"Арселор Миттал Теміртау"-дың кесірінен бір ауыл жұмыссыз қалмақ

1886

 Қарағанды өңіріндегі Оңтүстік-Топар руда басқармасынан екі жүзден астам жұмыскер қысқартылады.  

"Арселор Миттал Теміртау"-дың кесірінен бір ауыл жұмыссыз қалмақ

Қарағанды облысындағы Южный елді мекеніндегі Оңтүстік-Топар руда басқармасы қаржылық қиыншылыққа тап болып, ыдырап кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл басқарма Теміртау электр металлургиялық комбинаттың құрамына кіреді. Кәсіпорын жоғары сұрыпты әктас өндіреді. Өндірістің жалғыз сатып алушысы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының металлургиялық комбинаты. Соңғы уақытта өнім өндіруші мен сатып алушы арасында келісімге келу дұрыс жолға қойылмай тұр. Оңтүстік-Топар руда басқармасы өнімнің бағасын өсірген, ал "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы бұл бағаны қымбатсынып, сатып алу келісім шартын ұзартпай қойған.

1 сәуірден бастап кәсіпорыннан өнім сатылымға шықпаған. Екі компанияның келісімге келе алмауының салдары бүкіл бір ауылға зиянын тигізіп отыр. Өйткені Южный елді мекені тұрғындарының басым бөлігі осы кәсіпорында еңбек етіп нәпақасын табады. Енді өнімін өткізе алмаған кәсіпорын 188 адамның қолына 15 мамырдан бастап жұмыстан қысқаратыны жөнінде ескерту қағаз ұсынған. Тағы 36 азаматтың жұмыс істеу уақыты қысқарғандықтан жалақылары төмендеген. Кәсіпорында барлығы 376 жұмысшы еңбек етеді. Олардың барлығы алдағы уақытта жұмыссыз қалуы мүмкін. Жұмыскерлердің айтуынша, қаржылық қиыншылыққа тап болған кәсіпорын жабылуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұндағы үлкен насостар мен қондырғыларды алып тастаған.

"Бұл қысқартудың бірінші толқыны, екінші қысқарту маусым айында болады деп түсіндірді. Менің жұбайым осы бірінші жолғы қысқартуға ілікті.  Ең қиыны осы кәсіпорынның арқасында тіршілігі жүріп жатқан ауылымыз енді қаңырап қалатын болды. Басқа жұмыс жоқ, енді мұндағы тұрғындар басқа өңірден жұмыс іздеп кетеді. Өзімізде қайдан жұмыс табарымызды білмей отырмыз", – дейді Южный елді мекенінің тұрғыны Елена Глимбоцкая.

Оңтүстік-Топар руда басқармасы жұмыскерлерінің кәсіподақ төрағасының пайымдауынша, кәсіпорын үш жылдан бері шығынға жұмыс істеп келген. Енді кәсіпорынды құлдыраудан алып қалудың бір ғана жолы ол сатып алушымен келісімге келу.

"Біздің алдағы мақсатымыз кәсіпорын мен "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы арасындағы келісімді Үкімет деңгейінде шешуге әрекет жасау, өйткені бұл мәселені жергілікті жердегі әкімдер шеше алмайды. Алдағы күндері  облыстық әкімшілік,  кәсіподақ ұйымы және кәсіпорын өкілдері бас қосып, мәселені тағы ортаға саламыз. Дегенмен бір үміт жоғарыдағылар араласып, сатып алушымен келісімге келудің сәті түссе деп ойлаймыз", –  деді "Қамқор" кәсіподақ ұйымының төрағасы Александр Шаров.

Бұл мәселеге қатысты кәсіпорын басшылығы сұхбат бермеді. Дегенмен өнімді арзанға сатудың негізі жоқ екенін айтты. Оңтүстік-Топар руда басқармасының құрамында Южный елді мекенін жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу қазандығы бар. Енді бұл қазандықты кәсіпорын Абай ауданының қарамағына өткізеді. Осылайша түтіні түзу шығып, өз ауылында жұмыс тауып отырған Южный елді мекені тұрғындары енді жұмыссыз қалмақ.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу