Ардагерлерге ақылы жолда тегін жүруге мүмкіндік берілмек

4158

Үкімет пен "Qazaqstan Ardagerleri" өзге де жеңілдіктерді пысықтауда. 

Ардагерлерге ақылы жолда тегін жүруге мүмкіндік берілмек

Бір жылдай бұрын, 2020 жылғы 6 мамырда Қазақстан тарихында тұңғыш рет "Ардагерлер туралы" заң қабылданды. Оған қатысты пікірталас көп болды. Заң кейбір ардагерлерге де ұнамады, олар жаңа жеңілдіктердің қарастырылмағанына қатты назаланып, заңды "бос нәрсе" деп сынады.

Бұған жауап ретінде Үкімет жеңілдіктердің мемлекет пен бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай болашақта берілетініне сендіріп бақты, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Алматы тұрғыны, Ауған соғысы ардагері Алексей Решульский Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған хатында жеңілдіктерден не хабар барын сұрастырды.

"Жақында бір жайттан құлағдар болдым. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар ақылы жолдарда ақы төлеуден босатылуы мүмкін көрінеді. Алайда ақпарат құралдарынан да, меморгандардың ресми сайттарынан да ол жайында ешқандай ақпарат таба алмадым. Бұл жеңілдікті енгізу мәселесі қалай ілгерілеуде? Оны қалай пайдалана аламыз? Қайда тіркелуіміз керек? Осы мәселені ертерек түсіндірсеңіздер екен", – дейді ардагер.

Министрліктiң Автомобиль жолдары комитетiнің төрағасы Сайранбек Бармақовтың түсіндіруінше, қолданыстағы "Автомобиль жолдары туралы" заңына сәйкес, ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша жеңілдіктер тек бірнеше мекемеге ғана берілген. Яғни, ақылы жолдарда қызметтік міндеттерін орындаған кезде жедел жәрдем ұйымдарының, өртке қарсы қызметтің, авариялық-құтқару қызметтерінің, патрульдік полицияның және әскери техниканың арнаулы автокөліктері тегін жүру құқығына ие. Осылайша, қолданыстағы заңнамада соғыс ардагерлеріне мұндай жеңілдіктер ұсынылмайды. 

Дегенмен, ардагерлік ұйымдардың сұрауымен осы қатарға тағы бір санатты қосу қарастырылуда.

"Автомобиль жолдары комитетi 2020 жылы жеке заң жобасына бастамашы болды, ол арқылы автокөлік жолдарының ақылы учаскелерінде ҰОС ардагерлері мен соларға теңестірілгендердің жеңілдікпен жүруіне жол ашатын түзету енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Заң жобасы қабылданып, күшіне енсе, ардагерлер "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына жүгініп, ақылы жолдарда жүруде жеңілдік алу жайын анықтай алады. Бұл үшін https://qaj.kz/ сайтындағы QAJ24 ашық желісі арқылы немесе байланыс орталығының 1403 нөміріне жүгінуге болады", – деді ведомство төрағасы.

Оның мәліметінше, көлік туралы жаңа заң биылғы 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлануда. Оның қабылдануы жөніндегі ақпарат ИИДМ ресми интернет-ресурсында жарияланады.

"Qazaqstan Ardagerleri" қауымдастығы Ауған ардагерлері үшін пойызбен жүруде де жеңілдіктерге қол жеткізбек ниетте.

Мәжіліс депутаты, қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұл өткен жылғы қарашада "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа хат жолдаған екен. Бақытбек Смағұл 2020 жылғы 6 мамырда "Ардагер заңы" қабылданған соң, өз тұсында Отан алдындағы антына адалдық танытып, мемлекеттің жолдауымен шет елдер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, соның ішінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқандар көптен күткен мәртебесін алғанына назар аудартады. Енді бұл мәртебе біртіндеп нақты мазмұнмен – қолдау және қамқорлық шараларымен қанығуы керек.

"Ауған соғысының аяқталғанына 32 жылдай уақыт өтті. Оның ең жас қатысушыларының өзі елу жастан асты. Қазіргі экономикалық жағдайда мемлекеттік бюджет аясында әлеуметтік қорғаудың барлық түрімен қамтуға мүмкіндік болмағандықтан, аталған заңның 17-бабына сәйкес ұйым басшысының құзыреті шегінде қосымша әлеуметтік қолдау, емделуге барып-келу жол ақысын төлеу бойынша жеңілдікті белгілеу құқығы қарастырылған. Сондықтан 1979–1989 жылдары Ауған соғысына қатысқан ардагерлер үшін теміржол көлігімен жүруге жеңілдіктер қарастыруыңызды сұраймын. Кезінде ауғандықтар үшін мұндай жеңілдік болған. Көптеген ардагердің қазіргі қиын экономикалық жағдайларын ескере отырып, жолда жүру жеңілдіктерін қайтару – уақытында қабылданған ізгі шара болар еді", – дейді Бақытбек Смағұл.

Депутатқа жауабында "ҚТЖ" ардагерлерге қошемет көрсетіп, жеңілдік беруге дайын екенін білдірді. Теміржол компаниясының дерегінше, әлеуметтік мәні бар қатынастар бойынша жол жүруге жеңілдіктер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығында 2019 жылғы түзетумен бекітілген. Ендігі мәселе коммерциялық бағыттарға жеңілдік алуда болып тұр.

"Deutsche Bahn Engineering&Consulting-пен ынтымақтастық аясында 2021 жылы жаңартылған Адалдық бағдарламасын енгізу жоспарлануда. "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның Адалдықтық жаңартылған бағдарламасын енгізу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтары, соның ішінде Ауған соғысы ардагерлері үшін тек коммерциялық мартшруттарда жүретін "Тальго" пойыздарына жеңілдік карталарын енгізу мәселесі ұсынылуда", – деп жауап берді ҚТЖ басшылығы.

Дегенмен, ұлттық компания бір мәселеге тоқталды: 2016–2018 жылдар аралығында "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ы шешімімен ардагерлер үшін тек қана коммерциялық маршруттар бойынша жүретін "Тальго" пойыздарындағы жол жүру құнының 50%-ы көлемінде жеңілдіктер берілген-тін. Алайда "басқа азаматтардың жеңілдіктер алу бөлігінде соғыс ардагерінің мәртебесін теріс пайдалануының жиілеп кетуіне байланысты" аталған жеңілдіктер жойылыпты.

Яғни, майдангерлер жеңілдігін басқа адамдардың теріс пайдалануы, соның атынан өзіне жеңілдікпен билет алу деректері кездескен. Сол себепті ҚТЖ мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін Ауған соғысы ардагерлері тізімінің Ауған соғысы ардагерлері қоғамының дерекқорымен автоматты сәйкестендірілуін қамтамасыз етуді өтінді.

Осы орайда "Qazaqstan Ardagerleri" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа да хат жазғанын хабарлады. Мәжіліс депутаты "Ардагерлер туралы" заңының 7-бабында Ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылғанын еске салды.

"Еліміздің Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңында осы санаттағы ардақты ардагерлерімізді қолдау үшін және қоғамдағы өз орны мен мәртебесін сезінуі үшін оларға ҚР Қорғаныс министрлігінің Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің бірыңғай куәлігін беру мәселесін қарастыруыңызды сұраймын", – деді депутат.

ҚТЖ ардагерлерге сәйкестендіру механизмі мен жеңілдіктің қолданысқа енгізілуі мерзімін белгілеу үшін бірлескен талқылау өткізуді ұсынды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу