Арулар – асыл жандар, чемпион боп тасынғандар!

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4145

Қазақ спортында халықаралық дүбірлі додаларда чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатып, беделін өсіріп жүрген арулар аз емес.

Арулар – асыл жандар, чемпион боп тасынғандар!

Спортта жеңістің шыңы – Олимпиада ойындарында чемпион болу. Жүлдеге ілігу де – үлкен бақыт. Сондықтан төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаларда жүлдеге ілігіп жүрген қыз-келіншектерімізге тоқталып өтсек деп едік.

Олимпиада ойындарына ең алғаш қатысқан ару

Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысқан қазақстандық спортшы – еркек емес, әйел. Нақтырақ айтқанда, марқұм, шаңғышы Александра Артеменко (14.01.1928 – 25.09.2010). Ол 1956 жылы 26 қаңтардан 5 ақпанға дейін Италияның Кортина Д'Ампеццо қаласында өткен VІІ Ақ Олимпиадаға қатысып, шаңғымен таудан төмен құлдилау спортынан бақ сынады. Өкінішке қарай, Кеңес Одағының 11 дүркін чемпионы болған қайсар қыздың Кортина Д'Ампеццода бағы жанбады.

Олимпиада ойындарында ең көп жүлде алған ару

Олимпиада ойындарында ең көп алтын медаль алған спортшымыз да еркек емес, әйел – әйгілі гимнасшы Нелли Ким. Ол 1976 жылы Монреальда 3 алтын, 1 күміс олжаласа, 1980 жылы Мәскеуде 2 алтын еншіледі. Сөйтіп Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы атанды. Оның есімі 1999 жылы спорттық гимнастикадан Халықаралық даңқ залына енгізілген.

КСРО тұсындағы Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері

Екі спортшы аруымыз КСРО тұсында Олимпиада чемпиондарының екі дүркін чемпионы болған. Олар – волейболшы Нина Смолеева (Мехико-68, Мюнхен-72) және баскетболшы Надежда Ольхова (Монреаль-76, Мәскеу-80).

Жалпы 1992 жылға дейін Олимпиада чемпионы болған қыздарымыз: волейболшылар – Елена Чебукина (Сеул-88), Ольга Кривошеева(Сеул-88), баскетболшы – Ирина Герлиц (Барселона-92).

Ал Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері болған қыздарымыз: гимнасшы – Нелли Ким (Монреаль-76), волейболшылар – Елена Чебукина (Барселона-92), Татьяна Меньшова (Барселона-92).

Сондай-ақ Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған спортшы қыздарымыз: Татьяна Лесовая (Мәскеу-80), Ирина Герлиц (Сеул-88).

Егемен Қазақстан дүлдүлдері

Еліміз егемендігіне қол жеткізген соң Олимпиада ойындарында алғаш рет жүлдеге қол жеткізген қызымыз – Людмила Прокашева. Ол 1998 жылы Наганода өткен дүбірлі додада конькимен жарысу спортының 5000 метрлік бәйгесінде жүлдеге ілікті.

Ең алғаш Олимпиада чемпионы болған аруымыз – жеңілатлет Ольга Шишигина. Бүгінде көрнекті қоғам қайраткеріне айналған, тіпті Мәжіліс депутаты да болған Шишигина 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алдына жан салмаған болатын.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында бұл жетістікті Ольга Рыпакова қайталап, жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру сайысында үздік шығып, алтынмен апталды.

Жалпы осы Лондон Олимпиадасында шетелдерден (Қытай мен Ресейден) алған бірнеше спортшымыз ауыр атлетикадан бірінші орынға ие болып, Қазақстанға үш алтын әкелді. Олар – Майя Манеза, Зульфия Чиншанло және Светлана Подобедова. Бірақ былтыр Халықаралық Олимпиада комитеті оларды допинг қолданған деп, чемпиондық атақтарынан айырды.

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері: биатлоншы – Елена Хрусталева (Ванкувер-2010), ауыр атлеттер – Ирина Некрасова мен Алла Важенина (екеуі де Бейжің-2008), балуан қыз – Гюзель Манюрова (Рио-2016).

Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері – боксшы Марина Вольнова (Лондон-2012), ауыр атлет – Мария Грабовецкая (Бейжің-2008), балуандар – Елена Шалыгина (Бейжің-2008), Екатерина Ларионова (Лондон-2012) және Гюзель Манюрова (Лондон-2012), жеңіл атлет – Ольга Рыпакова (Лондон-2012), ауыр атлет – Карина Горичева (Лондон-2012), дзюдошы – Отгонцэцэг Галбадрах (Лондон-2012).

Олимп тұғырына қазақ қыздары да шықты

2016 жылға дейін Олимпиада чемпионы, тіпті жүлдегері болған қазақ қызы болмады. Кеңестік дәуірді есепке алмағанда, егеменді ел болғалы осы тарихи жетістікті ширек ғасырдай сарыла күттік. Әрбір Олимпиада сайын елеңдеп отырдық.

Былтыр Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада ақ түйенің қарны жарылып, үш қызымыз жүлдеге ілікті. Ауыр атлет Жазира Жаппарқұл 69 келі салмақ дәрежесінде алтынға сынық сүйем жетпей, күміс медаль жеңіп алды.

Іле-шала екі қызымыз қола жүлде еншіледі. Әйелдер арасындағы еркін күрестен Эльмира Сыздықова 69 келі салмақ дәрежесінде, ал бокстан Дариға Шәкімова 75 келі салмақта үшінші орынға ие болды.

Қазақ спортының аяулы арулары

Олимпиада ойындарында алтын алып, жүлдеге ілікпесе де, есімдері қазақ спорты тарихына өшпестей болып жазылып қалған аяулы аруларымыз жетерлік.

Бұл ретте Әлия Юсупова (көркем гимнастика), Әсел Жақаева (су добы), Кенжеш Сәрсекенова (конькимен жүгіру),Ольга Довгун (нысана көздеу), Елена Павлова (волейбол), Зәуреш Байбосынова (нысана көздеу) сынды аруларымызды атап өтуге болады. Олимпиадалық емес спорт түрлерінде еліміздің атын шығарған Людмила Шумилова (су астында жүзу), Татьяна Кудрявцева (пауэрлифтинг) секілді қыздарымыз да болған.

Ольга Апатаева, Гүлшат Майлыбаева, Жамал Бозова, Сәуле Рахметова, Айнұр Жақыпбаева, Гүлнара Сахатова, Қарлығаш Қалиева, Людмила Савина, Евгения Ермакова, Ирина Выгузова, Шолпан Қалиева сынды апаларымыз бен әпкелерімізді де ұмытпаймыз.

Осы ретте Светлана Шишкина-Малахова және Оксана Яцкая (шаңғы жарысы), Әмина Рақым (теннис), Әлия Кәрімова, Айнұр Керей және Арна Тоқтаған (мәнерлеп жүзу), Марина Аитова (жеңіл атлетика), Саида Хасенова (бокс) Назгүл Боранбаева (бокс), Гүлнафиз Айтмұхамбетова және Феруза Ергешова (таэквондо), Гүлжан Иссанова (дзюдо) сынды қыздарымызды атап өткіміз келеді.

Біздің қыздар әдемі ғой, әдемі

Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Мадина Дәулетбаева, Гүлісхан Нақбаева, Гүлмира Дәулетова сынды талантты қыздарымыз шеберліктерін шыңдай түсіп, шахмат әлеміне үстемдік құрады деп үміттенеміз. Ұлттық спорт түрлерінде де абыройымызды асқақатып жүрген қарындастарымыз бар. Бұл ретте Әсел Далиеваны (тоғызқұмалақ) ілтипатпен атап өткіміз келеді.

Сондай-ақ бүгінгі таңда Юлия Галышева, Жібек Арапбаева, Жанбота Алдабергенова (фристайл), Галина Вишневская (биатлон), Екатерина Аидова (конькимен жүгіру), Назым Қызайбай, Назым Ищанова (бокс), Анна Нұрмұханбетова (ауыр атлетика), Ольга Сафронова (жеңіл атлетика) және тағы басқа сұлу қыздарымыз халықаралық додаларда көзге түсіп, әлеуеттерінің зор екендігін көрсетіп жүр.

Спорт әлеміне, тіпті төрткіл дүниеге сұлулық пен нәзіктің символы ретінде мәшһүр болған сымбатты қыздарымыз да бар. Бұл орайда Сабина Алтынбекова (волейбол), Мәриям Ордабаева (дзюдо), Зарина Диас (теннис), Валерия Цой (сноуборд), Эльмира Айғалиева (жүзу), Анна Алябьева (көркем гимнастика) және басқа да көптеген аруымызды атап өте аламыз.

Міне, өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, бізде чемпион да, сұлу да көп. Олардың бәрінің аты-жөндерін тізіп шығу мүмкін емес. Мұқағали Мақатаев ағамыздың сөздерімен "Ойбай, ойбай! Бола берсін, көп мейлі, Әдемілік бізге көптік етпейді" дей отыра, ұмыт қалған қыз-келіншектеріміз болса, кешірім өтінеміз!

Осындай жігерлі де, жеңімпаз қыздарымыздың саны көбейе берсін дейміз. Ал біз олардың аттарын атап, түстерін түстеп, түгендей алмай, шатысып отырайық. Мерекелеріңізбен аяулы арулар, сымбатты спортшылар, көрікті дүлдүлдер, жанкешті жеңімпаздар!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу