Арбаға таңылған тағдыр

3769

"Анамның ақылына құлақ түріп, жаңа өмірдің қақпасын қақтым".

Арбаға таңылған тағдыр

Өмір бірде өзекті пендесіне шуағын төгіп, мерейін үстем етсе, енді бірде суығына тоңдырып, жанын жүдетеді. Кейде қас қағым сәтте адамның тағдыры күрт өзгеруі мүмкін...

Сын сағат

Қарағандылық журналист Айсұлу Асан 2004 жылы қайғылы жағдайға ұшырап, тағдырдың тауқыметіне тап болды. Автокөлік аударылғанда Айсұлу 8 айлық қызымен бірге далаға атып кетті. Сәбиін періштесі қақты, ал өзі мойын омыртқасы қатты зақымдалып, төсекке таңылды. Ол бірнеше күрделі отаны бастан өткеріп, мүмкіндігінше қатарға қосылуға тырысты. Бірақ бұрынғыдай тік тұрып кете алмады. Сал ауруына шалдығып, қоларбаға отырды.

"Жүре алмай қалғанда бұдан былайғы өмірім өксікпен, өкінішпен өтеді ғой деп ойладым. Жүйкем жұқарып, қатты күйзелдім. Жолдасыма, балаларыма масыл боламын ба деген жаман ой жанымды жегідей жеді. Мені шыңыраудан отбасым мен туыс-туғандарым алып шықты. Олардың қолдауы маған өмірге басқа көзбен қарауды және оны басқа қырынан көруді үйретті", - деді Айсұлу.

Оның айтуынша, анасының бала кезде айтатын сөзі жанына желеу, дәтіне қуат болған.

"Анам ешқашан, ештеңеге мойымауды, қолдан келгенше қиындықпен күресуді талап ететін. "Бордай үгітілгенше, болаттай беки түс", - дейтін. Мен анамның ақылына құлақ түрдім. Сөйтіп жаңа өмірдің қақпасын қақтым", - деді кейіпкеріміз.

"Бақытым – балаларым"  

Айсұлу Қарағанды облысының Жарық станциясында тұрады. Отбасын құрғанына 15 болды. Бүгінде жұбайымен бірге 3 бала өсіріп отыр.

Ол көлік апатына ұшырағаннан кейін 6 жылдан соң екінші баласын дүниеге әкелді. Перзент сүю туралы шешім қабылдаған кезде дәрігерлер қиын болатынын алдын ала ескертіпті. Алайда ол ұрпақ жалғастыру туралы ойынан бас тартпаған көрінеді.  

Үшінші баласын дүниеге әкелгенде де Айсұлу жанын шүберекке түйіп жүрді.  "Тоғыз ай бойы арбада отырып, бала көтеру оңай болған жоқ. Есесіне өмірге ұрпақ әкелдім. Бұдан артық қандай бақыт бар? Қазір қарайған 3 балапаным жұбайым екеуіміздің көз қуанышымыз әрі қолқанатымыз болып отыр" - деп күлімсіреді ол.

Сөз арасында Айсұлу өзін мүмкіндігі шектеулі адам санамайтынын және өзіне адамдардың мүсіркей қарағанын қаламайтынын айтты.

"Жігерімді жасытқым келмейді. Сондықтан айналама күші мен қуаты көп  адамдардың жиналғанын қалаймын. Өйткені олар мені алға қарай жетелейді", - деді Айсұлу.

"Асыл жарым – жайнаған жасыл бағым"

"Өмірде қол жеткізген жетістігім болса, ол - жұбайымның маған көрсеткен қолдауының арқасы. Құдай қосқан қосағым мені жігерлендірмегенде сарыуайымға салынып кетер ме едім, кім білсін?" - дейді үш баланың анасы.

Айсұлудың  сүйіп қосылған жары Самат Асан кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде ол Айсұлуды қатарынан қалдырмай, балаларымен бірге бақытты өмір сүріп отыр.

"Адамның өмірінде мінез-құлқы үлкен рөл атқарады деп ойлаймын. Айсұлудың мінезі өте салмақты. Ол мақсатына жету үшін жанын салып еңбек етеді. Жұбайымның ізденімпаздығы мен мақсатшылдығына күні бүгінге дейін тәнті болып келемін", - деді отағасы.

"Ресейге емес, өз еліме жұмыс істегім келеді"

Журналистика мамандығын меңгерген Айсұлу арбаға таңылса да, мамандығымен қош айтысқан жоқ. Журналист-коперайтер болып жұмыс  істеді. Екі жыл бойы еліміздегі ақпараттық сайттың бірінде мәтін редакциялады. Биылдан бастап ол басқа жұмысқа ауысты.

"Қазір ресейлік компанияда жұмыс істеп жатырмын. Ғаламтор арқылы жұмыс берушінің тапсырысын орындап, тұрақты айлық алып отырамын. Бірақ мен Ресейге емес, өз еліме жұмыс істегім келеді", - деді ол.

Айсұлудың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бірінші орында денсаулық, екінші орында жұмыс тұрады.

"Бүгінгі қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдар былай тұрсын, аяғы мен қолы балғадай адамдардың өзі жұмыссыздықтың шырмауына шырмалған. Мұндайда мойымау керек. Салыңды суға жіберсең, мүлде сынып қаласың, - деді ол.

"Атың барда ел таны, желіп жүріп..."

Айсұлу ел аралап, жер танығанды жақсы көреді. Бұған дейін отбасымен талай рет шет елге шықты.

"Біздің еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың басым бөлігі үйден шықпай, отырып қалады. Оларды "мүгедек адамның қыдыруы қиын" деген ой тежейді. Бұл – қате түсінік. Адам өзіне өзі шектеу қоймауы керек. Мүмкін болған жағдайда ел аралап, жер тану қажет. Қазір мен түрлі сайттар мен журналдарға мүгедектер туризміне қатысты мақала жазып жүрмін. Мұндағы мақсатым мүмкіндігі шектеулі адамдарға өзімнің мысалым арқылы өмірдің жарқын жағын көрсету", - деді Айсұлу.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу