Армения неге Ресейге "достық емес пиғылдағы" қадамдар жасауда?

2493

Арменияның ресми өкілдері мен саяси элитасының Ресеймен әрі қарай одақтастыққа күмәндануы Мәскеудің үрейін ұшырды.

Армения неге Ресейге "достық емес пиғылдағы" қадамдар жасауда? Фото: news.myseldon.com

РФ сыртқы істер министрлігі "О ситуации вокруг Армении" деп аталатын ресми мәлімдеме таратты. Жоқ, онда Кремль Ереванды Қарабақты толық қайтарып алу жолында батыл қимылдаған түрік-әзірбайжан одағынан қорғап қалу, қолдау туралы әңгіме етіп отырған жоқ. Оның орнына одақтасына өзі қоқан-лоққы жасады.

"Армения Республикасының ресми ортасы мен саяси элитасында соңғы уақытта Ресеймен екі жақты негізде, сондай-ақ ҰҚШҰ аясында одақтастық байланыстардың орындылығына қатысты белгілі бір күмәнның пайда болғаны тіркелуде. Осы ауанда Армения басшылығы соңғы күндері достық емес, қастық пейілдегі қадамдар сериясын қабылдады. Оның арасында Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутын ратификациялау процесін іске қосу, Премьер-министрдің әйелі Aнна Акопянның Киевке сапарлауы және киевтік режимге гуманитарлық көмек беруі, 11 қыркүйекте армян территориясында АҚШ-тың қатысуымен әскери жатығуларды өткізу бар", – делінген РФ сыртқы саясат ведомствосының ресми мәлімдемесінде.

Осыған байланысты Арменияның Мәскеудегі елшісі Вагаршак Арутюнян Ресей СІМ-іне суыт шақырылды. Кремль оған "қатаң ескерту" жасалғанын жария етті.

Бұған қоса, елшісі арқылы Арменияға наразылық нотасы тапсырылды. Онда "Арменияның Ұлттық жиынының (Парламент) төрағасы А.Р.Симонянның РФ сыртқы істер министрінің ресми өкілі, ақпарат және баспа департаментінің директоры М.В.Захарованың және тұтастай алғанда, ресейлік сыртқы саясат ведомствосының атына қорлаушы, намысқа тиюші сөз айтуы өрескел іс деп танылатыны" айтылған.  

Бұдан бұрын, 6 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрлігінің спикері Мария Захарова Лашын дәлізіндегі ахуалға түсініктеме бере келе, мұны Арменияның Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындауының салдары деп атаған еді. Журналистер Мәскеудің осы ұстанымына қатысты Армения Парламентінің басшысы Ален Симоняннан пікірін сұрады. Бұған жауап ретінде ол "Ресейдегі әлдебір ведомствоның әлдебір "секретаршасының" пікірі оған қызық еместігін" мәлімдеді.

Армения басшысы одан да асырып, айызды қандыра айтты. Биылғы 3 қыркүйекте италиялық Republica басылымына берген сұхбатында Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Ресеймен одақтастықты анау-мынау емес, стратегиялық қателік деп атады.

"Біздің қауіпсіздік тұрғысынан Ресейге тәуелділігіміз стратегиялық қателік болды", – деді Пашинян.

Ол Арменияны Таулы Қарабақпен қосатын маңызды қатынас жолы – Лашын дәлізінің жұмысын қамтамасыз ете алмағаны үшін ресейлік солдаттарды айыптады. Салдарынан, "даулы өңірдегі армян тұрғындар теңдесі жоқ гуманитарлық апатты бастан өткеруде".

Осыдан кейін, 6 қыркүйекте Ұлттық жиынның төрағасы Ален Симонян Армения Парламенті Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутын ратификациялайтынын мәлімдеді. Мұны ол "Әзірбайжан қылмыскерлерін халықаралық сотқа тарту" қажеттілігімен түсіндірді.

"Рим статуты ратификацияланады. Құжат талқылану кезеңінде тұр. Одан бізге келетін пайда мен тиімділік көп. Себебі, біздің елімізге қарсы әскери қылмыстар жасалуда. Бізге, елімізге оны ратификациялау өте қажет", – деді Симонян армян ақпарат құралдарына.

Ал Ереван Рим статутын бекіткен соң Ресей президенті бұдан былай Арменияға бара алмай қалады. Себебі, Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді қамауға алуға ордер берді. Ал Рим статутына қосылған ел ретінде Армения Путинді тұтқындауға міндетті болады.

Осы себепті де биылғы 22 тамызда Кремльдің қожайынына Оңтүстік Африка республикасының орталығы Йоханнесбургте өткен БРИКС саммитіне барудан бас тартуына тура келді. Өйткені Рим статутына қосылған ел ретінде ОАР билігі Путиннің қолына кісен салуға мәжбүр болатынын Мәскеуге дипломатиялық жолдармен хабарлаған.

Өткен жұмада Армения үкіметі Рим статутын ратификациялау туралы заңнамалық бастамасын Парламентке бағыттағанын жариялады. Халықаралық қылмыстық соттың басты құжатына Армения 1998 жылы қол қойған еді. Алайда оны Парламент ратификацияламаса, ол елде күшіне ене алмайды. Содан былтырғы жылдың соңынан Пашинян үкіметі оның өмірге жолдама алуын жеделдете бастады. 2022 жыл түгесілер тұста армян үкіметі Конституциялық сотқа жүгінді. 2023 жылғы 24 наурызда Конституциялық сот ХҚС Рим статутында бекітілген міндеттемелер Арменияның Ата заңына сәйкес келеді деп таныды. Яғни, саяси ерік-жігер болса, енді оны толық қабылдап, күшіне енгізуге еш кедергі қалмады.

Арменияның бірінші ханымының Украинаға сапарлауы да Ресейге жақпады. Армения премьер-министрі Никол Пашинянның зайыбы Aнна Акопян осы сәрсенбіде Киевтегі "бірінші ханымдар мен джентльмендердің саммитіне" қатысты, сонда сөз сөйледі. Бұл форматты Украина тарапы ұсынған болатын. Бұған дейінгі форумдар 2021 және 2022 жылдары өтті. Армяндардың бірінші ханымы бос келмеген, гуманитарлық жүк ала келіпті. Осылайша, соғыс басталғалы Армения Украинаға алғаш рет көмек қолын созып отыр. Оның не көмек болғанын Ереван нақтыламады.

Ереванның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясындағы одақтастықтан бойын аулақ сала бастауы да Мәскеуге ұнамады. РФ СІМ-інің мәлімдемесінде бұл "достық емес пейілдегі қадамдардың" бірі ретінде аталған. Сарапшылар НАТО-ға қарсы құрылған әскери блок деп санайтын ҰҚШҰ құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.

2022 жылдың 23 қарашасында, Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде Н.Пашинян "Әзербайжанның агрессиясына нақты саяси баға берілмеді" деген сылтаумен, жиынның қорытынды декларациясына қол қоюдан бас тартты. Салдарынан, ұйым саммиті құжатсыз, нәтижесіз, мәнсіз аяқталды.

Оның үстіне бұл саммитті армяндар елдегі жаппай наразылық акцияымен қарсы алды. Көшелерді толтырған шерушілер "Путин, Лукашенко – персоны нон грата", "Россия – вон из Армении!", "Россия – враг!" және басқа да орыс тіліндегі, бірақ "достық емес пейілдегі" ұрандар мен плакаттар көтеріп шықты. Сонымен бірге митинг кезінде Украинаның туын желбіреткендер, айғайлап, Украинаға даңқ тілегендер көп болған.

Бұған қоса, биылғы қаңтарда Армения ҰҚШҰ-ның әскери жаттығуларынан бас тартты. Жоспар бойынша ол жаттығулар 2023 жылы Армения аумағында ұйымдастырылуға тиіс еді.

Ал биылғы 6 қыркүйекте Армения өзінің ҰҚШҰ-дағы өкілін кері шақыртып алды. Бұл Кремльдің төзімін тауысқан соңғы қадам болса керек. Армения Президенті (ондай лауазым да бар) Ваагн Хачатурян Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы республиканың тұрақты және өкілетті өкілі Виктор Бияговты осы лауазымынан кері шақыртып алу туралы шешім қабылдады. Президент өз жарлығында бұл шешімін Премьер-Министр Никол Пашинянның ұсынысы негізінде қабылдағанын атап көрсетті.

Ал Пашинян La Republica газетіне сұхбатында Арменияның болашақта ҰҚШҰ ұйымынан шығуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның пікірінше, ҰҚШҰ-ның өзі Армения алдындағы міндеттемелерін орындамады. Сондықтан Арменияның одан шығуы күн тәртібінен алып тасталған жоқ.

Бұған дейін Н.Пашинян мәлімдегендей, ресми Ереванға өзге елдерден озық қарулар немесе әскери техника алу туралы ұсыныс түскен, "бірақ Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігі кесірінен бұл мүмкіндік жабық болып тұр". Ұйым аясындағы келісімдерге сәйкес, оның мүшелері басымдықты түрде орыс қару-жарағын сатып алуы шарт.  

Мәскеу осы аптада Кремльдің армян еліндегі пропагандистері болып табылатын "Sputnik Армения" шолушысы Ашот Геворкян мен блогер Микайл Бадалянның тұтқындалуын да тіксіне қабылдады. Құзырлы органдар оларды тінту барысында қару тауып алыпты. Дегенмен кеше олардың қамаудан босатылғаны туралы хабар таратылды. Бұл ретте қылмыстық істің доғарылғаны жарияланбады. Соған қарағанда кремлшіл блогерлер өз насихатын уақытша доғару жөнінде құқық қорғау органдарымен келісімге келуі мүмкін. Армения Тергеу комитетінің дерегінше, екеуі де атыс қаруының заңсыз айналымын жүзеге асырды деген күдікке ілікті.

Саяси ақпарат орталығының бас директоры Алексей Мухиннің айтуынша, Мәскеудің басты қателігі сол, ол "Арменияның ешқайда кетпейтініне бек сенімді болды", тиісінше, оның талап, тілектерін жүре тыңдады, қалыптасқан кезек күттірмес проблемаларын шешуді соңғы орындарға ысырды. Дәл осы кезде ең қиын сәтте көмекке келмегені үшін армян қоғамы Ресейден түңілді. Әзербайжанмен соғыстағы жеңілістің бір себебін де Ресейдің салғырт, суық қатынасынан көріп отыр: "ұнжырғасы түскен армян жұртшылығы әсіресе Ресейдің ұстанымынан естен тана жаздады, қатты көңілі қалды".

"Ресей жауапкершілігін өз мойнынан ысырып тастай алмайды. Ол жауапкершілік танытпаған соң армян елін ауыр демотивациялық көңіл-күйлер жайлады", – деді А.Мухин.

Бүгінде Әзірбайжан мен Арменияның арасы тағы ушыға бастағандай. Сарапшылар қақтығыс қайта туындауы мүмкін деген пікір білдіруде. Осы сенбі күні Таулы Қарабақта әлем мойындамаған "Арцах республикасының" төл президентін сайлауы да әзірбайжан-армян шиеленісінің шешілуіне игі ықпал етпейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу