Арыс: Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі секторда шағым көп

2986

Арыс қаласындағы жарылыстан қирап қалған Майлы Қожа көшесіндегі көп қабатты 110-шы үйді жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.

Арыс: Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі секторда шағым көп

9 секторға қарайтын 44 пәтерлі үйдің есік-терезелері шілдеде болған жарылыстардан шашылып қалған. Арадан ай өтсе де, мұнда жөндеу жұмыстары басталмапты. Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі бұл аумақта екі апта бұрын тек тазалау жұмыстары жүргізілген екен.

"Қиранды  есік-терезені жинағаны болмаса, келіп шеге қаққан жан көрмедік", – дейді ашуға булыққан арыстықтар. Солардың бірі – 24-пәтердің иесі Гүлсім Нарматова.

"Алғашында "Полет" деген компания өкілдері келіп сынған есік-тереземізді жинастырды. Содан бері қанша уақыт өтті. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге ниеттенген жан көрмедік. Жел терезеден кіріп, есіктен шығады. Бір айдан бері шаң-топырақтың астында отырмыз. Кешегі аптап ыстықта қатты қиналдық. Ертең мүгедек немеремді Нұр-Сұлтан қаласына емдетуге әкетуім керек. Бірақ, ашық-шашық пәтерімді тастап кетуге қорқамын. Тонап кетуі мүмкін. Кеше онсыз да газ баллонымды ұрлап кетіпті", – деді ол.

Осы көпқабатты үйдің 4 қабатында тұратын Айзат Досалиева тұратын пәтердің сыртқы есігі жарлыс кезіндегі күшті толқыннан қисайып, құлыптауға келмей қалған. Балкон терезесінің де әйнегі шағылып, сүйегі қабырғадан ажырап қалыпты. Айтуынша, бұған дейін бірнеше құрылыс компаниясының өкілі келген. Олар мінез көрсетіп, дікеңдеп сөйлеп кетіп қалыпты.

Тұрғындардың арызын арқалап, Нұр-Сұлтан қаласының штабы орналасқан кеңсеге бардық. Штаб басшысы Руслан Ахметов алғашында 110-үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтып, "қалай байқамағансыз"  деп өзімізді кінәлі қыла жаздады. Екеуміз тіпті сол көпқабатты үйге бірге баруға келісіп те едік. Дегенмен, астаналық азамат артынша ең көп үйдің Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі секторда екенін, 30 шақты құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатқанын айтып ақталғандай болды.

"4 қабатты үйде "Kaz industrial" құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Есік, терезелеріне тапсырыс беріп, шатырын жөндеуде. Терезелерін қойып болған соң, сырлау жұмыстарына көшеді. Бізге ақша бөлініп жатыр. Соған сай жұмыс жасап жатырмыз", – дейді Руслан Ахметов.

Осы сәтте Майлы Қожа көшесіндегі үйлерге есік-терезе орнататын мердігер мекеменің өкілі кеңсеге кіріп келді. Бір қызығы, өзін Досымжан деп таныстырған бұл азамат Kaz industrial емес, "Строй Инновейшн" құрылыс компаниясының құрылтайшысы екенін айтты. Оның сөзіне сенсек, 110-үйдің есік-терезелері дайын.

"Демонтаж жұмыстарын бастадық. Тапсырыс беруші жұма күні ақша аударған. Алайда, демалыс күндері ол ақша біздің компанияның шотына келіп түспеді. Ақша түскен кезде біз жұмысты бастаймыз. Есіктердің өзіне 9 миллион теңгедей, шатырына 10 миллион теңгеден астам қаржы қажет", – дейді компания өкілі.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу