Арыс – ар ісі

4206

Әлеуметтік желіде Қарағанды облысының Ақтас ауылының тұрғыны Евгений Хисметовтың Арысты қалпына келтіру жұмысына екі ай бойы ерікті ретінде қатысқаны қызу талқылануда.

Арыс – ар ісі

Әңгімені  Евгенийдің өз сөзімен баяндасақ.

"Маусымның 25 күні ұялы телефоныма келген видеолардан есеңгіреп қалдым. Шамалыдан соң, "Мына жаққа барып көмектесуім керек" деген ой келді. Дәл сол күнге билет таппадым. 26 маусым күні жолсеріктермен келісіп жүріп, пойыздың тамбурында Балқаштан бір адам түскенше дейін тұрып бардым. Не керек, мен Шымкентке 28 маусым күні жеттім. Еріктілерге Арысқа кіруге рұқсат берілісімен, сол жаққа беттедім. Еріктілер жұмыс істеп жатқан штабты қаланы екі айналып жүріп әрең таптым. Штаб мешітте орналасқан екен. Алғашқы күндері арыстықтарға азық-түлік, киім-кешек тасумен, іріктеумен айналыстым. Содан кейін, құрылыс жұмыстарына араластым. Ең әуелі, жолыққан бригада - Атырау бригадасы болды. Жігіттерге мән-жайды айтып ем, сөзге келмей қатарларына алды. Кейіннен әр қаладан келген құрылыс бригадалары бар екенін білдім. Бірақ өліп-талып жұмыс істеп жүрген соң, оларды іздеп баруға уақытым болмады, әрі, жігіттермен үйренісіп кеттім.

Интернетте істеліп жатқан жұмысқа көңілі толмағандардың бар екенін Қарағандыға келіп біліп жатырмын. Біз ол жақта таңғы сегізден түнгі он бірге дейін дамылсыз жұмыс істедік. Құрылыстың алғашқы күндері қираған үйлерді бұзуға, одан кейін ірге тасты құюға көмектестім. Кейін қоймадан жұмыс топтарына материалдарды үлестіруші болдым.

"Күннің ыстығынан және тоқтаусыз жұмыстан зорығып кеткендер де болды. 20 келіге дейін тастаған жігіттер бар. Менің өзім 10 келідей салмақ тастаппын. Жұрт менен батыр жасап әуре болуда. Ал, мен нағыз Терминаторларды көзіммен көріп, ортасында болып келдім. Арыста жұмыс істеген әр азаматымызбен мақтануымыз керек",- дейді бүгінгі заманның батыры Евгений Хисметов.

Ал, енді Евгений жайлы аз-кем ақпарат. Ол – бокстан спорт шебері, қайырымдылықпен айналысатын жеке қоры бар. Үш баланың әкесі, адал жар. Аз қамтылған отбасы балаларын бокс спортына үйретеді. Шәкірттері қалалық және облыстық жарыстарда топ жарып жүр. 2-3 шәкірті халықаралық жарыстарда да бақ сынаған.

Бала-шағаңыз, келіншегіңіз сіздің бұл әрекетіңізге қарсы болмады ма деген сұрағымызға ол: "Бұл - ардың ісі. Отбасым шешімімді құп көрді. Менің қайырымдылықпен айналысатынымды бұрыннан біледі ғой. Бірақ ұзақ уақытқа кетіп тұрғаным осы болды", - деген жауап алдық.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев мырза Евгений жайлы "Өзінің бала-шағасының жағдайын ойламай, несиесінің барлығына қарамай, Арысқа қолғабыс етуге барған жерлесімен мақтанамын" деп  жазды.

Айсұлтан Жақыпов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу