"Мен сiздермен бiрге 1 ай Арыста тұрамын" – Шөкеев

63547

Облыс әкімі Арыс халқымен бірге болуға уәде берді.

"Мен сiздермен бiрге 1 ай Арыста тұрамын" – Шөкеев

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, халықты сабырға шақырды.

"Бұл – өте күрделі апат. Бір қаланы түгел алып шығу деген оңай шаруа емес. Айналайын, халқым, біз сіздердің бастарыңыздағы ауыртпашылықты түсінеміз. Біз ел болып, жұрт болып осы қиындықты көтереміз. Елбасы, үкімет, еліміздің барлық облыстары, бүкіл халық көмек қолын созып жатыр. Қазір үлкен де, кіші де Арысқа алаңдап отыр. Біз қиын жағдайдан шығып келе жатырмыз. Өз-өзіміздің абыройымызды түсірмейік. Арыстағы қару-жарақ қоймасы түгел жойылады. Бұдан былай Арыста мұндай жағдай ешқашан болмайды", – деді Өмірзақ Шөкеев.

"Басыммен жауап беремін!"

Өмірзақ Шөкеев Арыста радиация жоқ екенін тілге тиек еткенде осылай деді.

"Арамызда арандатушылар бар, солар жалған сөз таратып жүр. Арыста радиация жоқ, мен бұған басыммен жауап беремін!", – деді ол.

Әкім халықтан рұқсат сұрады

Облыс әкімінің айтуынша, әскери қызметкерлер аулаларды, көшелерді, қоғамдық орындарды тексеріп, жарылмаған снарядтарды жинап жатыр.

"Бұл жердің барлығы қауіпті. Дәл қазір баруға болмайды. Мен әскери қызметкерлерді асықтырып жатырмын. Олар күн демей, түн демей жұмыс істеп жатыр. Кеше бір күнде 5 мыңнан астам жарылғыш зат табылды. Түсініп тұрсыздар ма, әскери қызметкерлерге үйлерге, аулаларға кіру керек. Бірақ заң бар. Заңға қайшы келмеу үшін облыс прокуроры жекеменшік үйлерге кіруге рұқсат берді. Әскери қызметкерлер тұрғындардың қауіпсіздігі үшін үйлерге кіруге міндетті. Сондықтан сіздерден де үйлеріңізге кіруге рұқсат сұраймыз", – деді Өмірзақ Шөкеев.

"Қалаға белгіленген тәртіппен кіреміз"

Әскери қызметкерлер қауіпсіздікке толық кепілдік берген кезде Арыс тұрғындары қалаға бірінші болып кіретінін баяндаған Өмірзақ Шөкеев: "Қалаға белгіленген тәртіппен кіреміз. Әскери қызметкерлер қалаға кіруге сағат алтыда рұқсат береміз десе, біз сағат төртте жиналып, барлығымыз ұйымдасқан түрде, автобуспен барамыз. Қалаға кірген кезде әр адамға қауіпсіздікке қатысты жадынама береміз. Сіздерді сапер, әкімдік қызметкері және учаскелік полиция қарсы алады. Олар үйлеріңізге сіздермен бірге кіреді. Үйдің ішін, сыртын суретке, видеоға түсіріп, қауіпсіздікке көз жеткізеді. Хаттама толтырады. Сіздер оған қол қоясыздар. Хаттама толтырылғаннан кейін келтірілген шығын анықталады. Кейін сол үйге жөндеу жұмысы жүргізіледі", – деді облыс әкімі.

"Қала бір айда қалпына келтіріледі"

Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдеуінше, Арыс 17 секторға бөлінген. Әр секторда 400-450 үй бар. Ол үйлерге Президенттің тапсырмасымен 17 облыстан құрылыс мамандарынан құралған мамандар келеді. Олар палаткада жатып, жұмыс істейді. Қала бір айда қалпына келтіріледі. 

"Мен күнде сіздермен бірге боламын. Бір ай осы жерде тұрамын. Барлығы аяқталғанша сіздермен жүремін. Арандатушылардың сөзіне сенбеңіздер, біз елміз ғой, елдігімізді танытайық. Айналайын халқым, сіздер жалғыз емессіздер, барлығы көмектесіп жатыр, сабыр сақтайық. Айналайын, халқым, берекемізді бұзбайық. Әрі кетсе бір-екі күнде қалаға кіресіздер. Снаряд жарылмайды, оның 70 пайызы жарылып бітті. Қалған қару-жарақтың барлығын алып кетеді. Қару-жарақ қоймасы түгел жойылады. Саперлар кезекшілікте болады. Күдікті нәрсе көрсеңіздер, бірден 112 деген номерге хабарлау керек", – деп қорытты сөзін облыс әкімі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу