Арнайы экономикалық аймақ, қанатын қалай жаймақ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11051

Мемлекеттік кірістер комитеті жеңілдіктен жұрдай етіп, кәсіпкерлердің сілесін қатырып жатыр.

Арнайы экономикалық аймақ, қанатын қалай жаймақ

Ел аумағында 11 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) бар. Оның құрамындағы 166 кәсіпорын былтыр 1,7 трл теңгенің тауарын өндірді. Күні бүгінге дейін АЭА аясында 14,6 мың жұмыс орны ашылып, Қазақстанға 787 млрд теңге инвестиция тартылды және бюджетке 130 млрд теңге салық төленді.

Бір қарағанда көрсеткіш көңіл көншітетін сияқты, алайда АЭА-да мезгіл мәселесіне айналған түйткіл көп. Мұны 9 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысының өзі тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаев арнайы экономикалық аймақтардың нақты нәтижесіне көз жеткізбей тұрып жаңа арнайы экономикалық аймақ құрудың қажеті жоқ екенін айтты.

"Бюджет қаржысы арнайы экономикалық аймақ құруға жұмсалуда. Олардың саны 11-ге жетті. Арнайы аймаққа 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері жаңа арнайы экономикалық аймақ құруды сұрап, үсті-үстіне хат жаудыруда. Үкімет қазіргі 11 арнайы экономикалық аймақтың жұмысын саралап шықсыншы. Олар бізге не берді? Осыны анықтап алғанша басқа АЭА құруды доғарыңдар, барын ұқсатып алайық", – деп бұйырды елбасы.

Президенттің пікрінше, АЭА-лар қандай да бір өсім динамикасының  діңгегіне айнала алмаған.

Естеріңізде болса, Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауында мемлекет басшысы Алматыдағы "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" АЭА мәселесін де қайта қарауды тапсырды.

"Алатау" инновациялық технологиялар паркін құрып жатқанымызға ұзақ жыл болды. Бүгінгі таңда оның немен айналысып жатқаны белгісіз. Кім біледі, немен айналысады?  Қаншама қаржы бөлдік, нәтижесі қайда?" – деген болатын президент.

Айтпақшы "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" елбасының сынына ұшырағаннан кейін инвестициялар және даму министрлігінің қарамағынан шығарылып, Алматы қаласы әкімдігінің басқаруына берілді.

Сол кезде бұл туралы инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев: "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" министрліктің қарамағынан Алматы қаласы әкімдігіне ауысады. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың басты үйлестіруші органы –ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ұсынысын құптаған үкімет осындай шешім қабылдады. Өйткені "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" жүзеге асыратын жобалардың 80% цифрландырумен байланысты", – дегенді айтты.

Мемлекет басшысының ескертуінен соң инвестициялар және даму министрлігі АЭА жұмысын ерекше назарға алды. Кейін министр Жеңіс Қасымбеков министрліктің алқа мәжілісінде есеп беріп: "Бүгінгі таңда елімізде 11 АЭА және 22 индустриалды аймақ бар. Біз олардың қызметінің тиімділігін сараптап, бірқатар олқылықтарды әшкереледік. Кемшіліктерді жою бағытында тиісті жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда "АЭА-лар туралы" заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін аталмыш заң арнайы экономикалық аймаққа қатысты мәселерді реттейтін болады", – деді.

Қолданыстағы "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" заң 2011 жылдың 21 шілдесінде қабылданған. Құжатқа АЭА-ға кәсіби басқарушы компания тарту, шетел инвестициясының құйылуына жағдай жасау, инвесторларға салық жеңілдігін ұсыну сияқты мәселелерді реттеу құзіреті берілген.

Айта кетейік, мәжілістің қарауындағы заң жобасы заман талабына сай толықтырулар мен өзгерістерді күтіп жатыр. Мемлекет басшысы қол қойып, құжат қолданысқа енсе, жер телімін бөлу рәсімі оңтайландырылып, әкімшілік кедергілер азаяды. Ең бастысы салық төлемдері мен кедендік-тариф жеңілдеп, салық кодексіндегі олқылықтардың орны толады.

Біз SezUnion қауымдастығы ұйымдастырған АЭА қатысушыларының IV съезіне қатысқан кезде "Астана – жаңа қала" АЭА индустриалдық паркінің халі мүшкіл екенін біліп қайттық. Қауымдастықтың басқарма төрағасы Эльмира Әбуғалиева бар шындықты жайып салды.

Оның айтуынша, мемлекеттік кірістер комитеті елордадағы индустриалдық парктің 18 кәсіпорнының басына бұл үйіріп тұр.

"Мемлекеттік кірістер комитеті АЭА қатысушыларын 2013 жылы көрсеткен қызметтері мен алған тауарлары үшін бюджетке қосымша құн салығын айыппұл және өсімпұлмен қоса төлеуді талап етіп отыр. Бұл нөлдік мөлшерлеме жойылып, 5 жыл бойы қолданыста болған жеңілдік жоғалды, кәсіпкерлер 2013 жыл үшін 4 млрд теңге қарызға батты деген сөз. Бұған соңғы 4 жылдағы салық төлемдерін қоссақ, көрсетілген сан 35 млрд теңгеге жетеді. Кәсіпкерлер мұндай соманы қалай төлейді?" – деп шыр-пыр болды Эльмира Әбуғалиева.

Оның сөзінше, қауымдастық өкілдері мәселені осыдан бес жыл бұрын салық саласының қызметкерлерімен талқылап, АЭА қатысушылары нөлдік мөлшерлемемен қызмет көрсету құқығына ие екенін нақтылап алған.

"АЭА қатысушылары қосымша құн салығын жабдықтаушыларға, ал олар оны бюджетке төлегенін ескеретін болсақ, салық бір емес, екі рет салынып отырғанын түсіну қиын емес. Біз мәселені депутаттарға жеткіздік, олар үкіметке сауал жолдады. Нәтижесінде іс уақытша тоқтады. Себебі таяуда мемлекеттік кірістер комитетінен кәсіпорындарға шоттарын бұғаттау туралы хабарлама келді", – деді SezUnion қауымдастығының басқарма төрағасы.

Эльмира Әбуғалиеваның сөзінше, отандық жабдықтаушылар нөлдік мөлшерлемесіз АЭА қатысушыларымен жұмыс істеуден бас тарта бастаған. 

"Жабдықтаушылардың өздері бюджетке қосымша құн салығын төлейді. Кейін оларға қосымша құн салығын қайтарып алу мүмкіндігі берілген. Бірақ жабдықтаушылар уақыт кетіріп, бұл іспен айналысқысы келмейді. Өйткені бұл ұзаққа созылатын, тексерісі көп үдеріс. Тексерістен өткен күннің өзінде ақша жарты жыл ішінде беріледі. Егер бір кемшілік анықталса, жұмсалған қаржы қайтарылмайды", – деді ол.

"АБК-Максат" ЖШС директоры Ибрагим Арыстанбаев жазықсыздан жазғырылып, осыған дейін заңды болған жұмысының барлығы аяқ астынан заңсыз болып шыққанына және компаниясының 700 млн теңге қарыз арқалағанына ашынады.

"Өзімізге-өзіміз жау емеспіз, құзырлы органдар рұқсат берген соң нөлдік мөлшерлемемен жұмыс істедік. АЭА құрамына да жеңілдікке ие болу үшін өттік. Қосымша құн салығына қатысты айыппұл мен өсімпұл 700 млн теңгені құрап отыр. Біз мұны қалай төлейміз, төлемейміз, сотқа жүгінеміз", – деп налыды кәсіпкер.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу