Арестович: ұлттық қаһарман ба әлде сатқын ба?

2059

Батыс ақпарат құралдары "феномен" деп жоғары бағалаған саясаткер халықтың сүйіктісінен лезде жеккөрінішті тұлғаға айнылып шыға келді. 

Арестович: ұлттық қаһарман ба әлде сатқын ба? Фото: yandex.kz

Би-Би-Си Ресей-Украина соғысындағы "Алексей Арестовичтің феномені" өз зерттеушісін күтеді деп жазды. Себебі майданның екі жағында да үлкен аудиторияға сөзін өткізе алған, белгілі бір шамада құрмет пен қошеметке ие болған, Украинада да, Ресейде де жағымды эмоциялар туғыза білген украиналық саясаткерді табу қиын. Оны екі елде, бір мезгілде қаһарман және шарлатан санады, бір мезгілде жақсы көріп, жек көрді, бірақ оның сөзіне екі елдің ақпарат құралдары мән берді, сарапшылары құлақ түрді.

1990-шы жылдары Алексей Арестович Бас барлау басқармасында қызмет еткен, запастағы майор. Актерлық тәжірибесі де бар: 1990-шы және 2000 жылдары театрда ойнаған, кино мен жарнамаға түскен. 2000 жылдан бері психологиялық семинарлар, тренингтер жүргізген, ресейлік психолог Авессалом Подводныйдың авторлық мектебін бітірген. Киевтегі әулие Фома Аквинский Діни ғылымдар институтында теологияның қыры мен сырын меңгерген.

2014 жылы Ресей Донецк пен Луганск облыстарын басып алып, Донбаста соғыс басталғанда, Арестович "Халықтық резервист" бағдарламасы аясында ұрыс салушы әскери құрамаларды даярлаумен айналысты. 2014–2017 жылдары антитеррористік операция аймағындағы әскерилерге психологиялық қолдау көрсеткен қайырымдылық қорды ұйымдастырды. Өзінің айтуынша, тікелей майдан шебіне 33 рет әскери тапсырма орындаған. 

Ол Украина Президенті Владимир Зеленскийдің кеңсесіне 2022 жылдың басында, Ресей кең ауқымды шапқыншылық жасаған алғашқы күндері келді.

Украина Президентінің кеңсесіндегі көңіл-күй күйгелектік пен дүрбелеңге жақын болатын. Жау әскері Киев шетіне дейін кірді, көшеде тоқтаусыз дабылдатқыш азынады. Ірі қалалардан шығар жолдардың бәрі қашқан адамдардың көліктеріне кептелді. Қалған адамдар қор жасақтау үшін супермаркеттерге жүгіріп, ұзынсонар кезек түзді. Ер-азаматтар бұрыннан сайлаған керек-жарағын алып, военкоматтарға ағылып жатты. Осы дүрлікпе шақта президенттік команда сабырлы, қоңыр ғана дауыспен билік атынан елді тыныштыққа, дабыраға бой алдырмауға, саналы қимылдауға, білікті қорғанысқа шақыратын беткеұстар тұлға қажет болды. 

"Сұхбаттарының бірінде Арестович соғыстың алғашқы күндерінде телеэекрандардан, YouTube-тен, әлеуметтік желіден өзі уағыздаған үндеулеріне өзі де жете сене қоймағанын мойындағаны бар", – деп еске түсіреді Би-Би-Сидің Украинадағы тілшісі Святослав Хоменко.

Өзінің мәліметінше, Арестович осылай 360 күн эфир өткізіпті. Ол өз аудиториясын ойшыл, сыршыл, мұңшыл, өршіл арнаға салып, түрлі әсерге бөліп, әлдиледі. Мұның әсеріде көп болды: зымырандармен, снарядтармен жерден, әуеден, теңізден үздіксіз, үстемелете бомбаланған Украина халқының басым көпшілігі жаппай дүрлігіске түскен жоқ, қайта қас дұшпанға қарсы жұмылды. Сонысымен әлем жұртшылығын таңдандырды, тәнті етті.

"Жау алдында моральдық тұрғыда да тізе бүкпейміз: ахуал неғұрлым нашарлаған сайын, соғұрлым жарқын кейіппен жымиямыз", – деді миллиондаған көрерменіне теледидар, компьютер, смартфон экрандарынан қайырылған Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович.

Тіпті алыс шетелдің ақпарат құралдары да оның рухтандырушы, жігерлендіруші сөздері, гипноздық интонациялары, оптимистік болжамдары жаны жабырқаған, тәні жараланған көптеген украиналықтар үшін дем болғанын жазды. Тұрғындар оның түнгі үндеулері мен сұхбаттарын қосып, мейірбан жүрекпен тербеткен үніне елтіп, тыныш тауып қана ұйықтай алатындарын жазды. Ол майдан даласына, әлдебір "құпия тапсырмалармен" сапарға кеткенде жұрт шынымен оны тағатсыздана күтіп, сенделетін.Бауырлас деп саналған көрші елдің неліктен басып кіріп, қынадай қырып жатқанын түсіне алмай, дағдарған, осынша ауқымдағы сұрапыл соғыстың боларына сене алмай, санасы сансыраған украиналықтарға шынында да сабырға шақырып, жанын жай тапқызушы дүние қажет еді. Арестович бұл функцияны жоғары біліктілікпен, майталмандықпен орындап шықты.

Оның бейнесі сыра маркасына айналды, оның есімі әскери әнге қосылды, оның фотолары жүздеген мем, әзіл суреттерде көрініс тапты. Әлеуметтік сауалнамалар Арестовичтің Украинадағы қоғамдық сенім лидерінің біріне айналғанын паш етті. Ол атақ пен даңқ нұрына бөленді.

Соғыс ұзаған сайын украиналықтар сабырға шақырудан гөрі майдан даласындағы нақты жағдайды білгісі келді. Ал Арестович болса, құпияны айтуға, тіпті жария болған жайтқа түсініктеме беруге өкілеттігі жоқтығына сілтеп, егжей-тегжей, жай-жапсар атаулыдан бойын аулақ салумен болды. Ал сағат сайын ахуал өзгеріп жатқанда, бір апта бұрын өтіп кеткенді растап, бүге-шігесінен сыр шерту көп адамға қызық болмады. Соғыстың басталғанына бірнеше ай өткенде билік те халықпен коммуникациясын жетілдірді: шайқастардың қорытындыларын, майдан даласындағы өзгерістерді Украина Қарулы күштерінің (ЗСУ) ресми спикерлері күнбе-күн, жедел жариялап, ақпарат айдынын өзекті мағлұматтармен қанықтырды.  

Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі жұрт назарынан жоғалып кетпеді. Бірақ оның мәлімдемелері украиналық аудиторияның басым бөлігінің кіжінісін туғыза бастады. Жергілікті сарапшылар "Арестович ресейліктерді соғыс жүргізуге үйретіп жүр" деп сынайтынды шығарды.

Бұған Алексей Арестовичтің ресейлік заңгер, Мемдуманың экс-депутаты Марк Фейгиннің Фейгин-LIVE ютуб-арнасындағы сөздері түрткі болды. Мысалы, бірде Арестович РФ армиясының соғыс салу өнерінің нашарлығын сынай келе, олардың тіпті "сауатты шегіне білмейтініне" назар аудартты. Фейгиннің нақтылаушы сұрағына жауап бергенд "әскер ұйымдасқан түрде шегінуге тиістігін, яғни жолдардың бәрін миналап, тұзақ миналар қойған жөн екенін" жеткізді. Ақыр соңында Херсоннан, Запорожьеден шегінген Ресей армиясын індеткен ЗСУ сондай тұзақтарға кезікті. Жолды миналардан тазартқанша, РФ жауынгерлері қоршауда қалмай, Днепрден ары қарай өтіп кетті.

Арестович тағы бірде Ресей армиясы сауатты қорғана да алмайтынын алға тартып, қорғаныс мықты болу үшін кем дегенде үш эшелон құрылуға, үш және одан көп жолақ фортификациялық бекіністер тұрғызылуға тиістігін түсіндірді. Әйтпесе, Украина армиясы ресейлік бір бекіністі басып алса, олар кері қашып, арт жағында бас сауғалар окоп та таппай қалатынын ескертті. Қазіргі кезде Ресей Украинаның басып алған барлық өңірлерін осындай мықты бекіністерге айналдырып алды, УҚК-ға қарсы шабуыл жасауға мүмкіндік қалдырмай тастады.  

Арестович "орыс елі соғыс үшін ұжымдық жауапкершілік арқаламауға тиіс" деген сияқты Украинадағы ұстанымға кереғар ойларымен, орыс мәдениетінің "ұлылығын" тамсана суреттеуімен, Украинадағы орыс тілінің болашағын қорғауымен де хейтерлерінің санын күрт көбейтіп, жұртына жақпай қалды. Оған деген сын, шағымдар қордалып жатты. Оның былтырғы көктемде соғыстың тез бітетініне қатысты болжамы да рухтандыру сипатынан айрылып, оның әскери адам ретіндегі біліксіздігінің көрінісіне айналды.

Ақыр соңында Днепрдегі оқиға шыдам теңізін тасытқан соңғы тамшы рөлін атқарды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтар күні РФ қарулы күштері Днепр қаласына зымыранмен соққы жасады. Зымыранның бірі көпқабатты тұрғын үйге тиіп, оны жайратып салды. Соңғы мәліметтер бойынша соның салдарынан қаза тапқан тұрғындар саны 44 адамға дейін жетті.  

Қайғылы оқиға болғаннан кейін, көп кешікпей "Фейгин Live" эфирінде түсініктеме берген Алексей Арестович трагедия украиналық әуе шабуылынан қорғану күштері ресейлік зымыранды қағып түсіруі кесірінен болуы мүмкін деген болжамын айтты.

Өз зымыранының тұрғын үйді жермен-жексен еткені туралы ресейлік бас штаб та, ақпарат құралдары да тіс жармай, үнсіз қалған. Алайда Арестович мәлімдемесінен кейін, ресейлік пропаганда ұлардай шулап қоя берді. Мұны "Украина армиясының өз қалаларын өзі жайратып жатқанының" үлгісі ретінде ұсынды. "Днепрдағы қайғылы оқиға Украина ПВО-сы кесірінен болды, мұны Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі мойындады" деп жазды ресейлік ақпарат құралдары.

Алексей Арестовичтің мәлімдемесіне қатысты Украинаның Әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещукке үн қатуға тура келді. Генерал-лейтенант Днепрдегі тұрғын үйді қиратқан ресейлік Х-22 дыбыстан жылдам зымырандарын атып түсіретіндей қару Украина қорғаныс күштерінің қолында жоқтығын түсіндірді. Сөз соңында ол мұндай ақпараттар жау қолындағы қаруға айналатынын еске салды.

Украиналық әскери сарапшы Олег Жданов та атып түсірілген зымыран тұрғын үйге осынша залал келтіре алмайтынын, өйткені мұндай жағдайда оның жарылғышы бар оқтұмсығы әуеде жарылып, жерге тек сынықтары құлайтынын, одан бірнеше пәтерге ғана зиян келуі мүмкіндігін ескертті. Ал мына жағдайда зымыранның тұрғын үйге дөп тиіп, ішінен жарылуы орын алған. Салдарынан оның тұтас подъезі жермен-жексен болып, үйіндіге айналды.  

Алексей Арестович үйге ПВО атып түсірген зымыранның құлағаны туралы нұсқаны оған Днепрде тұратын танысы, әуе шабуылынан қорғаныс күштерінің бұрынғы жауынгері айтқанына сілтеме жасап ақталды. Бұрын ол қате ақпарат бермепті.

Қайғылы оқиғадан қан жұтып, қабырғасы қайысқан Украина қоғамының үлкен бөлігі Арестовичке бұл ағаттығын кешпеді. "320 күн бойы тікелей эфирлер өткіздім, қатты шаршадым, содан осындай қате жіберіп алдым" деп ебедейсіз сұраған кешірімін де қабылдамады. "Бахмуттағы Украина солдаттары – міне, нағыз шаршағандар солар. Ал сен жылы жерде тіліңе ие болуың керек еді" деп сынады сарапшылар.

Ақыры жұртшылықтың қысымымен кеше, 17 қаңтарда А.Арестович Президент кеңсесінен өз еркімен отставкаға кетуге өтініш жазды.

Арестович қанша тырысса да, Зеленскийдің ең жақын адамдарының аз шоғырына қосыла алмады. Украина Президенті өзін қаштыға, не өлдіге санаған ресейлік пропаганданың кезекті мәлімдемесін жоққа шығару үшін резиденциясы алдында талай рет Президент кеңсесінің ұжымымен бірге видеоға түсті. Оның бірде-біріне Арестовичті шақырмады. Ал бұл азамат жұрттың жүрегін лоқсытқан "улы нысанға" айналғанда билік одан арылуды жөн санады. Өйткені Украина басшылығының ұлы тарихи миссиясы бар: жауды жеңу, елді азат ету керек. Одан алаңдататынның бәрі – жаудың пайдасына қызмет етуі мүмкін.

Арестович кетерінде тісін бір қайрап қойды. Ол қаптаған жанжалдар кесірінен Минск келіссөз тобындағы украиналық делегация құрамынан қуылғанын ойға оралтты: "Сол жолы мен кеткен соң бір жарым айдан кейін соғыс басталған. Бұл жолы не боларын көрерміз", – деді қуғынға ұшыраған саясаткер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу