"Арыс жоқ" – жарылыс куәгерлер көзімен

5810

Бас сауғалап қашқан халықты эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

"Арыс жоқ" – жарылыс куәгерлер көзімен Фото: Арай Есенбек

Кеше таңертең Арыс қаласында болған күшті жарылыс кезінде бас сауғалап қырға қарай қашқан шаһарлықтардың алдыңғы легін төтенше жағдай қызметкерлері  автобус, ауыр жүк көліктерімен Ордабасы ауданы Мақташы ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепке алып келді. Құшағындағы нәрестесінен бір елі ажырамаған ананың алғашқы сөзі "су" болды. Бір жұтымнан кейін көз жасына ерік берген әйелдер, "Арыс жоқ, Арыс жоқ"- деп қайталаумен болды. 

"Үйде жатқанмын. Кенет күшті жарылыстан терезем сына жаздады. Далаға шықтым да, көршінің бірдемесі жарылды екен деп, басымды жуып жұмысқа кетпек болып  қайта үйге кіріп жатыр едім, адамдар тапырақтай бастады. Не болды деп сұрағанымда, әскери база жарылып жатыр деді. Содан үйге кірдім де, киімге қарамай бауырларымды алып сыртқа шықсам, бөлелерім де шығыпты. Солармен қосылып, кетіп бара жатыр едім, жанымызға "тарс" етіп түсті"- дейді Арыс қаласының тұрғыны Назарбек Сансалбеков.

"Дәл мектептің жанынан 10 рет атылды. Мектепті дүр сілкіндірді. Біз жертөледе отырдық. Онда 50 адамдай болды. Бір кезде күшті жарылыс болып, гүрілдеген дауыс шықты. Бізге су келеді деді. Біз содан кейін 5 литрлік баклашкаларды байлап, батып кетпеуге дайындалдық. Мұны Қазақстан тарихындағы ең күшті жарылыс десем болатын шығар", –  дейді Арыс қаласының тұрғыны Өмірбек Жәнібек.

Осы кезде құтқарушылар бұл азаматтарды қайта көлікке мінгізіп, Шымкентке қарай алып кетті. Айта кету керек, Арыста орын алған күшті жарылыста 2 адамның қаза тапқанын Түркістан облысының басшылығы мәлімдеді.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу