Арыны күшті "Астана", қарқыны қайтқан "Қайрат"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2877

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында үш турдың ойындары өтіп, елорда клубы суырылып алға шықты.

Арыны күшті "Астана", қарқыны қайтқан "Қайрат"

Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың ойындары аяқталды. Алғашқы үш турда еліміздің төрт дүркін чемпионы көсіле шауып, көш бастады. Әрі "Астана" үш ойында жеті гол соғып, өз қақпасына әлі бірде-бір доп жіберген жоқ. Әуелі "Ақжайықты" (3:0), одан кейін түзде "Жетісуды" (2:0), содан соң "Қайсарды" (2:0) тізе бүктірді. Маусым басында бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстап, кетіп қалса да, оның көмекшісі Григорий Бабаянмен қамшыны басып келеді.

Екінші орында "Ордабасы" тұр. Шымкент клубы да үш ойында жеңіске жетті. Бірақ оңтүстікқазақстандықтардың аяқ алысын "Астананың" қарқынымен салыстыруға да келмейді. Өз алаңында "Шахтер" мен "Қызыл-Жарды" 2:1 есептерімен ұтып, түзде "Атырауды" күмәнді пенальтидің арқасында жеңді. Десек те, үш рет жеңіске жеткені рас.

Алматының "Қайраты" жанкүйерлерін жабырқатып, үшінші орында тұр. Бастапқы турларда ойын өрнегі үйлеспей, екі рет өз алаңында әупіріммен жеңіске жетті. "Қызыл-Жардан" ұтылып жатып, матч соңында екі доп салып, бағы жанды. Одан кейін "Атыраумен" кездескен. Төреші қонақтарының бір ойыншысын 34-минутта алаңнан қуып, бір сағаттай уақыт кем құрамда ойнаған қонақтарының қақпасына екі гол соқты. Ал үшінші турда "Ақтөбемен" түзде тең түсіп (1:1), екі ұпай жоғалттты. Ең сорақысы, құрамын әлі сапырылыстырып, ойынын түзей алар емес.

Төртінші орында – "Ертіс". Қоржынында алты ұпайы бар. Бір қызығы, Павлодар клубы биылғы маусымды батыстың үш командасымен бастады. Өз алаңында "Атырауды" да, "Ақтөбені" де 2:1 есебімен ұтқанымен, Оралға барып, жеңілістің кермек дәмін татты. Нақтырақ айтқанда, "Ақжайықтан" 0:1 есебімен ұтылды.

"Тобылдың" да алты ұпайы болғанымен, доп айырмасына байланысты бесінші сатыда тұр. Қостанай клубы түзде "Жетісуды" тізе бүктіргенімен (1:0), өз алаңында "Шахтерге" тура осындай есеппен есе жіберіп алып, көпшілікті таң қалдырды. Есесіне үшінші турда "Қызыл-Жарды" 2:1 есебімен сүріндірді.

"Ақтөбе" мен "Шахтер" 6-7 орындарды бөлісіп тұр. "Ақтөбенікі" ерлік деуге болады. Себебі клубтың бұрынғы қарыздарына байланысты, Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасы жаңа ойыншылар тіркеуіне тыйым салған. Сөйтіп алғашқы екі турды қосалқы құрамымен өткізді. Былтырғы құрамынан қалған аздаған ойыншыларына өрімдей жастарын қосып, додаға салды. Қызылордада "Қайсарды" сан соқтырып (1:0), Павлодарда "Ертіске" есе жіберіп алды. Үшінші турдың қарсаңында маусым басында келісімшартқа отырған жаңа ойыншыларын және легионерлерін тіркеуге рұқсат берілді. Сөйтіп, "Қайратпен" кездескенде, негізгі құрамын шығарды. Әрі, жоғарыда жазғанымыздай, "итжығыс" түсті.

"Шахтер" болса, Шымкентте шалыс басып, "Ордабасы" клубынан ұтылып қалды. Бұдан кейін Қостанайда "Тобылды" тобықтан шалды (1:0). Бірақ үшінші турда "Жетісуды" жеңе алмай, тең ойынды қанағат тұтты (1:1).

"Ақжайықтың" да әзірше төрт ұпайы бар. Бірақ доп айырмасына байланысты сегізінші орында тұр. Бірінші турда елордада "Астанаға" төтеп бере алмады (0:3). Одан кейін Қызылодаға барып, "Қайсармен" ұпай бөлісті (1:1). Ал өз алаңында "Ертісті" "етпетінен" түсіріп, жанкүйерлерін риза қылды.

9-10 орындарды "Жетісу" мен "Қайсар" бөлісіп тұр. Екеуінде де – бір ұпайдан. Былтыр ғана бірінші лигада ойнаған Талдықорған клубы алғашқы екі турда азулы командаларға тап болды. Одан кейін "Шахтермен" итжығыс түсті. Жалпы, бастапқы қарқыны жаман да емес.

Ал "Қайсарға" жанкүйерлері – өкпелі. Бірінші турда қара басып, өз алаңында ойнаса да, "Ақтөбенің" жас футболшыларынан ұтылып қалды. Одан кейін "Ақжайыққа" азуы батпай, тең түсті. Ал үшінші турда "Астанаға" қайрат көрсете алмады. Осы үш ойында шабуылы шабан екені байқалып қалды.

Тоғыз жылдан кейін премьер-лигаға оралған "Қызыл-Жар" 11-орынға орналасты. Үш ойында да 1:2 есебімен ұтылды. Бірақ қандай командалардан?! "Қайрат", "Ордабасы", "Тобыл" секілді азулы ұжымдарға есе жіберіп алды. Бірақ футболшыларының талпыныстары, жанкештіліктері – адам қызығарлықтай. Табандылық танытса, жеңіс те көп күттірмес.

Соңғы орында – "Атырау". Мұнайлы өлкеге жараспайды, әрине. Түзде "Ертіс" пен "Қайраттан" ұтылса, өз алаңында "Ордабасы" клубына есе жіберіп алды. Ойындары үйлеспей жүр. Бас бапкері Вахид Масудов бір амалын таппаса, жағдайлары қиын болады.    

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу