Армениядағы сайлау: Түркі әлемінің тағы бір досы пайда болды

1038

Одақтас елде "Үшбасты шпиондық соғыс партиясына" қарсы қатал күрес басталады. 

Армениядағы сайлау: Түркі әлемінің тағы бір досы пайда болды Фото: ЖИ

Өткен сайлауда еуропашыл күштердің жеңіске жетуіне байланысты Ереванның Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мүмкіндігі барған сайын айқындала түскендей. Егер Армения Еуропалық Одақпен интеграциялану бағытын түпкілікті таңдаса, Қазақстанды не күтеді?

Өз кезегінде Мәскеу Ереванды тезірек таңдау жасауға ашық түрде асықтыруда. Айта кетер жайт, биылғы мамыр айының соңында Астанада өткен саммитте ЕАЭО елдерінің лидерлері іс жүзінде Арменияны ЕО-ға мүше болу мәселесі бойынша референдум өткізуге шақырған болатын. Inbusiness.kz біздің бизнес үшін армян нарығының маңыздылығын егжей-тегжейлі талдап, одақтастық қарым-қатынастардың ықтимал тоқтатылуынан келетін шығындарды салмақтап көрді.

Пайыздық үлесі ғана бар одақтас

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтері қайран қалдырады: 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында Қазақстанның бүкіл әлеммен емес, тек ЕАЭО аясындағы сыртқы сауда-саттығы көлемінде Арменияның үлесі небәрі 0,3%-ды құрады.

Өткен жылдардың динамикасы да ауқымды емес. 2024 жылы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымы 82 млн 855 мың долларды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 69 млн 263,5 мың долларға дейін құлаған. Әйтсе де, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында күрт өсім байқалды: өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 9 млн 602,3 мың долларға қарағанда 19 млн 62,8 мың доллар болды. Дегенмен, сауданың жалпы ауқымы өте мардымсыз күйде қалып тұр.

Бұл ретте 2025 жылы Арменияға өткізілген қазақстандық экспорт 35,3%-ға артып, 49 млн долларға жетті. Ал, ҚР-ға армян тауарларының импорты, керісінше, 56,6%-ға құлдырап, 20,2 млн долларды құраған.

Тарифтік сценарий: ЕАЭО орнына ДСҰ

Бүгінде Астана мен Ереван арасындағы сауда қатынастары ЕАЭО-ның бірыңғай нарығының аясында импорттық баждардан босатылған. Егер Армения экономикалық блоктан шықса және тараптар еркін сауда туралы екіжақты келісімге қол қоймаса, онда біздің бизнеске Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелеріне көшуге тура келеді.

Бұл жағдайда қазақстандық тауарлар үшінші елдерге қолданылатын Арменияның ішкі баждарына ілігеді. ДСҰ регламентіне сәйкес, Арменияда қолданылатын импорттық тарифтің орташа мөлшерлемесі 6,4%-ды, ал орташа өлшемді ставкасы 8,2%-ды құрайды.

Алайда Қазақстан үшін бұдан келер салдар елеусіз болуы мүмкін. Егер аталған пайыздарды біздің АР-ға аттанар экспортымыздың барлық көлеміне таратар болсақ, қазақстандық экспорттаушыларға түсетін қосымша қаржылық жүктеме жылына небәрі 3,1-ден 4 млн долларға дейінгіні ғана құрайды. Соңғы сан нақты тауар кодтары мен жеткізілім құрылымына байланысты құбылып отырады.

Қазақстанның әлеммен сыртқы сауда айналымы 2025 жылы 143 млрд 888,2 млн долларға жетті. Соның аясында Армениямен арамыздағы 69,2 млн доллар тауарайналым теңіздегі тамшыдай көрінеді. Осы себепті, Ереванның ЕАЭО-дан ықтимал шығуы тұтастай алғанда Қазақстанның макроэкономикасына ешқандай кері әсер етпейді. Тек Арменияда тұрақты сатып алушы-контрагенттері бар жекелеген компаниялар ғана зардап шегуі мүмкін: олар үшін шығындардың тіпті минималды өсуі бәсекеге қабілеттілікті жоғалту қаупін тудырады және жаңа нарықтар іздеуге мәжбүр етеді.

Негізінен, Қазақстаннан Арменияға темекі өнімдері (барлық жеткізілімнің шамамен 35%-ын алады) және шаш күтіміне арналған заттар (10% үлеспен) экспортталады. Сондай-ақ экспорт құрылымында астық, сүт өнімдері, электр аккумуляторлары, ет, косметика, дәретхана қағазы және басқа да тұрмыстық тауарлар бар.

ЕО Ереван құшағын ашты, Пашинян биліктің бүкіл тізгінін қолға алады

Мәскеу жаңа жауап шараларын әзірлеп жатқанда, Ереван ұжымдық Батыс тарапынан толық қолдауға ие болып, еуразиялық орбитадан қарқынды түрде алыстауын жалғастыруда.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Премьер-министр Никол Пашинянды оның "Азаматтық келісім" партиясының табысымен құттықтай отырып, енді Армения Еуропаға толықтай арқа сүйей алатынын мәлімдеді. Брюссельден келген ресми хатта "еуропалық отбасыға" кіруге таяған демократиялық Армениямен серіктестікті жоғары бағалайтыны атап өтілген.

"Құрметті Никол Пашинян мырза, Сізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! 2018 жылы Сіз бастаған Барқыт революцияның рухы тірі әрі жасай береді! Біз Еуропаға барған сайын жақындап келе жатқан демократиялық Армениямен серіктестігімізді жоғары бағалаймыз. Енді Армения бізге сенім арта алады", – делінген құттықтау жолдауында.

Барлық 2005 учаскедегі бюллетендерді санап болған Орталық сайлау комиссиясының 8 маусымдағы таңертеңгілік алдын ала мәліметтеріне сәйкес, ел Парламентіне – Ұлттық жиналысқа 4 саяси күш өткен болатын. Пашинянның "Азаматтық келісім" партиясы 49,81% (727 160 дауыс) нәтижесімен көш бастап тұрды. Одан кейін Самвел Карапетянның "Қуатты Армения" блогы 23,29%-бен (340 062 дауыс), екінші президент Роберт Кочарянның "Армения" блогы 9,94%-бен (145 097 дауыс) және олигарх Гагик Царукянның "Өркендеуші Армения" партиясы 4%-бен (58 368 дауыс) келе жатқан еді.

Алайда түстен кейін Ортсайлауком түзетілген мәліметтерді жариялады, бұл Царукянның партиясын парламенттегі орындардан айырды: ол міндетті шекті табалдырықтан аттай алмапты. ОСК басшысы Ваагн Овакимян ұсынған қорытынды хаттама дауыстарды келесідей бөлді:

• "Азаматтық келісім" партиясы – 727 160 немесе 49,825%.

• "Қуатты Армения" альянсы – 340 88 немесе 23,281%.

• "Армения" альянсы – 145 113 немесе 9,934%.

• "Өркендеуші Армения" партиясы – 58 378 немесе 3,996%.

Партиялар үшін өту шегі 4%-ды, ал, саяси блоктар үшін 8%-дан 10%-ға дейінді құрайтындықтан, одан төмен дауыс жиған аутсайдер партиялар мен блоктар борт сыртында қалды.

Ықтиярын білдірген сайлаушылардың келуі 58,97%-ды құрады. Тіркелген шамамен 2 млн 505 мың 228 сайлаушының ішінен 1 млн 477 мың 736 азамат өзінің сайлау құқығын пайдаланыпты.

ОСК басшысы Овакимян бұл көрсеткіштер де әзірге алдын ала мәліметтер екенін, алда әрбір дауысқа дейінгі дәлдікпен нәтижелерді жариялау үшін міндетті тексеру және қайта санау кезеңі тұрғанын ескертті. Ол сондай-ақ ведомство сайтындағы таңертеңгілік цифрларда электронды дауыс беру нәтижелері толық ескерілмегенін түсіндірді.

Армениядағы парламенттік сайлаудың қорытындысын түпкілікті шығару ерекше электоралдық механизмді іске қосады. Заңға сәйкес, төрт пайыздық барьерден өте алмаған партиялардың дауыстары Парламентке өткен күштер арасында сайма-сай бөлінеді. Принцип қарапайым: партияның бастапқы нәтижесі неғұрлым жоғары болса, оған еленбей қалған дауыстардың соғұрлым көп үлесі тиеді. Нәтижесінде, абсолютті цифрлармен 50%-ды жинай алмаса да, билік басындағы "Азаматтық келісім" қайта санаудың қорытындысында депутаттық мандаттардың шамамен 60%-ын иеленуге тиіс.

Премьер-министр Никол Пашинян мұндай жағдайда оның саяси күші Ұлттық жиналыстағы көпшілік орынды алатынын және Үкіметті жалғыз өзі жасақтайтынын мәлімдеп те қойды. Халықты ортақ жеңіспен құттықтаған ол Ереванның алдағы 5 жылдағы басты міндеті азаматтардың талабын орындау, яғни, Премьердің өзі қатал түрде "Үшбасты шпиондық соғыс партиясы" деп атайтын криминалды-олигархиялық жүйені түпкілікті жою болатынын жариялады, деп хабарлады Арменпресс.

Түркі әлемі – Арменияның басты басымдығы

Геосаяси тұрғыдан алғанда, Никол Пашинян Еуроодаққа қарай бет бұратынын нық аңғартты. Армения Еуроодақпен белсенді жақындасу бағытын таңдады, бірақ өтпелі кезеңде, яғни, жаңа одаққа қабылданғанша, ЕАЭО-ға мүшелігін де сақтайды.

Ереван Ресей, Қазақстан және Қырғызстанмен қарым-қатынасын ары қарай дамытуды және экономикалық байланыстарды нығайтуды жоспарлап отыр. Беларуспен ынтымақтасқысы жоқ: Александр Лукашенко Таулы Қарабақ соғысында Әзербайжанға көмектескенін мәлімдегелі, екі ел қырғи-қабақ көзқараста.

Жаңа сыртқы саяси стратегияның тағы бір маңызды бағыты – Арменияның түркі әлемімен одан әрі жақындасуы болады. Ол бірінші кезекте Әзербайжанмен бейбітшілікті институционализациялау және Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру арқылы көрініс береді. Баспасөз мәслихатында түрік журналистерінің бірі премьер-министрдің түркі әлеміне қандай жолдау жолдағысы келетінін сұрады.

"Бұл сайлауда Армения халқы бейбітшілік, аймақтың дамуы және ынтымақтастық үшін дауыс берді. Бүгінде біз Қазақстанмен және Қырғызстанмен бір одақтамыз. Түркия мен Әзербайжан тарапынан позитивті жауапты қадам болады деп үміттенемін. Біз Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікті институционализациялауымыз керек, сондай-ақ армян-түрік шекарасын ашуымыз қажет. Менің айтпағым, Түркия 90-шы жылдары жабылған бұл шекараны енді ашуға тиіс. Бұдан бөлек, біз толыққанды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуымыз қажет. Біз армян тауарларының экспортына Ахалкалаки–Карс теміржол желісін ашу туралы шешімі үшін Анкараға ризашылығымызды білдіреміз. Түркиямен қарым-қатынаста бүгінде жақсы динамика байқалады, бірақ дипломатиялық мойындауға және шекараның толық ашылуына қол жеткізу үшін оны одан әрі дамыту керек", – деп мәлімдеді Пашинян.

Премьер-министр Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісімге қол қойғанын еске салды. Ереван, сонымен қатар, Оңтүстік Кавказ аймағындағы шектеулерді алып тастауға және оны "логистикалық тығырықтан жандандырылған халықаралық торапқа айналдыруға" бағытталған TRIPP көлік жобасын тезірек іске қосуға ниетті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу