"Аристі" айналып өте ала ма?

1337

Грекияның командасы елордалық клубтан сескеніп отыр.

"Аристі" айналып өте ала ма?

Биыл тұсауын кескелі отырған Конференция лигасы жарысының екінші айналымында елордалық "Астана" грекиялық "Арис" командасына қарсылас атанды. Өткен жылы Грекия біріншілігінде үшінші орын алған бұл команданың еурокубокте тәжірибиесі аз демесеңіз, әлеуеті өте жоғары. Араға 40 жыл салып бұл команда ішкі біріншілікте қола жүлдегер атанды. Соның арқасында еурокубокке қатысуға жолдама алып отыр. Ал негізі 2014 жылы бұл клуб қаржылық қиындықтарға тап болып, өзінің 100 жылдығын тойлап өте де алмай қалды. Амалсыз аудандық лигаларға дейін түсіп, қайта өрледі. Жылдам арада қайта шығып, біріншіліктің берік командаларының біріне айналды. Клуб қазір швейцариялық компанияға тиесілі. Үш мәрте УЕФА кубогына қатысқаны болмаса, "Аристің" халықаралық жарыстарда бой көрсеткенін байқамаппыз.

"Олимпиакос" пен ПАОК командаларынан кейінгі сатыда орналасқан "Арис" осы жақында ірі трансфер тіркеді. "Галатасарай", "Вердер" секілді командаларда ойнаған босниялық шабуылшы Изет Хайрович енді бұдан былай Солоники қаласының клубында өнер көрсетеді. Айтпақшы, бұл шабуылшы Босния құрамасы сапында Қазақстанға қарсы ойнауы ықтимал. Одан бөлек бразилиялық қақпашы Дени Сезер де Матос та "Арис" қатарына келіп қосылды. Бұлардан бөлек команданың негізгі ойынын жүргізетін аргентиналық легионерлерді де айта кетуіміз қажет. Бертольо Факундо мен Даниель Манчини секілді футболшылар жартылай қорғаныстың серкелері. Шамбуылшы Димитриос Манос өткен біріншілікте 35 ойында 7 гол салып, команданың үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар, шабуылдағы шығармашылықпен айналысатын бразилиялық Лукас Саша деген футболшыны да ерекшелеп айтқымыз келеді. Оған кезінде ағылшын клубтары қызығушылық танытқан екен. Өзі де болгарияның мықты клубы "Лудогорец" сапында Чемпиондар және Еуропа лигаларында доп тепкен. Жалпы, "Арис" легионерлерді әлемнің түкпір-түкпірінен іздепті. Мысалы, еуропа футболында Маврикий елінен келген футболшыларды көп байқамайсыз ғой. Ал бұл командада ондай ойыншы бар. Роуз Линдсей деген қорғаушы негізгі құрамның футболшыларының бірі. Одан бөлек Швеция, Испания және Тунистен келген де ойыншылар баршылық.

Бір сөзімізде "Аристі" тәжірибиесіз команда деп айттық. Иә, Еуропа лигасына екі жыл қатарынан қатысты. Алайда, өткен жылы алғашқы айналымда украинаның "Колос" деген командасынан ары өте алмады. Өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ, 7 шілде күні бұл ұжым Аустрия жерінде жолдастық матч өткізіп, Мәскеу қаласының "Локомотив" командасын 2:1 жеңіп жіберді. Бұл матчта "Локомотив" Федор Смолов бастаған негізгі құрамымен шыққанын айта кетуіміз керек. "Арис" сапында аргентиналық Эсекель Гарсия мен португалиялық Бруно Гама гол салды.

Мінекей, қарсылас команда жайлы азды-кем ақпараттар осындай. "Аристің" ресми сайты болса "Астана" сапында ойнайтын Тигран Барсегянға тоқталып өтіпті. Ол іріктеу матчы кезінде Армения құрамасының сапында Грекияға гол салған екен. Соны тілге тиек ете отырып, Марин Томасовтай сұрмергені мен Абзал Бейсебеков сынды жартылай қорғаушысы мықты деп жазыпты. Алғашқы матч "Астана Аренада" 22 шілде күні өтсе, жауапты матч Грекия жерінде 29 шілде ойналады. "Астана" мол тәжірибиесіне сеніп, екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтуі тиіс. Алайда, Станимир Стойлов керісінше болжам беріпті. Сондықтан да, матчтың өзін күтуден басқа бізде амал жоқ.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу