және Қызылорда қаласында Торғай мен Есіл өзендерінен Арал өңіріне су әкелу туралы мәселе көтеріліп, үлкен жаңалық ретінде қаралды. 

Аралды толтырудың ең тиімді тәсілі анықталды Фото: eol.jsc.nasa.gov

Inbusiness.kz сайтының тілшісі сол жиынның біріне қатысқан қоғам қайраткері, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлын әңгімеге тартып, пікірін сұраған еді.

Жалпы, "Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасы айтылғалы бері көпшілік "Аралдың бір үміті оянатын болды" десіп жүр. Жалпы, қазіргі күні Кіші Арал теңізінің жалпы су көлемі 27 млрд текше метр болса, теңізде 22 млрд текше метрге жуық су бар екені жайлы деректер бар.

Аталмыш жобаның ғылыми жетекшісі – "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыханов және "Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару" халықаралық қорының жоба үйлестірушісі әрі менеджері Арман Тоғатай.

Жоба жетекшілері "Есіл өзенінің тасқын суын ұтымды басқару арқылы алдымен Торғай өзеніне, одан кейін Арал теңізіне бағыттау экологиялық ахуалды жақсартады, ауданның экономикалық жағдайы жақсарады" деп отыр. Сонымен қатар, бұл жоба Арал теңізінің дағдарыстық жағдайын жоюға септігін тигізсе, су тасқынынан болатын шығын көлемі де азаймақ.

57 жыл бұрынғы жоба жүзеге асуға жақын

Эколог Сайлаубай Жұбатырұлы бұл жобаны осыдан 57 жыл бұрын көтергенін айтып отыр. Аталған мақаланы Арал трагедиясы басталғанына қарамастан, баспаға жіберген патриот азаматтарға да алғысын айтып қалды.

– Өткен жылдың аяғында Арал халқы, Арал өңірі үшін, оның ішінде әсіресе мен үшін қуанышты хабар келді. Мен деуімнің мәнісі 1967 жылы мектепті жаңа бітірген баламын, бірақ балықшы болып бір жыл еңбек өтілімді жинап жүргенмін. "Білім және Еңбек" деген республикалық журналға мақалам шықты. "Арал суы молайса…" деген тақырыпта. Жалпы, ол кезде цензура бар, Үкіметтің бақылауы бар, әйтпесе "Аралды қайтсек сақтаймыз?" деген тақырыптағы өткір мақала еді. Солай беруге қорыққан болуы керек, журналдың сол кездегі редакторы Абдул-Хамид Мархабаев деген жазушы ағамыз еді, кейін бізге университетте сабақ та берді. Осы бір азаматтың патриоттығы ғой, сондай қиын уақытта мақаланы батылы жетіп, журналға басып жіберді. Әйтпесе, Арал теңізі туралы трагедия 1967 жылдың тамыз айында басталған. Сол кезде-ақ Арал айтуға болмайтын тақырып ретінде шеттетіле бастаған-ды.

Арал содан бері менің тағдырыма айналып кетті. Мұны айту себебім, дәл сол мақалада схемасымен, сызуымен Есілден Торғайға, Торғайдан Аралға, мына жағы Шудан, Ыстықкөлден, Тобылдан, Ырғыздан тартып суды келтіру көрсетілген еді. Сол мақала Аралдың алғашқы қарлығашы болды. Жақында Аралға келген ғалымдар тобына соны көрсетіп едім, бәрі мақұлдады және таңғалды. Осыдан 57 жыл бұрын бұл мәселенің көтеріліп, айтылғаны олар үшін тосын жаңалық та болған сияқты. Бірақ, мен ол мақаламен ғана шектелген жоқпын. Республикалық және облыстық газет-журналдарда ол туралы ондаған мақала жаздым. Көптеген сызба арқылы талдап, жолын көрсетуге мүмкіндігімше тырыстым, айттым, жаздым. Ғалымдар менің айтқанымды түртіп алып та отырды. Ол басшылықта "Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару" халықаралық қорының жоба үйлестірушісі әрі менеджері Арман Тоғатай және "Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы, жерлесіміз Оразхан Қарлыханов деген азаматтар болды. Осындай бір жақсы кездесу болды, Арал халқымен бірге талқыланды, мақұлданды. Өкініштісі сол, мен облыс орталығындағы үлкен жиынға қатыса алмадым. Ол – бөлек тақырып, – деді эколог.

Аралға солтүстік пен оңтүстік қос қанат болса...

Су саласын көп жылдан бері жазып жүрген жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы Аралға солтүстік пен оңтүстік өңіріміз суды қатар берсе, бәрі жақсы болатынына сенеді.

– Осылайша, облыс орталығында өткен жиында бұл жоба мақұлданған. Себебі, бұл – Сырдарияға ғана байланып қалған, сусамыр, су сұрап жатқан өлкемізге келетін судың көзі. Егер оңтүстік тауларымыздағы дария шаршаған болса, солтүстік көмекке келеді. Бұл – үлкен екі қанат. Қазақ айтады ғой "екі сиырды тел емген бұзау балпанақтай болып өседі" деп. Бұл солтүстіктен келетін суды айтқаныма жарты ғасырдан асты. Солтүстікте су мол болған жылдары біз соларға үміт артамыз. Ал, оңтүстіктің суы болған жағдайда солтүстік ағыны бізге демеуші болады. Осындай бір үлкен жаңалық Арал өңіріне, Қызылорда жеріне, Сырдың төменгі алабына келді деп қуанышпен айта аламыз. Есілді картадан қарап отырсаңыз, бізге қарай төмендеп келе жатып, Державинск деген Жарқайың ауданының орталығына келіп, күрт бұрылып Ертіске құйып, ары қарай Солтүстік мұхитқа кетіп қалады. Осы жерден 30 шақырымдай ғана жер, 60 метр тереңдікте болады дегенмін, соны бермен қарай Торғайдың алабына жеткізсек, Торғай транзиттік арнасы бар, булану шығынын өзі көтереді, берілген судың мұрты да бұзылмастан біздің желке жағымыздағы Құрдымкөлдің маңайына Бақшақ-Байтақ көлдер маңына жеткізеді. Біраз уақыт бұрын осы Бақшақтың төңірегінде Торғайдың суын Аралға жеткізу туралы ұмытылысы, талпыныс-талабы болған. Сөйтіп Бағысбаев бөгетін салып, Торғайдың аяқ жағындағы Айғырөткел деген жерден Атықай-Дәгір, Қасқырлы-Шатырлы деген арналарды, жүлгелерді қуалап отырып, Қарақұм совхозының Көкаша деген фермасының сыртына дейін суды жақындатқан. Өйткені, пәленбай ғасыр бұрын Аралға 4 өзен құйып тұрған. Олар Торғай-Ырғыз, Шу-Сарысу және Сырдария мен Әмудария болса да, – деп сөзін жалғастырды ол.

Көршімізге ұнаңқырамайтын шешім бар

Сайлаубай Жұбатырұлы ғалымдар тобының барлық жайтты жіті зерттегенін, Державинск, Торғай мен Аманкелді тұрғындарының Арал теңізінің жағдайына бейжай қарамағанына ризашылығын білдіреді.

– Ғалымдар тобы барлық жайтты зерттеген. Әуелі Державинскінің халқымен кездескен, өте дұрыс істеген, өйткені олар қарсы бола ма деген қауіп болған, өйткені әртүрлі аралас халық бар, аты да айтып тұр дегендей. Бірақ сол жақтың адамдары "Аралға деген көмегіміз болса, Есілдің суынан бөлуге қарсы емеспіз" деп айтыпты. Бұл – үлкен ағайынгершіліктің, адамгершіліктің көрінісі. Бұл – біздің бірлескен болмыс-табиғатымыздың белгісі. Одан төмен Торғай, Аманкелдінің халқымен кездескен. Торғайдың халқы бұған қуанбаса, қарсы болмайды ғой. Бұл топ осылай 2-3 пунктке соғып, халықтың рұқсатын алып, келісіп, демократиялық принципті Аралға жеткен екен. Аралдың халқы логика бойынша қалай қарсы болсын, қуанып жатыр. Бірақ, арамызда жүрген керітартпалар бар. Неше түрлі сөзімен елді бүлдіріп отыруы керек, ши шығарып, ескі бір дауын ортаға салып, берекесін кетіруге тырысты. Бірақ, мұны елеп-ескерген ешкім болмады, тыйым салып отырды. Аралдың халқы мұндай керітартпа адамдарды әлдеқашан анықтап қойған. Осылайша, көзге көрініп тұрған нәрсенің өзіне ши жүгіртуге тырысты. Бірақ енді, қазақтың мәтелі бар ғой, "Ит үреді, керуен көшеді" деген. Сондықтан, қанша жерден жолын кес-кестей бергенімен, болмайды.

Мен ол ғалым інілеріме айттым. Былтырғыдай, яғни 2024 жылғыдай көп тасқын су бола бермейді. Судың да, бәрінің де есебі бар. Есілдің өзінің суы көп, үлкен өзен деуге келмейді. Бірақ, Есілдің бір қасиеті бар: оған қанша топансу болмай, құрғақшылық жылдары, қар аз түскен уақытта да оған сенім арту – заңды, дұрыс нәрсе. Алла Тағала топансуды бере бермейді ғой.

Онан басқа жазған мақалаларда, зерттеулерде мен Астанаға Есіл бассейніне Ертістен су келтірудің басқа да жеңілдеу Ерейментау арқылы келетін жолын атап көрсеткенмін. Әлде де айтамын дедім. Яғни, білгеніммен бөлісуге дайын екенімді жеткіздім. Олар бұны жазып алды. Мұны жақсы қабылдадым. Ертістің суынан 8 млрд текше метр аламыз деген жоспары бар. Бұл көршімізге ұнаңқырамайды. Бірақ, ешқандай заңбұзушылыққа бармай-ақ Ертістің суыннан 15 миллиард текше метр су алуымызға мүмкіндік бар. Ертістің суын болашақта алғанда істеп жатқан тіршіліктеріміздің перспективасы одан сайын ашыла түседі. Біз Солтүстік Аралды бір деңгейге көтереміз дегенде шолақбелсенділердің жұмысы секілді 5-10 жылға емес, 50 жылға немесе 100 жылға дейін есептеуіміз керек. Сонда ол жыл аралығында Ертіс ғана емес, басқа да мүмкіндіктерге жол ашып, технология мен ғылым дамып, жер жүзінде көптеген өзгеріс болуы мүмкін, Аралдың үміті оянуы мүмкін. Сондықтан мұны болашағы бар қадам деп есептеймін, – деді Сайлаубай Жұбатырұлы.

Ертістен бері қарай су алу – фантазия емес, өмірлік қажеттілік

"Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу" жобасының жетекшілері бұл үшін алдымен каналдар жүйесін салу, Торғай өзені салаларының арналарын пайдалана отырып, Қостанай облысы Торғай ауданынан "Сарықопа" және Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданынан "Торғай" су қоймасын салуды қажет ететінін айтады.

– Есіл, Торғай ғана емес, Орталық Қазақстанды суландыра келіп, Ертістің ағынын Аралға жеткізу ісімен қарымды түрде айналысуға біраздан бері Кіші Аралдың жайы қолбайлау болды. Бұл жерде біреуге кінәрат артқың келмейді, бірақ жамандықтың бір көлеңкелі жағы болады. Әйтпесе, Ертістің жайын біраздан бері көтеретін уақыт болды. Су шаруашылығы министріне, Президентке ашықхатым "Қазақ әдебиеті" газетіне шықты. Осы туралы мақалаларым шығып жүрсе де, мен нақты саясатқа шегелеп бара алмай жүрмін. Солай жүргенде мынадай жағдай болып жатыр, оған да шүкір деп айтуға болады. Ертістен бері қарай су алу – фантазия емес, өмірлік қажеттілігіміз. Бұл әлі де дами түседі, терең мағынаға ие болады, – деп сөзін қорытындылады эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы.

Қорытындыласақ, болмайды деген сөз болмайды. Аралға елдің бар аймағы жан-жақтан тіреу болса, теңіздің толарына үміт ояна түсері сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу