Арнайы экономикалық аймақ 43,4 млрд теңгенің өнімін өндірді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17506

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағына 18 млрд теңге көлемінде шетел инвестициясы тартылған.

Арнайы экономикалық аймақ 43,4 млрд теңгенің өнімін өндірді Фото: pavon.kz

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Несіпбековтің сөзінше, биыл арнайы аймақтағы кәсіпорындар 43,4 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден 1,6 есе жоғары. Былтыр мұндағы кәсіпорындар 27 млрд теңгенің өнімін шығарған еді. Жалпы, арнайы аймақтағы кәсіпорындар іске қосылған сәттен бастап 110 млрд теңгенің өнімін өндіріп, оның 42 млрд теңге көлеміндегі өнімін экспорттаған.

"Биыл 16 млрд теңгенің өнімі экспортталды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,3 есе жоғары. Салықтық түсімдер де 1,4 есе көбейді. Мұндағы кәсіпорындар 2019 жылы қазынаға 2,2 млрд теңге көлемінде салық төледі. Жалпы, арнайы аймақ қосылғалы бері мемлекет бюджетіне 6,2 млрд теңге салық аударылған. Мемлекеттің 1 теңгесіне 12,5 теңге жеке инвестиция тартылғанын да атап өткен абзал", – деді Әлібек Несіпбеков бізге берген сұхбатында.

Бүгінде "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында 283 млрд теңгеге барлығы 38 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 10-ы нақты жұмыс істеп тұр. 10 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы 7 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Тағы 11 жоба пысықталуда.

"Жұмыс істеп тұрған 10 жобаға 76 млрд теңге инвестиция салынды. Оның 24 пайызы немесе 18 млрд теңгесі – шетелдік инвестиция. 1670 жұмыс орны ашылды. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыс орындарының саны 220 бірлікке көбейді", – деді басқарушы компанияның басқарма төрағасы.

Белгілі болғандай, 2020 жылы 10 жоба пайдалануға берілмек. Оларға тартылған инвестиция көлемі 18,75 млрд теңгені құрап отыр.

Еске сала кетейік, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағына 1200 гектар жер бөлінген болатын. Бүгінде оның тек 360 гектары ғана пайдаланылған. Бұдан бөлек, 290 гектар жердің қандай мақсатқа пайдаланылатыны белгілі болды. Енді 550 гектар жер бос тұр.

"2015-2019 жылдар аралығында 13 инфрақұрылымдық нысан бойынша тиісті жұмыстар аяқталды. Оған 7,4 млрд теңге жұмсалды. 2020 жылға құны 1,2 млрд теңге болатын 6 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Дәлірек айтсақ, осы уақытқа дейін техникалық суға арналған 5,35 шақырымдық құбыр, ауыз суға арналған 5,3 шақырымдық құбыр, 6,7 шақырымдық кәріз жүйесі, 4,6 шақырым автокөлік жолы, 6,1 шақырым темір жол салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады", – деді Әлібек Несіпбеков.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу