Армения Ресейге ұнамайтын тарихи шешім қабылдағалы отыр

642

Еуразиялық Одақтың мүшесі Армения Еуропалық Одаққа мүше болудың қамын жасай бастады.

Армения Ресейге ұнамайтын тарихи шешім қабылдағалы отыр Фото: canva.com

2025 жылғы 9 қаңтардағы жылашар отырысында Армения Үкіметі елдің Еуроодаққа кіру процесіне бастамашылық жасайтын арнайы заң жобасын мақұлдады. Бұл жоба "Евракве" азаматтық бастамасы аясында әзірленген екен.

Armenia News хабарлауынша, отырыста Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян құжатты ұсына келе, оны енді ел Парламенті – Ұлттық жиын қабылдауы қажеттігін жеткізді.

Мирзоян Армения мен Еуроодақ қарым-қатынастары соңғы жылдары қарқынды және мазмұнды сипатта дами бастағанын, өзара ынтымақтастық саяси, экономикалық, демографиялық және қауіпсіздік салаларын қамтитынын мәлім етті.

"Еуроодақ армян демократиясына батыл саяси қолдау көрсетуде. Ол Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады. Олар Әзербайжанмен шекарада төл азаматтық бақылаушылар миссиясын орналастырды. ЕО сондай-ақ Арменияның экономикалық орнықтылығын қолдауға дайындығын білдірді. Бұл ұйымға мүше мемлекеттер өте бай демократиялық дәстүрлерге, мықты демократиялық институттарға, еркін және бәсекелі ортаға, заманауи экономикаға, озық және дамыған ғылымға ие", – деген сыртқы істер министрі озық елге айналу үшін Арменияның енді осындай елдермен бірге болып, соларға қарап бой түзеуге тиістігін нықтады.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Никол Пашинян Арменияның Еуропалық Одаққа кіруі алда референдумға шығарылатынын жариялады. Ал, мына заң арқылы Арменияның "Еуропаға жолы" басталды.

"Бұл мәселеде түпкілікті шешім референдум жолымен қабылданады. Заңды Парламент қабылдаған соң біз ЕО-мен бірігіп, мүшелікке қатысты Жол картасын талқылауға тиіспіз. Онда еуропалықтардың өз қатарына алуы үшін Армениядан не талап ететіні, біздің қалауымыз қандай екені көрініс табады", – деді армян көшбасшысы.

Бұл ретте ұжымдық Еуропа да Арменияға қарай қадам жасап отыр. Еуропалық бейбітшілік қорынан (European Peace Facility) Арменияның 10 миллион еуро көмек алатыны және бұл тек бастамасы екені анықталды. 2021 жылы ғана құрылған бұл қор арқылы Брюссель өз серіктестерінің қорғаныс әлеуетін арттыруға, олардың өз бейбітшілігін нығайтып, әскери қақтығыстың алдын алуына көмек береді. Бұған дейін қор тек Украинаны, Грузияны және Молдованы қолдаған еді.

Бұдан бөлек, 2024 жылғы қыркүйекте Армения мен ЕО армян азаматтарының туристік және басқа мақсаттармен Еуроодаққа сапарлары үшін визасыз режим енгізу туралы келіссөздерді бастады.

Бұған қол жеткізу үшін ЕО Арменияға шекарадағы бақылауды күшейту, көші-қон мәселелерін шешу, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу және адам құқықтарын Еуропадағыдай қалтқысыз сақтау үшін реформалар жүргізу шарттарын қойды.

Премьер Пашинян Армения мен Еуроодақ арасында визасыз режимге енгізуді өте маңызды деп атады. Өйткені соңғы жылдары армяндар Ресейден гөрі еуропалық елдерге көбірек қатынай бастады, тиісінше, ЕО-ға қарай жолаушылар ағыны бірнеше есеге өсіпті. Бұл елден Еуропаға ұшатын рейстер саны тоқсан сайын көбеюде.

Бірақ бұл лектің әрі қарай артуына көші-қон шектеуі кедергі. Армения азаматтарына Еуроодақ елдерінің елшіліктерінен виза берілуін ұзақ күтуіне тура келеді, кезек те өте үлкен.

Армян саясаттанушысы Арег Кочинян референдумда еуроинтеграцияны жақтайтындар жеңетініне көп күмәнданбайды. 

Жергілікті JAMnews агенттігінің түсіндіруінше, 2025 жылғы тұңғыш отырысында Армения Үкіметі "ЕО-ға мүше болу процесін бастау туралы" заң жобасын мақұлдау арқылы "Eurovote" (еурореферендум өткізу) жобасын қолдады.

Өткен жылы 4 қоғамдық ұйым Арменияны "еуропалық отбасыға" қосу үшін "Евракве" ("Еурореферендум" деп аударылады) өткізу бастамасымен шықты. Олар еуроинтеграцияны ілгерілету үшін "Демократиялық күштер платформасына" бірікті. Олардың байламынша, Армения мейлінше тез Еуроодаққа кіруі қажет.

Осыдан кейін арасына беделді саяси, қоғам қайраткерлері кірген бастамашыл топ Арменияның ЕО-ға кіруі процесін бастау туралы қол жинауға кірісті. РФ қаржыландыратын жергілікті ақпарат құралдары, белсенділер бұған кедергі жасап бақты.

Мысалы, бірқатар армян ақпарат құралы: "10 күн өткенде "Евраквеге" қол жинау жарға жығылды", "Халықтың қызығушылық білдірмейтіні әшкереленді" деген сияқты мақалалар жариялап, қарсы үгіт жүргізді. Алайда шынында еуроинтеграцияшылдар қажетті 50 000 орнына 60 мыңнан астам қол жинады.

Орталық сайлау комиссиясы 52 мың қолды жарамды деп таныды. Егер "Евракве-Eurovote" қоғамдық бастамасына биліктің қолдауы болмағанда, ОСК елу мыңнан аз қолды ғана жарамды деп танитын еді.

Осыдан кейін 2024 жылдың соңында Арменияның ЕО-ға қосылуы мәселесі бойынша референдум өткізу туралы жоба Парламенттің – Ұлттық жиынның күн тәртібіне енгізілді. Талқылау депутаттық корпустың қарсы еместігін байқатты.

Ел басшысы Никол Пашинян бұл оқиғаны "Арменияның егемен құқығын жүзеге асырудың құралы", "төл мемлекеттік мүдделеріне негізделген тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуінің" нышаны деп бағалады.

Ереванның бұл қадамдары Мәскеуге жақпады. Кремль Еуроодаққа кіру үшін Арменияға Еуразиялық одақтан шығуға тура келетінін нұсқады. ЕАЭО-дағы сияқты өз ұлтүстілік құрылымдары бар ЕО-ның құжаттары да одан осыны талап етпек.

ТАСС-тың жазуынша, Ресей Еуразиялық одақпен байланыстарын доғарудың ауыр салдарлары болатынын Арменияға қатаң ескертті.

"Арменияның Еуроодаққа кіруі оның ЕАЭО-ға мүшелігімен үйлеспейді. Еуразиялық одақтан шығып кетсе, бұл республикада электр энергиясының бағасы өседі, экспорты қысқарады. ЕО мен ЕАЭО – бір-бірімен сыйыспайтын ұйымдар. Екеуінің ішінде де кедендік шекаралар жоқ, тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қарастырады. Демек, бұл екі одақтың басының бір жерде, бір елде қабысуы мүмкін емес. Сондықтан Армения қабылдап жатқан заң жобасы бұл елден енді таңдау жасауын талап етеді", – деді РФ вице-премьері Алексей Оверчук.

Оның айтуынша, Еуразиялық одақтан шығып кетсе, Арменияда азық-түлік тапшылығы басталады.

"Армян тауарларының экспорты 70-80%-ға құлдырайды. Салдарынан, қарапайым армяндар табысынан, жұмысынан айрылады. Электр қуаты, басқа да ең қажетті заттар үшін бұрынғыдан көп ақы төлеуіне тура келеді. Бұған айырбас ретінде ЕО Арменияға визасыз режим енгізіліп, оның халқын Еуропаға көшіреді. Арменияда депопуляция басталады", – деп үрейлендірді ресейлік вице-премьер Оверчук.

Дәл қазір Еуразиялық Одаққа экономикалық тұрғыдан тәуелді екенін Ереван жақсы түсінеді. Мысалы, 2024 жылдың 10 айында Арменияның ЕАЭО елдерімен тауарайналымы 11 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық жиынның өңірлік және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында АР экономика министрінің орынбасары Нарек Овакимян хабарлады.

Ал, Арменияның ЕО елдерімен сауда-саттығы былтырғы ұқсас кезеңде небәрі 1,7 миллиард доллар болыпты. Шенеуніктің айтуынша, Армения Одаққа кірген 2015 жылдан бері ЕАЭО елдеріне армяндық экспорт 10 еседен астамға – 300 миллион доллардан 2023 жыл қорытындысында 3,4 миллиард долларға дейін ұлғайған.

Экономика вице-министрі Арменияның Еуразиялық одақ елдеріне негізінен, шарап, коньяк, ауыл шаруашылығы өнімдерін және өнеркәсіп пен технологиялық мақсаттағы өнімдерді жеткізетінін айтты.

Бірақ еңбекқор Армения халқы Еуропада да аштан қатып, көштен қалмайды. Нарек Овакимян Еуразиялық одақта Армения үшін тек 150 миллиондық нарық қана қолжетімді болғанын қаперге салды.

Оның өзінде Ресей және Беларусь халықаралық алапат санкциялардың астында: нарығы оқшауланған, импорталмастыруға көшкен. 

Ал, Еуроодаққа кірсе, Арменияның алдынан жарты миллиардтай тұтынушысы бар алып нарық ашылады. ЕО статистикалық басқармасының дерегінше, 2024 жылғы 1 қаңтарда Еуропалық Одақ елдері халқының жалпы саны 449,2 миллион адамнан асты және бір жыл ішінде 2 миллиондай адамға көбейді. Жергілікті өндірушілер осы ұланғайыр нарыққа еркін қолжеткізсе, бұл Арменияның экономикалық дамуына зор серпін бермек.

Қазіргі кезде ЕАЭО-ға мүше болуы кесірінен республика Еуропа нарығына еркін шығу мүмкіндігінен айрылған. Сонымен қатар ортақ валютасы жоқ Еуразодақтан айырмашылығы, Еуроодақ өзіне мүше елдерге еуромен мол дотация, демеуқаржы, субсидиялар төлейді, орнықты өркендеуіне сүйеу болады. 

Қалай болғанда, РФ президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Арменияның Еуразиялық одақтан шығуына тура келетінін растады.

"Қатарынан екі әрбасқа ұйымның мүшесі болу мүлдем мүмкін емес. Бұлардың әрқайсысының төл кедендік кеңістігі, сондай-ақ тауарлар, қызметтер, адамдар және капитал еркін қозғалатын бірыңғай аймағы бар. Еуроодақтың өз мүшелеріне қоятын талабы Еуразиялық Одаққа ұқсамайды. Сол себепті, Арменияның ЕО мен ЕАЭО-да қатар болуы неғайбыл", – деді Кремльдің өкілі.

Ал, Еуроодақ Арменияның өзіне мүше болу талабын қош көретінін мәлімдеді. Еуропарламенттегі Армения мәселесі бойынша тұрақты баяндамашы Мириам Лексман ЕО-ның бұл елге құшағы ашық екенін жеткізді. Оның айтуынша, Еуроодақ өзінің құндылықтарын қолдайтын, одақ талаптарын орындайтын елдерді қатарынан көруге қуанышты.

Сонымен, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Арменияға 2 бағалау миссиясы келетін болды. Оның құрамына Еуропалық комиссияның және ЕО-ға мүше елдердің өкілдері кіреді. Сол сапарлар қорытындысында, 2025 жылдың ортасына дейін Армения-ЕО визалық режимін жеңілдету бағдарламасы әзірленіп, жұмыстар басталады. Бұдан бөлек, барлық салаларды қамтитын "Серіктестіктің жаңа күн тәртібі" атты кең ауқымды жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатыр.

Соған қарағанда, таяу болашақта Еуразиялық Одақ бір мүшесінен айрылып, онда тек Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан ғана қалатын түрі бар.

Осы орайда батылырақ қимылдаған Ереван биылғы жыл басында Иранмен арадағы шекарасында орналасқан "Агарак" бақылау-өткізу бекетінен Ресей әскерін шығарды. Армения Премьер-министрі Никол Пашинян өз елі 90-шы жылдары тәуелсіздік алғалы бері "Агарак" өткізу пунктіндегі шекаралық бақылауды Ресей шекара әскерлері жүзеге асырып келгенін еске салды.

Пашинянның мәлімдеуінше, бұдан былай, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұл шекарадағы бақылауды тек қана Арменияның шекара әскерлерінің қызметшілері жүзеге асыратын болады.

Осылайша, Ресей Арменияның Иранмен және Түркиямен шекарасындағы бақылауын жоғалтып алды. Армения Еуразиялық одақтан шықса, Мәскеу ондағы кедендік бақылаудан да айрылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу