Аруларға арналған жобаларды әзірлеп жатқан ұйым депутаттардың қырына ілікті

1789

Қазақстанда технологиялық парктерді қайта құрудың кең ауқымды науқаны басталып жатыр.

Аруларға арналған жобаларды әзірлеп жатқан ұйым депутаттардың қырына ілікті Фото: canva.com

Astana Hub өзінде тіркелген резидент компаниялар әйелдердің қауіпсіздігін арттыруға, олардың физикалық және жан саулығын қолдауға, өзін-өзі сылап-сипап күтуіне, сондай-ақ бала тәрбиесі мен білім алуына көмектесуге бағытталған инновациялық цифрлық шешімдерді әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

"Бұл стартаптар күнделікті өмірді жеңілдетіп, арулардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз етуге үлес қосады. Осындай жобалардың бірі – AMAN Online мобильді қосымшасы, ол әйелдерді әдеттен тыс шұғыл жағдайларда, мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, шабуыл немесе тонау кезінде қорғау үшін әзірленді. Қауіп төнген жағдайда SOS батырмасын басса, ұялы қосымша автоматты түрде лицензияланған күзет агенттіктерімен байланысады және оқиғаны құжаттау үшін аудио және видеотрансляцияны бастайды", – деп сендірді астаналық халықаралық ІТ-технопарк.

Ал, Supermoms Club қосымшасы – жүкті және жас аналарға арналған цифрлық көмекші. Ол персонализацияланған кеңестерді, дәрігерлердің онлайн-консультацияларын, психологиялық қолдау мен жүктілікті бақылауға арналған құралдарды ұсынады.

Sezim қосымшасы да күн сайын кәсіби міндеттерден бастап отбасы шаруасына дейінгі саналуан қиындықтарға тап болып, күйзеліске ұшыраған әйелдерге психологиялық қолдау табуға мүмкіндік береді екен. Платформада онлайн-кеңестер, маман таңдау мен дағдарыстық жағдайларда қолдау көрсету қызметтері қарастырылған.

Егер әйелдердің қолы жұмыс пен үй шаруашылығынан босап жатса, Zapis онлайн-сервисі сұлулық салондарына және медициналық орталықтарға жазылуды жеңілдетеді. Платформа Қазақстанның 27 қаласындағы 1 000-нан астам салон мен 3 500 маманды біріктіреді.

"Autism Spectrum қосымшасы ата-аналарға аутизм спектрінің ауытқуларын ерте анықтап, балаға бейімделуге көмектесетін пайдалы құралдар мен ұсыныстар береді. Ozim Platform аналарға балалардың даму ерекшеліктерін түсініп, оларды оқыту мен әлеуметтендірудің тиімді әдістерін табуға жәрдемдеседі. Бұл стартап – БҰҰ-ның Digital Public Goods халықаралық мәртебесіне ие цифрлық шешім", – деп түсіндірді Astana Hub баспасөз қызметі.

Алайда Астана халықаралық ІТ-технопаркінің негізінен әлемде онсыз да миллион түрі бар мобильді қосымшалармен әуестеніп кетуі әйел депутаттарға да жақпай тұр.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, бүгінде  Astana Hub қатысушыларының саны 1,5 мың компаниядан асты.  Онда 26 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Технопарк резиденттерінің жалпы табысы 2024 жылы 1,3 миллиард доллардан асқан.

Бұл табысы олардың өз бетінше ғимарат салып не сатып алуына жетер еді. Алайда олар сол бұрынғыдай мемлекеттің мойнында отыр. Бюджет есебінен Astana Hub-қа бұрынғы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің ғимараттары жалға алынады.

"Өз табысы өзіне жететін Astana Hub-ты ұстап тұру үшін әлі күнге мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 1,5 миллиард теңге шығындалады. Бұл сома "QazExpoCongress" ұлттық компаниясына беріледі. Өйткені ЭКСПО-2017 ғимараттарын жалға берумен сол айналысады. Бұл сома ұстап тұру құнымен салыстырғанда шектен тыс жоғарылатылған! Осы орайда Astana Hub төл орынжайын ала алмаған әлемдегі бірлі-жарым технопарктің қатарында. Өйткені әлемдік практикада мұндай ұйымдардың өз ғимараты, тіпті территориясы бар, бұл – олардың экожүйесінің ажырамас бөлшегі", – деді мәжілісмен Смышляева.

Депутаттар Astana Hub-тың қатысушыларының жұмысын "көлеңкелі" санайды. Мысалы, олардың қаржылық тұрақтылығының қандай екені белгісіз. Технопарк өз хабарламаларында әлдебір жаңа өнімінің үлкен сұранысқа ие болып жатқанын жазады.

Бірақ одан елге қандай қайтарым болғаны, бюджетке қанша салық түскені белгісіз болғандықтан, бұл сырты қампайған, іші қуыс пиарға көбірек ұқсайды.

"Astana Hub резиденттері салықтан жаппай босатылған. Сонымен бірге, олардың қаржылық орнықтылығын анықтаудың тәртібі әлі күнге дейін әзірленбеген! Ал, заңда осыны талап ететін тиісті норма бар. Жаһандық түгіл, біздің отандық нарықтың өзі төл шешімдерінің барына қарамастан, жаппай импортты пайдаланады. Сонда отандық кәсіпкерлерімізді кім үшін өсіріп жатырмыз? Цифрлық өнімдер тек экономикаға ғана емес, технологиялық егемендікке де ықпал етеді", – деді Екатерина Смышляева.

Осыған орай Мәжіліс Үкіметке ұсыныс енгізіп, бұдан былай Astana Hub резиденттерінің қаржылық орнықтылығын олардың резиденттік үшін технопаркке аударатын міндетті жарналары бойынша бағалауды ұсынды.

Депутаттарға жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Astana Hub резиденттерінің қаржылық орнықтылығын бағалау мәселелері пысықталып жатқанын жеткізді. Бұл тұрғыдағы талаптар керісінше, әрі қарай жұмсартылады.

"Қазіргі кезде Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзетулер әзірленді. Оған сәйкес, тізілім-реестрде тұрған ІТ-компаниялардан қаржылық орнықтылығының болуы туралы талаптар алынып тасталады. Бұған қоса, бүгінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға да түзетулер жобасы жазылып жатыр. Ол бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдарға бірегей ІТ-өнімдерді еш конкурс өткізбей-ақ, бір көзден сатып алуына мүмкіндік беру ұсынылады", – деді Премьер-министр.

Ол еліміздегі осы салада ірі өзгерістер жүріп жатқанына назар аудартты. Мысалы, бұған дейін Цифрлық даму министрінің 2024 жылғы 1 қазандағы бұйрығына сәйкес, "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қоры (ИТП ДКҚ) ресми түрде "Astana Hub" халықаралық технопаркі болып танылды. 

"Назар аударамыз, бұл – Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 23 қарашадағы "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қорын қайта ұйымдастыру туралы" №1028 қаулысына сәйкес жүргізіліп жатқан кең ауқымды қайта ұйымдастырудың бірінші кезеңі", – деп хабарлады Astana Hub.

Ол өз резиденттеріне "бұл өзгерістердің технопарк қатысушыларының қолданыстағы жеңілдіктеріне әсер етпейтінін" жеткізді. Тек технопарктің ұйымдастырушылық-құқықтық және функционалдық формасы өзгеріп жатыр.

Өз кезегінде Олжас Бектенов "ЭКСПО-2017" көрме кешенінің қаптаған нысаны да Astana Hub-қа берілгелі жатқанын хабарлады.

Оның мәліметінше, технопарктің арендаторы QazExpoCongress компаниясының балансында жалпы ауданы 25 гектарды құрайтын территория бар.

Оның ішінде жалпы аумағы 530 мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттар кешені мен олардың жерасты автотұрақтары орналасқан. Кеңселердің ауданының өзі 180 мың шаршы метрге жетеді.

"Қазіргі уақытта Цифрлық даму министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы пысықталуда. Оның аясында "QazExpoCongress" иелігіндегі павильондарды "Инновациялық технологиялар паркіне" беру мәселесі қарастырылады", – деді Үкімет басшысы Бектенов.

Ол "Инновациялық технологиялар паркінің" өңірлерде бөлімшелері құрылғанын жеткізді. Аймақтарда 18 IT-хаб іске қосылыпты. Олар жергілікті дарындардың стартаптарын дамытуға септесуге, өнертапқыштарды қолдауға және жаңа жобаларына өмірге жолдама беруіне көмектесуге тиіс.

Өз кезегінде ИТП өңірлік хабтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Мысалы, әдіснамалық сүйемелдейді. Менторлық, білім беру және бизнес бағдарламаларын жүзеге асырады. Өзге де іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуге жәрдемдеседі, жөн-жоба нұсқайды.

Бұдан бөлек, Қостанайда, Қызылордада және Маңғыстауда, яғни, алып еліміздің әр түкпіріндегі ІТ-хабтар базасында технологиялық орталықтар ашылды.

Өңірлік хабтарға инноваторлар 460-тан астам стартап-идеяларын ұсыныпты. Бүгінде өңірлердегі 186 IT-компания "Astana Hub-тың" қатысушысына айналған. Осыдан-ақ, ауыл-аймақта өнертапқыштар жетерлік екенін аңғаруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу