Арыста әскери қару-жарақ қоймасы жарылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7020

Жарылыстың салдарымен күреске армия жұмылдырылып жатыр.

Арыста әскери қару-жарақ қоймасы жарылды

Бүгін таңертең Түркістан облысында орналасқан Арыс қаласының тұрғындары әскери бөлімдегі қуатты жарылыс дүмпуінен шошып оянды.

Азаматтар жарылыстың бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде бөлісуде.
Осы оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті түсініктеме берді.

"Бүгін таңғы 09:20-да өртке қарсы қызметке қоңырау шалынып, Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына дереу Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамының 30 адамы және 8 өрт сөндіру техникасы тартылды", – деп мәлімдеді ақпарат құралдары өкілдеріне ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Оның айтуынша, зардап шеккен адамдар туралы мәлімет жоқ.

Айта кету керек, бұл отандық әскери қоймалардағы алғашқы жарылыс емес. 2009 жылы осы Арыстағы әскери бөлімде ұқсас оқиға болды: дұрыс сақтамау және пайдаланбау салдарынан жарылғыш заттар қоймасы отқа оранып, утилизацияланған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан 3 жауынгер қаза тапты, тағы 17 әскери әртүрлі жарақат алды. Ол жолы сырттан диверсияның немесе лаңкестіктің болуы жоққа шығарылды. Қоймадағы жарылыстың себебі ретінде жарылу қаупі бар заттарды дұрыс сақтамау және лайықсыз жұмыс аталды.

Шымкент қаласы ТЖД ақпараты бойынша бүгінгі төтенше жағдай "ҚазАрсенал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумағында орын алған. Оның айналасынан жедел түрде тұрғындар аулаққа әкетілген. Оқиға орнында құтқарушы отряд және апат медицинасы орталығының мамандары жұмыс жүргізуде. Ақырғы ақпарат солардың жұмысының нәтижесінде хабарланбақ.
Әлеуметтік желілерде куәгерлер түсіріп, таратып жатқан бейнежазбада жарылыстан кейін түтіннің аспанға дейін көтерілгені, ізінше қуатты жарылыстың толқыны тұрғын үй орамдарына дейін жеткені бейнеленген.

Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімі Арыс қаласының іргесінде орналасқан. Ведомствоға хабарласқанымызда, министрлік оқиға бойынша қысқаша түсініктеме берді:
"Шынында, 24 маусым күні Қазақстан Қарулы күштерінің Түркістан облысының Арыс елдімекені жанында орналасқан арсеналдарының бірінде өрт болып, ол оқ-дәрілердің бір бөлігінің жарылуына соқтырды. Қазіргі уақытта құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталуда. Қорғаныс министрлігінің басшылығы оқиға орнына арнайы құрылған комиссияны бағыттады. Қарулы күштердің жеке құрамының күшімен оқиға салдарларын азайту және жою бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды", – деп мәлім етті қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу