Аршалының азаматтары ашынып жүр

1622

Ақмола облысындағы Аршалы ауданының тұрғындары тозаңға тұншығып, шаң жұтып отыр. Оларға демікпе дертіне шалдығу қаупі төніп тұр. 

Аршалының азаматтары ашынып жүр

Мұнда бірнеше жылдан бері қиыршық тас карьерден ашық әдіспен  өндіріліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Тұрғындардың сөзінше, "Дорстройтрест" компаниясы технологиялық талапты белден басып отыр. Өндіруші кәсіпорын қоршаған ортаның экологиясы мен адамдардың денсаулығына зиян келтіріп жатқанына бас ауыртпайтын сыңайлы.

Аршалы тұрғыны Олег Шубеноктың айтуынша, осыдан 2 жыл бұрын билік облыс орталығында жарық көретін газетке карьерден ашық әдіспен қиыршық тас өндіруге қатысты қоғамдық тыңдау өтетіні туралы хабарландыру жариялаған. Жергілікті тұрғындар хабарландыруды көрмеген, оқымаған.

"Біз 2 жыл бұрын қоғамдық тыңдау өткенін кездейсоқ білдік. Тұрғындардың карьерден қиыршық тас өндіруге қашан, қалай рұқсат бергенінен бейхабармыз. Хаттамаға қол қойғандардың тізімінде жерлесіміз С. Жиылғанованың аты-жөні бар. Ол мұндай құжатқа қол қоймағанын айтты және осы мәселе бойынша  мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданды", – деді сұхбат беруші.

Оның айтуынша, тұрғындар прокуратураға да шағымданған. "Дорстройтрест" компаниясы карьердің қасында су көзі жоқ деген дерек ұсыныпты. Бұл – жалған ақпарат. "Қоңыр Адыр" шатқалының айналасында 5 су көзі бар. Бұдан бөлек бұл жерде "Есіл", "Арнасай" су қоймалары орналасқан", – дейді Олег Шубенок.

Карьерден шыққан шаң "Аршалы-2" тұрғындарының еңбегін еш, өнімін қор қылып жатқан көрінеді. Бұл туралы Олег Шубенок: "Аспанға көтерілген шаң бақшадағы топырақтың үстіне қонады. Салдарынан жеміс-жидек пен көкөніс отырғызатын құнарлы жер борпылдаққа айналады. Өндіруші компания жүк көліктері жүретін жолға су сеппейді, халық күнде шаң жұтады. Бұлай жалғаса берсе, адамдар арасында тыныс алу жолдарының ауруы өршиді", – деді.

Айтпақшы, халықтың наразылығын туғызып отырған компания қиыршық тас тасымалдайтын жүк көліктеріне арнап Есіл өзенінің үстінен көпір салған. Жергілікті тұрғындар осы көпірден өту үшін ақы төлейді. Бұл қаншалықты заңды? Тұрғындар дәл осы сұраққа жауап таппай жүр.

Аршалы тұрғыны Виталий Олифер қиыршық тас өндіріп жатқан компания "Қоңыр Адыр" шатқалына да қауіп төндіріп жатқанын жеткізді.

"Қоңыр Адыр" шатқалында жартас, орман, бұлақ бар. Бұл жерде  саңырауқұлақ, жидек өседі. Шатқалдың айналасынан қиыршық тас өндірілсе, экологиялық апат орын алады. Біз бұл жердің қазылуына қарсымыз!" – деді ол.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың мәлімдеуінше, өндіруші компания 2019 жылы құрылыс тасын өндіру лицензиясын алған. Қазіргі әрекетінің барлығы заңды. Компанияға карьерді дамытуға тыйым салуға негіз жоқ.

Түсінгендеріңіздей, билік пен өндіруші компания бір жақ, халық бір жақ болып отыр. Әркімнің өз ақиқаты бар.

Аршалының азаматтарын ашындырып отырған мәселе қалай шешіледі, оны уақыт көрсетеді.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу