Арнайы экономикалық аймақтарды шетелдік компаниялар басқаруы мүмкін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6142

Үкімет шатқаяқтап тұрған экономикалық аймақтардың жұмысын жандандырмақ.

Арнайы экономикалық аймақтарды шетелдік компаниялар басқаруы мүмкін Фото: primeminister.kz

Үкіметтің бүгінгі отырысында айтылғандай, кейбір облыстардағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту қарқыны тым баяу. Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің айтуынша, аймақтардың біразы бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істемейді.

"Мәселен, бюджеттің 1 теңгесіне орташа есеппен алғанда 2,1 теңге инвестициядан тартылған. Бұл орташа көрсеткіш. Бірқатар облыста бұдан да төмен", – деді Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.

Сондықтан жұмысы алға баспай тұрған экономикалық және индустриялық аймақтарға мықты басқарушы компаниялар қажет.

"Аймақтардың көбінде басқарушы компаниялардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Олардың өз шығындарын төлеуге шамасы жетпейді. Тек облыстық бюджетке қарап отыр. Бұл дұрыс емес. Сол себепті тиімді басқарушы компанияларды тарту керек. Ол – әкімдіктердің міндеті. Жалпы қазіргі уақытта жаңа заң көп мәселені шешіп отыр", – деді Жеңіс Қасымбек.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, өңірлерге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек. Ол мысал ретінде "Қорғас" шығыс қақпасы мен "Ақтау" портын басқаруға Дубайдан компания тартылғанын атап өтті.

"Екіншіден, қаржыландыру кезінде тиімді экономикалық аймақтарға қолдау көрсету керек. Үшіншіден, жоғары технологиялық өндірістер мен экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығаруға назар аударуды тапсырамын", – деді Асқар Мамин.

Бұдан бөлек, Премьер-министр арнайы аймақтардың жұмысын "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыруды тапсырды. 

Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың үш жылдық даму стратегиясы әзірленбек.

"Осы жылдың қыркүйек айында аймақтардың даму жоспарын талқылаймыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлердің экономикалық өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін нақты жұмыстар мен сапалы жобалар қажет", – деді Үкімет басшысы.

Асқар Маминнің сөзінше, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында, Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқару дұрыс жолға қойылған.

"Мысалы, "Оңтүстік" экономикалық аймағында бюджеттің 1 теңгесіне 15,5 жарым теңге, ал Павлодарда 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл – өте жоғары көрсеткіштер. Индустриялық аймақтар бойынша Шымкент қаласының "Оңтүстік" аймағында жалпы сомасы 38 млрд теңгені құрайтын 55 жоба, Қызылорда облысында жалпы сомасы 65 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылды. Ал Қарағанды облысының "Қарағанды" арнайы аймағы, Жамбыл облысындағы "Тараз" химия паркі секілді бірқатар аймақтардың даму әлеуеті толығымен жүзеге асырылмаған. Инвестициялардың көлемі мен жобалардың саны аз. Сондықтан осы бағыт бойынша белсенді жұмыс атқару керек", – деді Премьер-министр.

Еске сала кетейік, бүгінде ел аумағында 12 арнайы экономикалық аймақ және 24 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарда 183 жоба, ал индустриялық аймақтарда 168 жоба іске асырылған. 1 трлн теңгеге жуық жеке инвестиция тартылған. Оның 27 пайызы – шетелдік компаниялардың капиталы. 2021 жылға дейін осы аймақтарда 2,5 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 318 жоба іске қосылып, 11,5 мың адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу