Аружан Сағындықова Аустралия ашық біріншілігін жеңіспен бастады

2309

17 жастағы қазақстандық теннисші Аружан Сағындықова Аустралия ашық чемпионатының жұптық сайысында екінші кезеңге өтті. Мельбурндағы жасөспірімдер арасындағы жарыста ол ресейлік теннисшімен бірге өнер көрсетуде.

Аружан Сағындықова Аустралия ашық біріншілігін жеңіспен бастады

Турнирдің алғашқы айналымында Сағындықова мен Екатерина Хайрутдинова тағы бір ресейлік теннисші Мирра Андреева мен польшалық Малвина Ровински жұбын 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Ойын бір сағат үш минутқа созылды. Енді екінші айналымда Сағындықова мен Хайрутдинова Грекиядан келген Михаэла Лаки және Димитра Павлоу жұбымен сынға түседі.

Айта кетейік, жекелей сында Аружан бірінші айналымдағы кездесуде жеңіліп қалған болатын. Дегенмен жұптық сында сәтті өнер көрсетуде.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші Максим Батютенко жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Аустралияның ашық біріншілігіндегі өнерін жалғастыруда. Жарыстың алғашқы айналымында 16 жастағы теннисші британиялық әріптесі Мэттью Ранкиннен 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Қазақстандық қарсыласына қарағанда әлдеқайда жинақы ойнап, өзіне сенімді болды.

Бірақ, Максимнің екінші айналымдағы қарсыласы осал емес. Ол осы жарыста жетінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Литвадан келген Эдас Бутвилас. Дегенмен бірінші айналымда ол онша сенімді ойын көрсеткен жоқ және француз Артур Хеаны шешуші тай-брейкте ғана ұтты – 6:7 (5), 7:5, 7:6 (2).

ITF жасөспірімдер рейтингінде Бутвилас 11-ші орында тұрса, Батютенко 55-ші орында. Эдас әлемнің 59-шы ракеткасына қарсы жекпе-жекте қиындықтарға тап болғанына қарағанда Максимге бұл ойында өзіне деген сенімділікті жоғалтпау керек.

Өткен аптада Эдас Тралгонда (Аустралия) өткен J1 турнирінде финалға шықты, ал Максим онда тек екінші айналымнан әрі аса алмады. Литвалық үшін бұл алғашқы Аустралия ашық чемпионаты. Бірақ өткен жылы ол Уимблдонның екінші кезеңіне өтіп, АҚШ ашық чемпионатында дебют жасады. Бутвилас жекелей сында ITF Juniors турнирінің үш дүркін жеңімпазы. Ол J5 санатында екі рет және J2 санатында бір рет жеңіске жетті. Сондай-ақ, литвалықтың жұптық ойынында 11 титулы болса, қазақстандық теннисші екі турнирде жеңіске жеткен екен.

Осылайша Максимді екінші айналымда тартысты кездесу күтіп тұрғаны анық. Батютенко мен Бутвилас арасындағы матч сейсенбі, 25 қаңтарда өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу