"Арманға жол" бағдарламасы Петропавл электротехникалық зауытының 100-ден астам қызметкеріне қоныс тойын тойлауға көмектеседі

9308

"Отбасы Банк" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) мен "Петропавл электротехникалық зауыты" ЖШС "Арманға жол" бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. 

"Арманға жол" бағдарламасы Петропавл электротехникалық зауытының 100-ден астам қызметкеріне қоныс тойын тойлауға көмектеседі

Петропавл электротехникалық зауытының басшылығы өз қызметкерлеріне баспана сатып алуға қолдау көрсетуді ұйғарды. Осылайша, Отбасы банкіндегі депозитке баспанаға қажетті бастапқы жарнаны жинақтау кезеңінде компания қызметкерлерін 3 жыл мерзімге жалға берілетін баспанамен қамтамасыз етуге дайын. Бұл қарапайым жұмысшыларды тұрғын үй құнының 50% салымдарына тезірек жинауға ынталандырады. Кейін олар төлем қабілеттілігін растамай-ақ, Отбасы банкінен жылдық 5%-бен (ЖТСМ 5,2% бастап) тұрғын үй заемын алуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ компания өз қаражаты есебінен қызметкерлердің салымдарын ай сайын 150 мың теңгеге толықтырып отырмақ. Ал "Арманға жол" бағдарламасы компания қызметкерлеріне өз жалақыларынан Отбасы банкіндегі депозитке автоматты түрде ақша аудару арқылы қажетті соманы жинақтауға көмектеседі. Ол үшін жұмысшылар зауыттың бухгалтериясына өтініш жазулары қажет, ізінше қаражат автоматты түрде олардың жалақыларынан бірден шотқа аударылып отырады.

"Арманға жол" кәсіпорын қызметкерлеріне жалақыдан Отбасы банкіндегі депозитке автоматты түрде ақша аудару арқылы жинақ жасауға көмектеседі. Осы жұмысты үйлестіретін және әріптестерінің қаражатын Отбасы банкіндегі шотқа аударатын ұйым қызметкері (бухгалтер) банктің серіктесі болады.

Жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын өз тұрғын үйлерін зауыт аумағына іргелес салып жатыр. Барлық пәтерлер таза әрлеуде, жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Сондай-ақ, қызметкерлерге ыңғайлы болу үшін бірінші қабаттарда балабақша жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта 104 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оны 2023 жылдың көктемінде аяқтау жоспарланған. Жуырда алғашқы 10 отбасы жаңа баспаналарына қоныстанып, 2023 жаңа жылды өз пәтерлерінде қарсы алмақ.

Бүгінгі таңда қазақстандық жетекші электр жабдықтарын өндіруші "Alageum Electric" компаниясының құрамына кіретін трансформаторлық жабдықты шығаратын зауыттың негізгі өндірісінде 150-ден астам, қосалқы өндірісте тағы 30 адам жұмыс істейді. Өндірістік қуаттарды кеңейтіп, штатты 1,5 мың жұмысшыға дейін ұлғайту жоспарда бар. Штат жұмыс күші көп аймақтардан келген жұмысшылар мен жергілікті қызметкерлерден тұрады. "Оңтүстік-Солтүстік" мемлекеттік қоныстандыру бағдарламасын қолдау мақсатында серіктестіктер тобы жас мамандардың отбасымен көшіп келуіне жағдай жасауда.

Бүгінге дейін солтүстік-қазақстандық түрлі ұйымдардың 300-ден астам қызметкері "Арманға жол" бағдарламасының қатысушысы атанды. Ал өңірдегі 80-ге жуық ұйым қызметкерлеріне баспанаға қаражат жинауға көмектесуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу