"АрселорМиттал Теміртау" мемлекетке 1 млрд теңгенің шығынын өтеуі мүмкін

2809

Ведомство тексеру қорытындысын жариялады.

"АрселорМиттал Теміртау" мемлекетке 1 млрд теңгенің шығынын өтеуі мүмкін Фото: Максим Морозов

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамының конверторлық цехында ластаушы заттарды шектен тыс шығару фактісі бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысын мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Оқиға былай болған еді. Ақпан айының соңында әлеуметтік желіде зауыттан қызғылт түсті қою түтін көкке шапшып жатқаны түсірілген видеолар тараған болатын. Кейін бұл оқиға Қарағанды облысында болғаны расталды. Ізінше Қарағанды облысының экология департаменті атмосфераға ластаушы заттар шығарудың рұқсат етілген нормаларынан елеулі мөлшерде асып кеткенін тіркегенін ресми мәлімдеді. Бұл резонансты оқиғаға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де назар аударып, түпкілікті тексеру жүргізетіндерін хабарлаған.

Тексеру барысында облыстық экология департаментінің мамандары "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі кәсіпорында бөлінген газдар тұтып, тазарту жүйесін талап бойынша қолданылмағаны анықталыпты. Яғни, шыққан газдың улы заттарын сүзіп қалуға тиіс технологиялық жабдықтың тозығы жеткені белгілі болған. Мамандар мұны нақты дәлелдеп отыр.

"Осыған байланысты №2 конвертер ағымдағы жылдың мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылды", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Дегенмен тексеру №2 цехтан басқа тағы 7 цехта жүргізіліпті.

"Әр түрлі нормативтердің бұзылуы мен асып кетуі олардың жетеуінде: бу айдау, №2 табақша металды илемдеу, агломерациялық, кокстық, сондай-ақ әк күйдіру цехтарында, оттегі-конвертерлік және көмір дайындау цехтарында анықталды",– деп жазылған ресми мәліметте.

Аталған фактілердің бәрі  Экология кодексінің 69-бабы 3-тармағының бұзылуына әкеп соқтырған. Аталмыш бапта "Табиғатты пайдаланушылар қоршаған ортаға тасталатын эмиссия рұқсатында көрсетілген шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады" делінген.

"Бүгінгі күні, жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша "Арселор Миттал Теміртау" кәсіпорнына айыппұл салынды. Бұдан басқа, кәсіпорынға сомасы шамамен 1 млрд теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілді. Қазіргі уақытта залалды бағалауды есептеу бойынша жұмыстар әлі де жүргізілуде",– деп жазады ведомствоның бапасөз қызметі.

Ресми мәліметте заңбұзушылық орын алған цехтардың бәрін тоқтату мүмкін емес екені де айтылған.

"Табылған бұзушылықтарды жойғанға дейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ цехтарының қызметін тоқтата тұру бүкіл өндірістің тоқтап қалуына әкелетінін атап өту маңызды. Өйткені кәсіпорын циклы тұйық болып табылады және қандай да бір цехсыз жұмыс істей алмайды. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоял алдағы төрт жылда шығарындылар көлемін кем дегенде 30 пайызға азайтуға, оларды автоматтандыруды қамтамасыз етуге және үш жыл ішінде Теміртау қаласында 500 мың ағаш отырғызуға уәде берген болатын",– дейді министрлік мамандары.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу