"Әріптестеріме жаным ашиды" – Салтанат Байқошқарова

Халықтың санасы ақылы медицинаға дайын емес.  

"Әріптестеріме жаным ашиды" – Салтанат Байқошқарова

Соңғы уақытта елімізде дәрігерлерге қатысты даулы істер көбейіп, қоғамдық талқыға түсе бастады. Тіпті дәрігерлердің мәртебесін түсірмеу үшін оларды  сақтандыру, арнайы сот ашу мәселесі де көтерілді. Inbusiness.kz тілшісі осы және медицина саласындағы өзге де өзекті тақырыптар төңірегінде репродуктолог-дәрігер Салтанат Байқошқаровамен ой бөлісіп қайтты. 

– Салтанат Берденқызы, елімізде дәрігерлерді тұтқындауға қатысты іс қызу талқылануда. Қазақстанда жылына ақ халаттылардың үстінен орта есеппен 600-700 қылмыстық іс қозғалады деген дерек бар. Сіз не дейсіз?

– Қазіргі кезде қоғамда агрессия басым. Айналамызда ашулы адамдар көбейіп кетті. Салдарынан дәрігер мен ұстаздың мәртебесі төмендеді. Оған кім кінәлі? Оған біздің санамыз кінәлі. Мықты білім алған мамандар бар. Орташа деңгейдегі мамандар бар. Яғни халық қандай болса, дәрігерлер де сондай болады. Өйткені олар сол халықтан шықты. Меніңше, дәрігер болам деп шешкен адамға бірден "батыр" деген атақ беру керек. Мысалы Германияда, АҚШ-та дәрігерлерді "интеллектуалды элита" деп қабылдайды. Ал бізде медицинаға келген адамдарға төмен жалақы тағайындайды. 10 жыл оқып, жұмысқа кірген маман бар болғаны 60-70 мың теңге айлық алады. Сұлулық салондарында кірпік жабыстыратын адамдарға 500-600 мың теңге төленеді. Ал еліміздегі тәжірибелі дәрігердің орта жалақысы 150-200 мың теңге. 10 жыл оқып 70 мың теңгеге кімнің жұмыс істегісі келеді? Осы тұрғыдан әріптестеріме жаным ашиды.

– Рас айтасыз, өткен жылғы статистикалық мәліметтер бойынша дәрігерлердің орташа айлығы 142 мың теңге болған. Қалай ойлайсыз, мәселе тек жалақыда ма?

–  Дәрігерлер туралы теріс түсініктің қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдары да кінәлі. Қаншама адамның өміріне араша болған, медицинадағы алдыңғы қатарлы технологияларымызды меңгерген мамандарымыз көп. Алайда олардың еңбегі айтылмайды. Мыңнан бір дәрігер шалыс басса, сол айтылады. Дәрігерді науқастар келіп сабап кетті деген масқара ғой. Біздің елде дәрігерлердің хәлі мүшкіл. Өйткені қоғамда оларға қатысты айқай-шу басым. Мұндайды болғызбау үшін арнайы механизм ойлап табу керек.

– Дәрігерлік сот ашу керек деген ұсыныс айтылуда. Бұл дамыған мемлекеттер тәжірибесінде бар үрдіс. Осыған қалай қарайсыз?

– Германияда дәрігерлер қауымдастығы деген бар. Оған ақ халаттылар жылына шамамен 1000 еуро жарна төлеп, мүше болады. Егер сол дәрігер жүргізген ем дұрыс болмай, оның үстінен іс қозғалса, шешуші рөлді дәрігерлер қауымдастығы атқарады. Яғни құпия түрде істі қатарынан бірнеше сарапшыға жіберіп, тәуелсіз сараптама жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша үкім шығарады. Қателік дәрежесіне қарай қайта оқыту, жұмыстан шеттету сынды жазалар қолданады. Қауымдастық шешім шығарғанға дейін дәрігер жұмысын жалғастыра береді. Ал бізде кінәлі болсын-болмасын қамап тастайды. Бірден жазалауға көшеді. Қоғам дәрігерден бірден теріс айналады. Дәрігер депрессияға түседі. Ал бұл уақытта сол маманның көмегі қаншама адамға қажет. Германияның үлгісі өте дұрыс. Дәрігерлерге қатысты істерді ақ халаттылар қарауға тиіс. Шешім шығаратын кезде прокурор мен соттың ойы емес, медицина мамандарының пікірі негізге алынуы керек.

– Бұл үшін заңға өзгеріс енгізу керек пе?

– Елімізде қылмысты нақты дәлелдемей тұрып, дәрігерлерді абыройсыз ететін жағдайлар жиі кездеседі. Өз басым әріптестерімнен "қылмыстық кодекстің дәрігерлерге қатысты баптарын реттеу керек" деген пікірді жиі естимін. Өйткені бізде жала жабатындар көп. Ұлттық медицина қауымдастығы бар. Сол қауымдастыққа науқастардың жіберген 100 арызының 90%-ы эмоциямен жазылады. Яғни дұрыс қарамады, дұрыс сөйлемеді, ұзақ күтіп қалдық деген шағымдар. Тек 10%-ы шынайы жағдай. Ал сол 90%-ды зерттейтін арнайы департамент бар. Қарап отырсаңыз, мемлекеттің қырыуар қаражатын босқа шығындап, дәрігерлердің берекесін қашырудамыз.

– Осы жерде дамыған мемлекеттердің тәжірибесін қолдануға қалай қарайсыз?

– АҚШ-тың тәжірибесін алуға болады. Мәселен, Америкада арыз жазу үшін адам жүз рет ойланады. Егер сол шағым негізсіз болса, қандайда бір шығын шығарылса, соның барлығын арызды жазған адамның өзі өтейді. Моральдық өтемақы талап етіліп, оның өзінің үстінен іс қозғалуы мүмкін. Ал бізде халықтың санасы ақылы медицинаға дайын емес. Өйткені тегін ем алуға үйреніп алған адамдар ақылы емге ақша төлегісі келмейді.

Жасыратыны жоқ, жақсы ем жасаған дәрігерге артық ақша бергісі келетіндер көп. Осы мәселені заң жүзінде, мекеме кассасы арқылы шешу мәселесін реттеу қажет.

– Сонда "рахмет" сыйақы түрінде, ресми түрде берілуі керек пе?

– Иә, бұл жалақысы аз дәрігерлерге өте үлкен көмек. Мен мұны қолдаймын. Егер алатын 70 мың теңге ештеңеге жетпейтін болса, біз неге көлгірсиміз? Неге бір-бірімізге өтірік айтамыз. Бізде дәрігер қолбала сияқты. Яғни медицина мамандарын қазір қызмет көрсететін даяршыларға теңеп қойды. Медициналық қызмет деп айтатын болды. Қызметті келушілерді қарсы алатын, ине салып тұрып жылы сөйлейтін медбикелер көрсететін шығар. Шын мәнісінде дәрігерлік қызмет емес, көмек.

– Келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру  туралы не айтар едіңіз?

–  Былтыр 150-ге жуық квота алдық. Сол квота бойынша эко жасатқандардың 80 %-ы бала көтерді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілсе, квота саны артып, көптеген адамдардың бала сүю мүмкіндігі жоғарылайды. Сондықтан мен міндетті сақтандыруды қолдаймын.

–       Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу