"Арлан" елордадан екі ұпаймен қайтты

2101

"Барыстың" фарм-клубы дүйсенбіде өз айдынында Қазақстан чемпионатының екінші матчында күтпеген жерден көкшетаулық "Арланға" ұтылды.

"Арлан" елордадан екі  ұпаймен қайтты

"Көшпенділер" мен "Арландардың" Нұр-Сұлтанда қайта кездесуі олардың жексенбіде өткен алғашқы ойындарынан мүлде өзгеше болды. Бірінші кезең аяқталғанша есеп ашылмады. Бірақ екінші үзіліске қарай 3:0 есебімен "Номад" көш бастады. Нәтижесінде "көшпенділер" қонақтарды 6:1 есебімен жеңіп, чемпионат көшбасшысы өскемендік "Торпедодан" есеп айырмашылығын бес ұпайға дейін қысқартты.

Ал дүйсенбі күні екі команда арасында өткен кездесуде "Номад" бірден басымдылығын көрсетті. Матчтың үшінші минутында-ақ Егор Петухов қақпашыдан айласын асырып, бос қақпаға гол соғып, есеп ашты. Алғашқы кезеңнен кейінгі үзіліске дейін 10 секунд қалғанда Никита Назаренко сол қапталмен қонақтардың аймағына өтіп, қақпаға дәл соққы бағыттады. Осылайша хоккейшілер 2:0 есебімен екінші үзіліске кетті.

Бұл нәтиже 2-кезеңде айдын иелерінің қырағылығын бәсеңдеткендей болды. 32-минутта Александр Евграфов "Номадтың" қақпасына гол соқты. Содан кейін екінші үзіліске 17 секунд қалғанда Вадим Ермолаев айдын иелерінің екі қорғаушысының қателігін пайдаланып, есепті теңестірді.

Соңғы, үшінші кезеңде ойын барысы мүлде өзгерді. "Арлан" үшінші жиырма минутта басымдылық танытты. Бұл жолы Станислав Боровиков көзге түсіп, үшінші голды "көшпенділер" қақпасына соқты. Ал Вадим Бердников есепті 2: 4-ке жеткізді. Осыдан кейін "Номад" қарап қалмады. 44-минутта Петухов осы матчтағы дубльін орындады. Ал кездесу аяқталуға бес секунд қалғанда "көшпенділер" қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Бұл жолы Петухов хет-трик жасап, есепті теңестірді. Осылайша матч овертаймға ұласты.

Овертайм шамамен үш минутқа созылды. 2 минут 54 секундтан соң Константин Куликов айдын қожайындарының қақпасынан саңылау тапты. Кездесу 4:5 есебімен, "Арланның" пайдасына аяқталды. Нәтижесінде, "көшпенділер" бұл ойында бір ғана ұпайға ие болса, ал көкшетаулық "Арлан" елордадан екі ұпай еншілеп қайтты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу