Қазақстандық қамтуға қатысты жаңа реформа басталды

1169

Қазақстанның "елішілік құндылықтарды дамыту" көрсеткіштері жыл санап, құлдырап барады. Бұл не өзі? 

Қазақстандық қамтуға қатысты жаңа реформа басталды Фото: Kazislam.kz

Ел Үкіметі 2022 жылғы 30 маусымда "Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын" қабылдаған болатын. Оған Премьер Әлихан Смайылов қол қойды, өз кабинетіне мінеттеме алды.

Бағдарлама базалық шикізат өндірістерін құруға, жаңа өндірістерді жаңғырту мен қалыптастыруға, жұмыс істеп тұрған және жаңа қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жүйелі, ұзақ мерзімді ынталандыру арқылы ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие отандық өнеркәсіптік тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге бағытталған.

Бұл қанды қаңтар оқиғаларының сабағы және соның негізінде 2022 жылғы 11 қаңтарда, Мәжіліс отырысында Президент Қ.Тоқаевтың берген тапсырмасы (33-тармағы) болатын.

Одан не шықты?

Жағдай сын көтермейтін көрінеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларындағы жергілікті қамтудың үлесі өте төмен. Салдарынан ол отандық өндірісті қажетті шамада дамытуға мүмкіндік бермейді.

"Мұны елішілік құндылықтарды дамыту (ЕҚД) динамикасының құлдырауы растап отыр. Ол 2015 жылдан бастап, 2023 жылғы 1-тоқсан аралығында тек теріс, жағымсыз сипатқа ие. Атап айтқанда ЕҚД үлесі 2015–2022 жылдары 4%-ға төмендеді. 2015 жылы 57,5% болса, былтырғы жыл қорытындысында 53,5%-ға түсті. Бұған тендерлерге әлеуетті отандық өндірушілердің, қазақстандық шағын және орта бизнестің қатысуын шектеу кері әсер етіп отыр. Оның үстіне сатып алу процедуралары айқын емес, бір көзден сатып алу кең таралған. "Самұрық-Қазына" қоры холдингішілік кооперация аясында барлық сатып алуларының шамамен 25%-ын бір көзден алады. Ал жер қойнауын пайдаланушылар арасында бұл көрсеткіш тіпті 70%-ға жетті", – деді ИИДМ Индустриялық даму комитетінің Елішілік құндылықты дамыту басқармасының бас сарапшысы Азамат Балтин.

Бұрынғы билік тұсында күн құрғатпай айтылып келген "жергілікті қамту" (қазақстандық мазмұн) саласын қалпымен көзбояушылық жайлапты.

Сорақысы сол, кейбір субъектілер жергілікті қамту үлесін қосып жазады, қолдан өсірілген деректер ұсынады, олары мониторинг барысында әшкереленді. Осының бәрі Қазақстанның импортқа тәуелділігіне қатысты жағдайын ушықтырды, ұлттық экономиканың өсуін тежеді және отандық өндірісті дамыту мен кеңейту ісіне кесірін тигізді.

Бұл ретте Қазақстан бір жыл ішінде 38,3 миллиард долларға өңдеу өнеркәсібі өнімдерін шетелден тасыған. Оның ішінде 4729 тауар түрі бар. Оның біразы өз елімізде шығарылады. Тағы үлкен бір бөлігінің өндірісін Қазақстанда жолға қоюға болады: шикізат та, керекті кәсіпорындар да бар. 

Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеп отыр.

Құжат қабылданса, онда осы тұрғыда кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігі заң жүзінде енгізіледі.

Тарата айтсақ, ведомство елішілік құндылықтарды дамыту бағдарламасы аясында "отандық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жасасу" міндеттемесін енгізуді ұсынды.

Бұл міндеттеме кәсіпкерлердің 4 субъектілері санаттарына, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, табиғи монополиялар субъектілеріне және жүйе құраушы кәсіпорындарға қатысты болады.

Елішілік құндылықтарды дамыту алгоритмі қандай?

Аталған 4 субъектілер келесі міндеттемелерді қабылдайды: біріншіден, әрқайсысы кем дегенде 5 жыл мерзімге төл Елішілік құндылықтарды дамыту  (ЕҚД) бағдарламасын жасап, орындайды.

Ол бағдарлама мынадай бағыттарды қарастыруы мүмкін:

•         тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алудағы және өзінің кадрлары, персоналы құрамындағы ЕҚД үлесін арттыру;

•         өнеркәсіпті дамытуға бағытталған келісімшарттарды жоспарлау, бекіту және орындау;

•         аумақтық кластерлерді құру және дамыту;

•         ірі кәсіпорындарының айналасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамыту;

•         ішкі нарықтың шикізатқа деген қажеттілігін өтеу;

•         өзге де бағыттар.

ЕҚД бағдарламасы әрбір бағыт бойынша іс-шаралар жоспарларынан тұрады. Онда ірі кәсіпорындардың нақты іс-әрекеттері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, ақырғы нақты көрсеткіштер көрініс табады.

Екіншіден, осы талаптарды жүзеге асыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар, квазимемсектор субъектілері, табиғи монополистер мен жүйе құраушы кәсіпорындар контрактіге немесе лицензияға қол жеткізген соң 3 ай ішінде ЕҚД бағдарламасын әзірлеп, жобасын Индустрия министрлігіне жолдайды.

Үшіншіден, ИИДМ "QazIndustry" индустрия және экспорттың қазақстандық орталығымен бірлесіп, ұсынылған бағдарламаны 1 ай ішінде зерделеп, қарайды. Ескертулер болмаған жағдайда – бағдарламасына келісім береді. Ескертулер болған жағдайда – 1 ай ішінде қайта пысықтауға кері жібереді.

Бекітілген бағдарламалардың орындалуына енді Үкімет жыл сайын тұрақты негізде, жылына бір рет мониторинг, тексеру жүргізіп тұрады. Осы мақсатта аталған 4 санаттағы алпауыттардың әрқайсысы әрбір жылдың 1 наурызына дейін төл бағдарламасының орындалу қорытындыларына арналған есебін "QazIndustry" орталығына бағыттауға міндеттеледі.

"QazIndustry" орталығы 1 сәуірге дейін талдап, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне төл есебін ұсынады.

Төртіншіден, әлгі төрт санаттағы алпауыттар отандық өндірушілермен арасында Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар (ӨДБШ, орысшасы договор, направленный на развитие промышленности немесе ДНРП) бекітеді. Бұл не офтейк-контракт немесе кепілдендірілген сатып алу келісімшарты түрінде болуы мүмкін.

Осы алпауыттар әр жылдың 10 желтоқсанына дейін ИИДМ-ге сатып алатын тауарларының тізімін жолдайды. Министрлік ол тізімдерді талдап, ресми сайттарда жариялайды. Содан 60 күн бойы отандық өндірушілерден, кәсіпкерлерден өтініштер қабылдайды.

Өтініштер жиналып болған соң тапсырыс берушілер өнім берушілерге қояр талаптарын анықтайды. Онда техникалық спецификациялар, локализациясы, өнім бағасы, жеткізу мерзімдері, басқасы көрсетіледі.

Талаптарға лайықтылармен арада шарттар бекітіледі.

Әрине, егер осы заңды Парламент депутаттары сөзбұйдаға салып, сүрілеп, тартпасына тастамай, тез қабылдаса ғана осы айтылғандар жүзеге асуы мүмкін. Әйтпесе, елішілік құндылықтар, жергілікті қамту және басқасы ары қарай да адыра қалмақ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу