Америкалық саясаттану ғылымы кеңейтілген "Орталық Азия аймағы" кеңістігіне жатқызып жүрген Ауғанстанда 2021 жылы қарулы төңкеріс болды. АҚШ Президенті мәртебесінде, бірінші каденциясы тұсында Дональд Трамптың Құрама Штаттардың әскерін Ауғанстаннан шығару және билік пен ұлттық армия тізгінін ауғандардың өзіне тапсыру туралы бұйрық шығаруы соның бір алғышартына айналды.
Бұл процесті толық аяқтауды келесі Президент Джо Байден мойнына алды. Алайда ол оны дұрыс ұйымдастыра алмады. Батыс әскерінің шығарылуын және үкіметтік қарулы күштердің әлжуаз күйде қалуын пайдаланып, қарулы оппозиция – тәліптер 2021 жылғы жаз бойы белсенді қимылдап, провинцияларды бірінен соң бірін өз қолына көшірді. Кей өңірді қару күшімен алса, кейбірінің жұртшылығы күштің тең болмауы және жемқорлыққа батқан бұрынғы биліктен шаршағандықтан, тәліптерді амалсыз құшақ жая қарсы алды.
2021 жылдың тамызында Америка жауынгерлері мен басқа халықаралық күштер ел астанасы Қабулды асығыс тастап шыға бастады. Бұл кезде Қабул қаласын тәліптер қоршай бастады.
Ауғанстанның ресми билігіне қалуға тиіс болған мол арсенал, батыстық көптеген әскери техника адыра қалды. Сол кезде елу шақты америкалық әскери ұшақ пен тікұшақты иеленген ауған үкіметтік әскерінің өкілдері сонымен Өзбекстанға және Тәжікстанға қашты. Пентагон кейін ол әскери әуе көліктерінің бір бөлігін Өзбекстанның өзінде қалдыруына рұқсат етті.
Батыстық коалиция күштерін елден әкетуге тартылған әуе көліктері жалғыз Қабул әуежайында шоғырланды. Ұзақ жыл соларға жұмыс істеген мыңдаған жергілікті тұрғын елден кетудің басқа жолы жабылғандықтан, отбасымен әуежайға шұбырды.
Тез табанын жалтыратуға тырысқан жатжұрттық әскерилердің жоспарына оларды құтқару кірмеді. Ақпарат құралдары әуежайда болған алапат теракт, ұшақтардың шассиіне жабысқан адамдардың биіктен құлауы, қарсыластың атқылауы және басқасы кесірінен жүздеген бейбіт тұрғынның босқа қырылып қалғанын жазды.
АҚШ пен халықаралық күштер әскерін Ауғанстаннан шығару 2021 жылғы 30 тамызда толық аяқталды (жоспар бойынша бұл үдеріс тек сол жылғы қыркүйек айының ортасына қарай бітуге тиіс еді). Ал, Ауғанстан Ислам Республикасының ресми билігінің құлауы және елде "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) радикалды қозғалысы билігінің орнауы одан бұрын, 2021 жылғы 15 тамызда орын алды.
Сол күні Ауғанстанның сайланған президенті Ашраф Ғани Президент сарайын тастап шығып, шетелге қашып кетті. Осыдан кейін үкіметтік күштерге шабуыл операциясын ұйымдастырған тәліптер бірнеше сағат өткенде Қабулды толығымен дерлік бақылауына алды.
Яғни, елдегі билік тарихи тұрғыдан алғанда көз ілеспес жылдамдықпен ауысты. Бұл Ауғанстанда 2001-2021 жылдарға созылған 20 жылдық соғысқа нүкте қойды. Бұрынғы Ауғанстан Ислам Республикасы таратылып, орнына Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылды.
Әлемдік қауымдастық билік басына демократиялық сайлау нәтижесінде емес, күш қолдану жолымен келген жаңа режимді мойындау-мойындамауға қатысты дилеммаға тап болды. Өйткені Deutsche Welle жазуынша, көптеген елдерде "Талибан" әлі күнге "лаңкестік ұйым" ретінде тіркеуде тұр. Бүгінде тәліптерді тек Ресей ғана ресми таныды.
"2021 жылғы тамызда Ауғанстанның ресми билігіне көптеген мемлекетте террористік ұйым ретінде қабылданатын "Талибан" радикалды қозғалысының келуі тек уақытша құбылыстай көрінді. Бақылаушылар тәліптер тұсында ел халықаралық деңгейде түбегейлі оқшауланып қалатынын ескерткен болатын. Міне, 4 жыл өткенде жағдай басқаша көрінеді", – деп назар аудартты Deutsche Welle.
Тәліптер билігін мықтап бекітті. Беріктігі сонша, онымен Орталық Азия елдері мен Қытай уағдаластық-келісімдер бекітті, ынтымақтастықты жолға қоюда. Сондай-ақ Германия және басқа да көптеген еуропалық елдің үкіметтері іс жүзінде Қабулдағы билікпен қатынастарын қалыпқа келтіруге талпынуда. Бұл дегеніміз, Батыс та енді тәліптерді қас емес, дос та емес, бірақ келіссөз жүргізуге болатын серіктес ретінде қабылдайды деген сөз.
"Биылғы 2025 жылғы шілдеде Ресей тәліптердің үкіметін ресми мойындаған тұңғыш мемлекетке айналды. Осылайша, РФ Ауғанстандағы АҚШ-тың өз еркімен бас тартқан 4 жыл бұрынғы орнын иеленуге, яғни, биліктің басты серіктесіне айналуға тырысып отыр", – дейді париждік Inalco университетінің шығыс тілдері мен мәдениетін зертттеуге маманданған халықаралық қатынастар зерттеушісі Сардар Рахими.
Дегенмен, тәліптердің өзі төрдегі бұл орынды Қытайға ұсынғанға ұқсайды. Сарапшының байламынша, тәліптердің билігін ресми танымағанымен, Бейжің Ауғанстандағы ресми үкіметпен тығыз экономикалық және дипломатиялық байланыстар орнатуға ұмтылуда.
2024 жылдың қаңтарында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ауғанстанның жаңа елшісінен сенім грамотасын салтанатты түрде қабылдап алды. Сарапшының пікірінше, Ауғанстан шың еліне жаңа Жібек жолын – "Бір жол, бір белдеу" инфрақұрылымдық жобасын жаһандық деңгейде өрістету үшін аса қажет.
Өйткені Қытаймен, Пәкістанмен, Иранмен, Өзбекстанмен, Түрікменстанмен және Тәжікстанмен шектесетін ауған елі тоғыз жолдың торабында жатыр. Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияға, Парсы шығанағына, әрі қарай Түркия мен Еуропаға, тіпті Африкаға жолдар мен бағыттар осы Ауғанстан арқылы өтеді.
Бұған қоса, Қытайдың жоғары қарқынмен дамыған өнеркәсібіне ауған жерінің астында толып тұрған пайдалы қазбалар өте қажет. Мысалы, Ауғанстанда мұнайдың біршама мол қорының барлығы енді анықталды. Оны ҚХР барлап-өндіруге кірісуде.
Жаңа билігін ресми танудан бас тартқанымен Германия бастаған ұжымдық Еуропа Қабулмен дипломатиялық байланыс арнасын қалыптастырды, ол бұрыннан тәліптердің штаб-пәтері орналасқан Қатар мемлекеті арқылы жүреді. Мысалы, жиырма жылдық соғыс кезінде және билік ауысқаннан кейін елден босып, Батысқа қашқан ауған босқындарын отанына кері депортациялау үшін Еуропа елдері Ауғанстанның қазіргі билігімен келіссөздер жүргізуге және оның ұстанымымен санасуға мәжбүр. Соның ішінде тәліптер талап еткен тұлғаны ұстап, еліне аластайды.
"Тәліптер билігін орнатқалы Германия депортацияланған ауғандықтар толы 2 авиарейсті Қабулға аттандырды. Жалпы алғанда, Ауғанстанға осы елдің 109 азаматы депортацияланды. Оның арасында 56-сы ғана ГФР-де түрлі қылмысы үшін сотталған. Pro Asyl құқық қорғау ұйымы Ауғанстанға қатысты мұндай депортациялық рейстерді "халықаралық құқықты өрескел бұзу" деп бағалады. Адам құқығы жөніндегі еуропалық конвенция адамдарға адамгершілікке жат қарым-қатынас қаупі төніп тұрған елге депортациялауға тыйым салады", – дейді журналист Васлат Хасрат-Назим.
Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль RedaktionsNetzwerk Deutschland-қа сұхбатында тәліптермен техникалық байланыстар орнатылғанын растады. Ол мұның "саяси және құқықтық емес, тек таза практикалық тұрғыдағы" байланыстар екеніне табандады.
Еуропаға қарағанда, ауғандық босқындарды Пәкістан мен Иран әй-шайға қаратпай, көптеп әрі жаппай еліне қайтаруда. БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (UNHCR) дерегінше, бір ғана 2025 жылы, тамыз айындағы жағдай бойынша осы екі елден Ауғанстанға қайтарылған адамдардың саны 2,1 миллион адамнан асып кетті.
Қыркүйектен бастап, елде болуының заңды мәртебесіне қарамастан, тағы 1,3 миллион адамға күштеп депортациялану қаупі төніп тұр. Ауғанстанда салыстырмалы түрде бейбіт ахуал орнады деп есептелетіндіктен, Пәкістан бұдан былай БҰҰ-ның ауған босқындарына берген тіркеу куәліктерінің мерзімін ұзартпайтын болды.
Алайда ақпарат құралдары Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай әлі күнге апат күйінде қалып тұрғанын еске салды. Осы жағдайда миллиондаған босқынның шетелден қайтарылуы тәліптер үкіметі үшін салмақты проблемаға айналды. Оралмандардың не баспанасы, не жұмысы, не табыс қайнары жоқ. Біразы тәліптердің тәртібін жатсынады.
Еуропалық комиссияның дерегінше, қазіргі кезде Ауғанстанда 22,9 миллион адам халықаралық көмекке тәуелді. Қайыршы күйдегі тұрғындардың саны ел халқының жартысына жетеқабыл.
Трамптың АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігін (USAID) жабуы және гуманитарлық көмек көрсетуді доғаруы биылғы шілдеден бастап Ауғанстанға гумкөмек жіберу саласында дағдарыс туғызды. Салдарынан 3 миллион адам медициналық қызметтен айрылып қалды. 420 клиника жабылды.
Жұмыссыздар қатарының азаюына тәліптердің әйелдерге біраз салада жұмыс істеуіне тыйым салуы да ықпал ете алмады. Жаңа билік қыз балаларға мектепке баруға, жоғары білім алуына тыйым салды.
Бұрынғы ауған дипломаты Шукрии Баракзайдың мәліметінше, Ауғанстанда бүгінде әйелдер қоғамдық өмірге қатысудан толық аулақтатылды. Олар отбасы, ошақ қасымен шектеледі. Әрі кетсе, базарда, дүкенде сауда жасай алады. 12 жасқа дейінгі 1,4 миллион қыз бала мектепке бару құқығынан айрылды. Орта және жоғарғы оқу орындарына да қыз-келіншектерді қабылдауға шектеу қойылған.
БҰҰ мәліметінше, қан-қасап қырғыннан әлсіреген Ауғанстан экономикасы 2024 жылы 2,7%-ға артты, яғни, өсім жолына шығуда. Сонымен қатар ел шетелдік көмектің азаюы және халық санының қарқынды өсуі сияқты көптеген салмақты проблемаларды бастан өткеруде.
Егер билік ауған жерінің асты-үстін толтырған ен байлықты, бірінші кезекте мұнайды ұтымды өндіріп, халықаралық нарықта тиімді саудалай алса, бәлкім, ғасырлар бойы соғыстан көз ашпаған бұл ел бақуатты мемлекеттердің қатарына қосыла алар?